«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жүгіруді әдетіне айналдырған қария

Жүгіруді әдетіне айналдырған қария
ашық дереккөз
Жүгіруді әдетіне айналдырған қария

Жаңатас қаласына барған сайын аудандық газеттің тігіндісін ақтара қалсам, оған Тұрар ағаның жиі шығатынын байқаймын. Түрлі іс-шаралардың басы-қасында жүреді. Жасы сексенге иек артқан, орта бойлы, қызыл шырайлы, үнемі күліп жүретін аға жайлы көп білмесем де, өзім оны ерекше жандар қатарына қосып қоятыным бар.

Сексенге келіп сергек жүретіндер некен-саяқ. Оның сыры туралы сұрастыра қалсаңыз: «Ауырмаймын, ұзақ өмір сүремін десеңіздер, онда күн сайын жүгіріңіздер» дейді. Жақсы ағамен жаймашуақ әңгімелесудің сәті түсіп, ол кісі өзі туралы бүй деп еді: – Мен 1936 жылы 15 шілдеде дүние есігін аштым. Туған жерім Сарысу ауданы, Жон ауылдық кеңесіне қарасты «Ынтымақ» колхозы. Әкем 1942 жылы ҰОС-на шақырылған. Содан хабарсыз кетті, қара қағаз да келген жоқ. Туған ағам Мұхтар Мысықбаев соғысқа әкесінен бұрын кеткен, 1945 жылы аман-есен елге оралды. Соғыс басталған кезде, елде мен, анам және 1941 жылы туған қарындасым жетімдіктің күнін кештік. Сұрапыл соғыс аяқталғанша балғын балалық шағымызды үлкен кісілермен бірге тылда еңбек етумен өткіздік. Қырман айдадық, орақ ордық, масақ тердік, шөмеле салып мая жасауға көмектестік... Әскерде үнемі физика, химия пәндерін оқып, өзімше дайындала жүріп, сол жылы медицина институтының стоматология факультетіне түстім. Онда да еркін күрес секциясына қатысуымды жалғастырып, үшінші курстың аяғында «бірінші разряд» атағын қорғадым. Жаттықтырушым Амангелді Ғапсаттаров, еркін күрестен КСРО-ның чемпионы болған қазақ. Ол бізге «сендер атақ үшін ғана күреспеңдер, бұл сендерге өмірлік азық, таза, адал, дендеріңнің сау болуына жолдама аласыңдар» дейтін. 1965 жылы медицина институтын жақсы бітіріп Жамбыл облысына жолдама алдым. Мойынқұм ауданында орналасқан «Бірлік» ауылына еңбек жолымды бастадым. Ауыл бұрынғы аудан орталығы болған, елу орындық емханасы, көп тұрғыны бар елді мекен, мәдениеті жоғары азаматтарға бай ел екен. Жұбайым Тұрсынтай екеуміздің көңілімізден шықты. «Бірлікте» ұлдарым Мырзағали мен Қанат дүниеге келді. Ауылға жұбайымыз екеуміз де сыйлы болдық. Алты жыл қызмет атқарып, жаңадан көркейіп келе жатқан өз туған жерімізге, Жаңатас қаласына қызметке ауысып, елге оралдық. Сол жылы Алматыда өткен медицина саласы қызметкерлерінің республикалық форумына делегат ретінде қатыстым. Форумнан кейін, облыстық медицина департаментінің қолдауымен маған Ленинград қаласына жолдама беретін болды. Сол жылы желтоқсанның 31-і күні сәтін салып 3 айлық оқуға Ленинградқа жол тарттым. 1979 жылы Харьков қаласында 3 ай біліктілікті көтеру курсын тәмамдадым. 1991 жылы үш айлық оқуды Алматыда өткіздім. 1995 жылы жеке стоматология емханасын ашып, жолымды қуған балаларым Қанат пен Мырзатай басшылық етті. Өзім бұрынғы атқарып жүрген емханадан 1996 жылы зейнеттік демалысқа шықтым. Жұмысты балаларыммен бірге жалғастыра жүріп, 1999 жылы жоғары дәрежелі дәрігер санатын қорғадым. Сонымен қатар, Астана қаласында өткен спорт ардагерлерінің спартакиадасына қатысып 2 шақырым 400 метр қашықтықта жүгіруден Құрмет грамотасын Дәулет Тұрлыхановтың қолынан алдым. – Сіз, сонда жүгіруді қанша жасыңызда бастадыңыз? – Қырық жастан асқан шағымда бір сырқат «айналдыра» бастады. Қан қысымым көтеріліп, буын-буыным сырқырап, кейде тіпті, аяғымды баса алмайтындай болып жүрдім. Содан кітаптарды оқып, мұның ең дұрыс жолы жүгіру деп таптым. Ең әуелі үйдің маңайын, сосын көшені айналып, соңында стадионда күнделікті жүгіруді әдетіме айналдырдым. Құдайдың құдіретімен, ауру-сырқауым жоқ болып кетті. Міне, қырық жыл болды әлі жүгіріп келемін. 2002 жылы көне қала Тараздың 2000 жылдық тойы өтетін кезде 190 шақырым қашықтықты 5 күнде жүгіріп өтіп, Елбасының қатысуымен өткен салтанатты жиында стадионды бір айналып, ел байрағын желбіретіп қуанышқа бөлендім. Елбасының Алғыс қағазын екі рет алдым. «Астананың 10 жылдығына» арналған мерекелік медалі кеудеме тағылды. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне – 20 жыл» медалінің иегерімін. 1991 жылы «КСРО-ның үздік дәрігері» деген атаққа ие болдым. – Осыдан 11 жыл бұрын Ұлы Отан соғысында Жеңістің 60 жылдығына арнап марафон жасап жүгірдім. 2009 жылы Жайылма ауылында Б.Тоғызақбаев атындағы спорт кешенінің ашылуына орай 41 шақырым қашықтықты жүгіріп өтіп, жұрттың қошеметіне бөлендім. – Спортты серік ете жүріп жетістіктерге жеттіңіз. Соның сыры неде? – Отбасының бірлігінде, інім. Жарың жақсы, балаларың білімді, іскер, әрі салт-дәстүрге жақын жүрсе – бақыттың өзі қолыңа келеді. Күле білу, дұрыс өмір сүре білу керек. Соның ішінде спортпен айналысудың өзі бір төбе. Ол сізді сырқаттан, бойкүйесіздіктен, еріншектіктен құтқарып, өміріңізге шаттық сыйлайды. Сарыағашта Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Илья Ильинмен жүгірдім. Мен ылғи озып жүрдім (күлді). Біз сергек өмірді жанына серік еткен қарияға риза болдық.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Жаңатас қаласы.

Ұқсас жаңалықтар