«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Күйік асуындағы жол құрылысы аяқталып келеді

Күйік асуындағы жол құрылысы аяқталып келеді
Фото:elements.envato.com
Облысымызда автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары жалғасуда. Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, биыл жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге барлық бюджет көздерінен 21,3 миллиард теңге қарастырылып, 76 жоба іске асырылмақ. Сондай-ақ биыл 2 көпір мен 3 теміржол өткелінің құрылысы жүргізіледі.

Бұдан бөлек, 7,6 шақырым көше жолы қайта жаңғыртылып, 167,6 шақырым автожол орташа жөндеуден өтеді деп жоспарлануда. Аталған жұмыстар облыстық маңызы бар жолдардың 26,2 шақырымын, аудандық маңызы бар жолдардың 20,1 шақырымын және елді мекен көшелерінің 128,9 шақырымын қамтиды. «Жалпы 76 жобаның 40-ы өткен жылдан өтпелі жобалар болса, қалған 36-сы жаңа жобалар. Бөлінген қаражаттың 3,2 миллиард теңгесі жергілікті маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелерін ағымдағы жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарына бағытталады», – дейді басқарма басшысы.

Ал жол құрылыс жұмыстары Күйік асуында да жалғасын табуда. Республикалық мәндегі бұл Күйік асуындағы автожол да жаңғыртылып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі артып келеді. Бұл бағыт – өңір үшін стратегиялық маңызы бар көлік дәліздерінің бірі болғандықтан, жол сапасын арттыру мен қауіпсіздікті күшейту басты назарға алынған. Биыл бұл жолдың құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда.

«ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы облыстық филиалының бөлім басшысы Біржан Әшіровтың айтуынша, бүгінгі күні аталған жол құрылысы нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мамандар жол төсемін жаңартып, ескі қабатты толық ауыстыруда. Сонымен қатар жолды кеңейту және тегістеу жұмыстары қатар атқарылып жатыр. Жоба аясында заманауи технологиялар қолданылып, жолдың сапасы мен ұзақ мерзімділігіне ерекше мән берілген. Жаңғырту жұмыстары тек жол жабынымен шектелмейді. Сонымен бірге жол инфрақұрылымы толық жаңартылуда. Атап айтсақ, су өткізу жүйелері ретке келтіріліп, жол жиегі нығайтылып жатыр. Қауіпсіздік шараларын арттыру мақсатында жол жиегіне қоршаулар орнатылып, жол белгілері жаңартылуда.

Бұл шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған. Халықаралық трассаны жаңғырту үшін былтыр 6,9 миллиард теңге бөлінген. Қазір шатқалдағы асуда жаңа жолмен қоса жылыту пункттері де салынып жатыр. Өйткені Ресей, Қырғыз және Қытайдан шыққан жүк көліктерінің барлығы осы ескі асуымен өтеді. Шатқалдағы 12 шақырымдық жол 1970 жылдары салынған. Араға елу жылдан аса уақыт салып, күрделі жөндеуден өткізіліп, жүргізушілер үшін барлық қауіпсіздік шаралары қаралған. Жөндеу жұмыстары кезеңкезеңімен жүзеге асырылатындықтан, кейбір учаскелерде уақытша қозғалыс шектеулері енгізілген. Дегенмен жауапты мекемелер көлік қозғалысын толық тоқтатпай, баламалы бағыттар арқылы үздіксіз қатынасты қамтамасыз етуде. Жүргізушілерге уақытша жол белгілеріне назар аударып, қауіпсіздік талаптарын сақтау ұсынылады.

 – Күйік асуындағы жолды жаңғырту – өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды жобалардың бірі. Жоба толық аяқталғаннан кейін бұл бағыттағы қозғалыс әлдеқайда ыңғайлы әрі қауіпсіз болмақ. Сондай-ақ жол пайдалану пунктінде жұмысшыларымыз, сонымен қатар қыста керек инертті материалдар, тайғаққа қарсы материалдар және де техникаларымыз орналасады. Қаладан осы Күйікке дейін жоқ дегенде 30-40 шақырым. Одан техника келіп жүргеннен осы жерде дайын техникамен уақтылы шығып уақтылы қарын тазалап, уақтылы тайғаққа қарсы материал себу өте тиімді болады. Бұл тиімді жағы да асуда ойластырылған. Жалпы осы жылы облыстағы жол саласына 21 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға 78 жоба жүзеге асып, 179 шақырым жол жөнделеді, – дейді Біржан Әшіров.

Қазіргі уақытта жолдың жақсарғаны көрініп тұр. Бүгінгі таңда асфальт жабындысының екі қабаты төселген. Үшінші қабатын бір апта ішінде төсеу жоспарланып отыр екен. Осылайша тас жолдың жалпы қалыңдығы 27 сантиметрге жетпек. Құрылыс алаңының басшысы Джамаль Огулмущтың айтуынша, жол құрылысына 22 КамАЗ, 20 жол төсеуші түрлі техника, 80 адам қатысуда. Жалпы жұмыстың 70 пайызы орындалған.

«Құрылыс нысанын осы жазда аяқтау жоспарланған. Сонымен бірге қыс айларында қар түссе Күйік асуының жиі жабылып қалатыны белгілі. Сондықтан мұндағы жол пайдалану пункті де жаңғыртылып жатыр. Бекетте жылыту пункті, техникаға арналған тұрақ пен инертті материал сақтайтын қойма орналасады. Бұл жол қозғалысын жақсартуға өз септігін тигізеді деген ойдамын», – дейді ол.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар