«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бағдарлама арқылы байыған ауыл

Бағдарлама  арқылы  байыған  ауыл
ашық дереккөз
Бағдарлама арқылы байыған ауыл

Ақсай ауылдық округінің әкімі Ақылбек Ботагоевтың Дихан ауылының тұрғындары алдында берген есебінен осындай ой түйдік. Жиында ауылдық округ әкімдігінің халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған сан салалы жұмысы қорытындыланды. Есепті баяндамада халық саны, ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайы, жұмыспен қамтылуы, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларының жай-күйі жан-жақты қамтылды. Тұрғындардың салық берешегі жоқ, жер және мүлік салығы толықтай төленген. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында округке бөлінген 2,8 миллион теңге ауыл көшелеріне шағал тас төсеуге, Бауыржан Момышұлы мұражайы төңірегін абаттандыруға жұмсалған. Әкім аппаратының жеке шотында жергілікті төлемдер есебінен жинақталған қаржы жергілікті қоғамдастық шешімімен «Шапағат» балабақшасына ауыз су құбырын тарту, округ орталығындағы көрнекті тұсқа округ әкімдігінің хабарландырулары орналастырылатын электронды табло орнату, Қайрат және Дихан ауылдарындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішті көріктендіру, Мыңбұлақ орта мектебінің жылу трассасын жөндеу, елді мекендер көшелерін қыс мезгілінде қардан тазарту секілді мұқтаждарға бағытталған. Баяндамашы округ тұрғындарының жеке аулаларында және шаруа қожалықтарында мал басының жыл санап артып келе жатқанын қанағат сезімімен атап көрсетті. Күнкөрістің денін жер мен малдан айырып отырған ауылдықтар мал басын арттыруда мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді пайдалануға күш салуда. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Асхат» шаруа қожалығы 60 бас ірі қара, «Құлан» бағдарламасымен «Жанболат» шаруа қожалығы 39 бас жылқы сатып алған. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғыны Ж.Таубасова 1 миллион теңге несие алып, мал бордақылаумен шұғылдануда. Тек соңғы үш жыл ішінде Дихан ауылында 28 мал қора салынған. Демек, мал қоралары мен ауыл үстіндегі Ақсай аңғары, Тобышақ сайы секілді жайылымдардың төрт түлік малға толатын күні алыс емес. Ауылдық округ әкімі А.Ботагоев шаруалар назарын ауыл шаруашылығы өнімдерін әртараптандыру, ұсақ шаруа қожалықтарын ірілендіру және тағы басқа маңызды проблемаларға аударды. Есеп беру жиыны барысында сөз алған ауыл тұрғындары Әлжапар Кемелов, Жамал Ботагоев, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев, басқа да азаматтар ауылда бірқатар шешімін күткен мәселелерді көрсете келіп, ауылдық округ әкімінің жұмысына қанағаттанарлық баға берді.

Абылайхан СӘРСЕН. журналист.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар