Аллаға мың да бір шүкір, еліміз егемендігін алғалы бері ислам дініміз, тіліміз өзімізге оралып, халықтың дінге деген көзқарасы өзгеріп, исламға деген құрметіміз артуда. Бүгінде мемлекетімізде мешіттер саны көбейіп, дін қызметкерлерінің білімі артып келеді.
Алла тағаланың рахымымен исламның қарқынды дамуы және мұсылмандар санының, әсіресе жастардың, дінге деген ықылас-ынталары арта түсуі байқалуда. Өкінішке қарай, қазіргі таңда қоғамда ислам дініне қайшы келетін көптеген ағымдар пайда болуда. Себебі жастар мешіт-медреселерден тыс жерлерде, яғни өздігінен интернет, сол сияқты тағы басқа ақпарат құралдары арқылы әр нәрсеге әуес болып жүр. Пайғамбарымыз Мұхаммед салалаху ғалейхи уассалямның мүбәрак хадис шарифінде «Мен сіздерге екі нәрсе қалдырып барам, одан бекем ұстаныңыздар, адаспайсыздар, ол – Алланың кітабы Құран және менің сүннетім» деген. Құранды және сүннетті дұрыс түсінбеуі салдарынан баз бір жастар кертартпа ағымдардың жетегіне еруде. «Терроризм» сөзі араб тілінде – «ирхаб», яғни қорқыту, үркіту деген мағынаны білдіреді. Терроризм өз нысанасына бейкүнә адамдарды таңдап, жас-кәрі демей, аяусыз өлтіруді мақсат тұтады. Халықаралық терроризм және діни эстремизм асыл дініміз исламға залалын тигізуде. Террористер – Құранның негізгі қағидаларын білмейтін діни сауатсыз адамдар. Алла тағала адамдарға өзі белгілеген шектен шықпауды бұйырады және жерде зұлымдық жасауға, әділетсіздікке, зорлыққа, зомбылыққа, қан төгуге тыйым салады. Әлемде болып жатқан террорлық әрекеттер мен исламның ешқандай байланысы жоқ. Ислам сөзі «бейбітшілік, амандық, есендік» деген мағынаға саяды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен мешіт қызметкерлерінің алға қойған міндеті адамзатты алаңдатып отырған басты мәселе терроризмге және діндегі теріс ағымдарға қарсы күрес, жастар арасында имандылықты уағыздау және елімізде халықтар арасында тыныштықты сақтау болып табылады. Өйткені дініміз қашанда тыныштықты, адамдар арасына жік салмауды, адамгершілікпен тату-тәтті өмір сүруді бұйырады. Қандай жағдай болмасын, еліміздегі әртүрлі діни құбылыстарға төтеп беру үшін діни сауаттылықпен қатар, біртұтастық пен бірлігіміз керек. Қасиетті Құран Кәрімде: «Бүлік шығару адам өлтіруден де бетер» (Бақара сүресі, 217-аят) деп бұйырылады. Ал хадис-шарифтердің бірінде: «Намаз, ораза және садақадан да артық бір нәрсе – жарастыру, татуластыру...» – деп, бүлінгенді бүтіндеу, бұзылғанды түзеу мұсылманның қасиетті борышы екенін жеткізеді. Олай болса, қоғамның тыныштығы мен бақ-берекесі үшін күресу – қай-қайсысымыздың да міндетіміз. Лайым, ел азаматтарына осы үдеден шығуды жазсын деп тілейміз!
Қуандық Мұсаев, аудандық Төле би мешітінің бас имамы.
Шу ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді