«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Белсенділік танытамыз

Белсенділік танытамыз
ашық дереккөз
Белсенділік танытамыз

Майра Шәкірбаева, №4 балалар өнер мектебінің директоры.

Биыл ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толады. Әлбетте, бұл еңсесін тіктеп, ертеңіне сеніммен қарайтын мемлекетіміз үшін мерейлі мереке екені даусыз. Осы мереке аясында біз тарих үшін қас қағым уақыт – ширек ғасырда жеткеніміз бен бағындырғанымызды саралап, алған асуымыз бен шыққан биігімізге тәубе деп, өткенімізге көз тастай аламыз. Десек те, қазір әлемдік дағдарыстың салқыны біздің елімізді де қарып, кері әсерін тигізуде. Дағдарыс дамыған елдерді де, дамушы елдерді де қамтуда. Осы орайда Президентіміз мемлекеттің жұмысын, оның аппаратын кәсібилендіру жұмысын жақсарту жөнінде Ұлт жоспарын жүзеге асыру бойынша ел алдына асқаралы міндет қойды. Сол міндеттердің ішінде, әсіресе, 5 институттық реформаның орны бөлек. Ендігі жерде мемлекеттің жүйесі осы реформаға сәйкес дамуы шарт. Қазіргідей қиын-қыстау жағдайда депутаттар ойланып-толғанып, депутаттық корпусқа, оның ішінде Мәжіліске білікті, деңгейлері жоғары, заманға сай, Ұлт жоспарын кәсіби тұрғыда жүзеге асыра алатын депутаттардың келгені дұрыс деген тоқтам жасады. Сөйтіп, өздерінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде Президентке ұсыныс жасады. Мемлекет басшысы олардың ұсынысын қабылдап, бесінші шақырылған Парламент Мәжілісін тарату жөнінде, сондай-ақ Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Шынында да, біздің өміріміз, тағдырымыз мемлекетпен, оның ішінде мемлекеттің заңымен тікелей байланысты. Депутаттар ең сапалы заңдарды қабылдайтын болса, онда біздің халықтың әл-ауқатының артуына да, мемлекеттің дамуына да елеулі үлес қосады. Айта кету керек, біздің бірлігіміз – негізгі қуатымыз. Татулығымыз нық болса, алынбайтын асу жоқ. Президенттің «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында осы секілді көптеген орамды ойлар қаузалған болатын. Елбасы өз мақаласында реформаларды табысты жүзеге асыру үшін ең алдымен ел ынтымағы мен татулығы қажет екеніне баса көңіл аударған. Шын мәнінде, бірліксіз, татулықсыз нәтижеге жету мүмкін емес. Ортақ істе бірлесіп, жұмыла алар болсақ, бізге ештеңе де кедергі емес. Осы орайда, мен Елбасының «Біздің жолымыз – ол бірлік жолы және азаматтық біртектілік негізінде ұлтты дәйектілікпен қалыптастыру жолы» деген сөзіне екпін бергім келеді. Бүгiнгi таңда бейбiтшiлiк пен тұрақтылықты, ынтымақ пен бiрлiктi нығайтудың қоғам мен мемлекеттiң, елiмiздiң барша азаматтарының күш-жiгерiн жұмылдыру жолында маңызы зор. Сондықтан, біз Мемлекет басшысының бесінші шақырылған Парламент Мәжілісін тарату және Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлығын толықтай қолдаймыз, сондай-ақ Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлаулары ұйымдасқан түрде ойдағыдай өтетініне сенім білдіреміз. Бұл – тәуелсiз елдiң болашағы үшiн жасалатын маңызды қадам.

Шақпақата ауылы, Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар