Скрининг, бұл – ауруды алдын ала, бастапқы сатысында анықтау мақсатында жүргізілетін тексерулердің бір түрі. Қандай ауруды болсын ерте сатысында анықтаудың емдеу-сауықтыру ісінде де тиімділігі мол. Ересек тұрғындардың нысанды тобына 25-65 жас аралығында әр бес жыл сайын, сонымен қатар әйелдерге 52, 54, 56, 58 жаста скринингтік тексеруден өту ұсынылады (мұндай шара балалар арасында олардың жасөспірімдік кезеңіндегі анатомиялық-физиологиялық даму ерекшеліктеріне байланысты жүргізіледі). Жалпы, белгіленген мерзім аралығында ересектер арасында кездесетін қан айналым жүйесінің негізгі ауруларын, тоқ ішек пен тік ішектегі қатерлі ісіктерді, қант диабетін, глаукоманы, В және С вирусты гепатитін, әйелдер арасындағы жатыр мойны, сүт безі қатерлі ісіктерін бастапқы сатысында анықтауға скринингтік зерттеулер енгізілген. Бұл ретте айта кетерлік жай, нысанды топқа қан айналымы ауруымен ауыратын науқастар, гемодиализдегі емделушілер, қатерлі ісікпен есепте тұратын науқастар кірмейді. Ең бір қуанарлығы сол, бүгінде емханада өткізілген профилактикалық тексеру қорытындысы бойынша, ауруы анықталып, сауығуға бет алған науқастар саны көбеюде. Бүгінде тұрғындар арасындағы нысанды топтарды скринингтік тексерумен қамтудың төрт айлық қорытындысы емхана бойынша 57 пайызды құрап отыр. Бұл аралықта қанайналым жүйесінің ауруымен екі, тік ішек қатерлі ісігімен үш (оның ішінде біреуі сигма тәріздес ішектің қатерсіз ісігімен), қант диабетімен сегіз адамның ауыратыны анықталды. Әйелдер арасындағы сүт безі ауруымен ауыратыны бесеу, жатыр мойны ісігінің қауіпті тобына жататыны екеу болып шықты. Қаланың барлық тұрғындары медициналық тексеруден өздері бекітілген қалалық емханаларда өтеді. Қандай ауруды болсын бастапқы сатысында анықтау, алдын алу, емдеу ісін де айтарлықтай жеңілдететіні, сырқаттан толық айығуға да септесетіні әркезде есте болғаны жөн.
Такура АДЕНОВА, №8 қалалық емхананың бас дәрігері.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді