Өткен жылдың 31 қазанында Елбасы Н. Назарбаев Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық процестік кодексіне қол қойған болатын. Елбасының айтуынша, заңнама аясында барлық заманауи негізгі құқықтардың институттары қамтылған. Сонымен қатар, онда құқықтық жұмысымызды әлемдік озық стандарттар деңгейіне жеткізетін елеулі өзгерістер енгізілген. Жаңа кодекс жаңа жылдың 1 қаңтарынан бастап өз күшіне енді.
Осыған орай өңірлік коммуникация қызметінде «Бес институционалды реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын іске асыру барысы туралы» брифинг өтті. Онда облыстық соттың судьясы Ардақ Әкетаев жаңа кодекстегі өзгерістерді журналистерге жан-жақты түсіндірді. Жалпы, ескі Азаматтық процестік кодекс 1999 жылы қабылданып, осыған дейін оған 50 реттен астам өзгеріс енгізіліпті. Кейінгі үш жылдың өзінде өзгерістер енгізу туралы 20 заң қабылданған. Сондықтан жаңа редакцияны әзірлеу қажеттігі туындаған. Жаңа кодекстегі ең түбегейлі өзгеріс, біріншіден, Қазақстан жаңа жылдан бастап 5 буынды сот жүйесінен 3 буынды жүйеге көшті. Аудандық соттар – бірінші саты, облыстық сот – апелляция, Жоғарғы сот – кассация. Екіншіден, инвестициялық дауларды қараудың жаңа тәртібі енгізілді. Сол арқылы еліміздің жаңа жағдайда экономикалық даму үшін маңызды рөл атқаратын инвестициялық тартымдылығы арта түседі. Үшіншіден, азаматтық сот жүргізу ісінде ақпараттық технологиялар кеңінен қолданылып, соттың жұмысы ел үшін жариялы болады. Бұдан бөлек, татуластыру, яғни, медиацияның және сотқа дейін реттеу шарасын қолдану аясы кеңейеді, нәтижесінде сот жүйесіне жүктеме төмендейді. Ал, ең бастысы, дауды шешу мерзімі қысқарады. Мұнымен қоса, азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі сотқа прокурордың қатысуы азаяды. Іс жүргізудің жеңілдетілген түрі кеңінен қолданылады. Соттардың қарауындағы істер оңтайландырылады. Жаңа кодекс 55 тараудан, 505 баптан тұрады. Ал қолданыста болған кодекс 46 тараудан, 450 баптан құралған болатын.
Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді