«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Реформаның мақсаты – кәсіби мемлекет құру

Реформаның мақсаты –  кәсіби мемлекет құру
ашық дереккөз
Реформаның мақсаты – кәсіби мемлекет құру

Мұратхан ШҮКЕЕВ, Байзақ ауданының әкімі.

Бүгінгі таңда жаһандық қаржы дағдарысы мен дүниежүзіндегі саяси ахуал барлық мемлекеттерге өз салқынын тигізуде. Қым-қуыт кезеңдегі дағдарыстан шығудың жолдарын, одан әрі қарай дамуымызды айқындап берген Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы, Индустрияландырудың екі бесжылдығы, «5 институционалды реформа» және оны іске асырушы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының алатын орны айрықша. Әсіресе, Елбасы «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында 2016 жылдың 1 қаңтарынан «5 институционалды реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталды» деп атап өтті. Шындығында да, Ұлт жоспарында Қазақстанды кең ауқымды жаңғырту жобасында тұтас мемлекеттің дамуын жоғары әлемдік стандарттарға сәйкес белгілеу, оның ішінде мемлекетті кәсібилендіру, шығынсыз экономикаға қадам басу, инновациялық индустрияландыру негізінде елімізді тереңдете жаңғыртудың негізгі бағыттары жүйеленіп, атқарылатын нақты қадамдар көрсетілген. Елбасы мемлекетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін қағидатты жаңа құқықтық орта қалыптастыратын 59 заң күшіне енгенін және олардың біздің қазақстандық арманымыз – ХХІ ғасырда көшбасшы отыз ұлттың бірі болуға қол жеткізуімізге жол ашатынын тілге тиек етті. Жүргізіліп жатқан реформалардың басты міндеті – кәсіби мемлекеттік аппараттың, мемлекеттік басқарудың халыққа адал қызмет етуге бағытталған үлгісін қалыптастыру ел басқаратын, елге қызмет ететін мемлекеттік аппараттың кәсібилігіне тікелей байланысты. Әкімшілік мемлекеттік қызметшінің мансабы оның біліктілігі және жинақтаған тәжірибесі есепке алына отырып, мемлекеттік қызметке орналасу тек кешенді іріктеу мен жұмысты тек төменгі лауазымдардан бастаудың нәтижелері бойынша жүргізіледі. Мұнымен қатар, мемлекеттік қызметшінің жұмыс тәжірибесі, мансаптық ілгерілеуінің басты шарты болады және мұнда да тек конкурстық негізде жүзеге асырылады. Мемлекеттік қызметке ашық конкурс арқылы және Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімі бойынша келісімшарттық негізде мемлекеттік емес сектордағы басқарушылар қатарынан азаматтар және шетелдік менеджерлерді тартуға мүмкін болады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшіге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі оның біліктілігі мен атқаратын жұмысының сипатына, көлемі мен нәтижесіне байланысты заң тұрғысынан бекітіледі. Аса нәтижелі қызмет үшін бонустар төлеу қарастырылып отыр. Мұндай жүйені 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу жоспарланғаны баршамызға белгілі. Жалпы, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілер – мемлекеттік сала қызметін іске асыратын, Тәуелсіз мемлекетіміздің негізгі құраушы бөлігі. Аудан әкімі аппараты, әкімдіктің бөлімдері мен ауыл, ауылдық округ әкімдері аппараттарында жалпы штат бойынша 213 мемлекеттік қызметші болса, бүгінгі таңда 198 мемлекеттік қызметші еңбек етуде. «Біз көптеген сынақтарға абыройлы төтеп бердік, шынықтық, рухымызды күшейттік. Біз жаңа Қазақстанды – Ұлы Дала елін құрдық. Ұлт жоспарын орындай отырып, біз өзіміздің Ұлттың Өрлеу Дәуірінің көкжиектерін кеңейтеміз, өзіміз Тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген және бізге жаһандық даму берген барлық мүмкіндіктерді пайдаланамыз. Әлемде, сөз жоқ, үшінші әлемнен біріншіге қадам басқан елдердің мысалдары бар. Біз олардың жарқын тәжірибелерін зерттейміз және ескереміз. Қазір біз экономиканың, мемлекет пен қоғам дамуының ең табысты жаһандық модельдерін өлшем ретінде аламыз. Бүгінде әлемде өзінің жалпыұлттық арманын ұмыт қалудың жүзжылдығынан шыға отырып, әлемнің ең ұлы ұлттарымен бір қатарда тұру тұрғысында бейнелейтіндер кемде-кем. Біз Қазақстанның осынау тарихи тағдырына сенеміз. Мен қазақстандықтарды Ұлт жоспарын жүзеге асыруға және реформаларды жүргізуге барынша белсенді қатысуға, олар ашатын мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын. Біз өзіміздің қазақстандық арманымыздың орындалуына және Қазақстанның өркендеуіне сенімді түрде қол жеткізетін боламыз!» – деді Мемлекет басшысы. Қазіргі жаһандық дағдарыстың салдарынан экономикамыз тап болған бүкіл қиындықтарға қарамастан, халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған әлеуметтік қолдау толығымен көрсетілуде. Өңірлерді дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, бәсекеге қабілетті өнімдер шығару жолында ауданымызда да көптеген жұмыстар атқарылуда. Елбасының жаңа жылдың алғашқы күндерінде жарияланған мақаласы алда тұрған қиындықтарды жеңу үшін іргелі істерді атқаруға, туған Отанымыз үшін еселі еңбек етуге үндейді. Сондықтан, азаматтардың қажеттіліктері мен сұраныстарына жауап бере алатын кәсіби аппаратты құру бойынша алдымызда тұрған аса ауқымды міндеттер іске асқан мезетте мемлекеттік басқару жүйесіне деген халықтың сенімі ұлғая беретіндігі ақиқат.

Ұқсас жаңалықтар