40 млн долларлық бизнесін ұжымына үлестірген кәсіпкер бұл қадамын түсіндірді
- author «Ақ жол»
- 15 қаңтар, 2016
- 198
Өткен жылдың соңы оралдықтар үшiн ғана емес жалпақ Қазақстан үшiн де ерекше жаңалықпен аяқталды. Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласындағы iрi бизнесмендердiң бiрi Барлық Меңдiғазиев жиырма жыл бойы құрған жеке бизнесiнен бас тартып, оны 180 адамдық ұжымының иелiгiне бердi деп хабарлайды Жас Алаш газеті.
Бизнесмендi құны 40 миллион долларға бағаланған жеке кәсiбiн жұмысшыларға сыйлауға не мәжбүрледi?
Жыл соңына санаулы күндер қалғанда арнайы баспасөз мәслихатын өткiзген Барлық Меңдiғазиев өзiнiң KSS компаниясы активтерiн ұжым арасында бөлiп беретiнiн хабарлады. Оның айтуынша оған Батыс Қазақстан облысының жер қойнауын пайдаланып отырған Қарашығанақ Петролеум компаниясының қоршаған ортаны бүлдiрiп отырғаны жайлы ашық талап қойғаны себеп болған.
“Егер сенiң көз алдыңда балалар уланып жатса, оны көрмегендей болып, “бұл менiң шаруам емес” деп қалай жүресiң? Мен тек сол Березевкадағы балаларға қолұшымды бердiм, нәтижесiнде компания қара тiзiмге iлiктi. Экологиялық мәселенi бұған дейiн де көтергенiм үшiн тағы бiр компаниям “KSS building” банкрот болды, ендi тым құрымағанда осы компанияны сақтап қалу үшiн осылай iстеуге тиiспiн”, – дедi ол.
Мамандығы эколог Барлық Меңдiғазиев ендi қоғамдық iстермен араласуға бел байлағанын айтты.
“Мен ендi Қазақстанда бизнеспен айналыспаймын. Бiрақ Қазақстаннан ешқайда кетпеймiн. Осы жерде қоғамдық iстерге араласамын. Жемқорлықпен күресiп, экологиялық мәселелердi көтеремiн, кәсiпкерлер құқын қорғаймын. Бiлгенiмдi жас бизнесмен қыз-жiгiттерге үйретемiн”, – дедi өзiнiң алдағы мақсаты туралы.
Барлық Меңдiғазиевтiң айтуынша Қарашығанақ Петролум компаниясына сервистiк қызмет көрсететiн KSS компаниясы активтерiнiң тәуелсiз бағалаушы компаниялар бағалаған құны – 40 миллион доллар.
“Әрине, 20 жыл бойы үзiлiссiз бар күш-қуатыңды салған iсiңмен жай қоштаса салу оңай емес. Осы бизнестi өркендету үшiн тiптi балаларымның қалай ержеткенiн де көргенiм жоқ. Бiрақ мен бұл шешiмдi отбасылық бизнес болғандықтан әйелiммен ақылдаса отырып қабылдадым. Ал қыздарымның менi түсiнетiнiне сенiмдiмiн”, – дедi.
Барлық Меңдiғазиев KSS активтерiн бөлу туралы келiсiмдердi заңгер Жәнiбек Сүлейменовтiң әдiлеттi әрi объективтi өткiзетiнiне сенетiнiн айтты.
“Уайымдамаңыздар, бәрi ойдағыдай болады, тiптi одан да жақсы болуы мүмкiн”, – дедi ол ұжымға қарап.
“Мен АҚШ-та өз бизнесiмдi жалғастыратын боламын. Ол негiзiнен мейрамханамен және мейрамхана жанынан ЭКСПО ұйымдастырумен байланысты. Америкада бизнес жасау Қазақстанға қарағанда оңай әрi болашағы бар. Бiрақ Қазақстанның потенциалы үлкен, ол әлi жас. Қалайда мендегi идея тудыратын генераторды өшiрдi, ендi мұнда бизнеспен айналысқым келмейдi. Компания жетекшiсiн ұжым өзi таңдайды. Сосын өздерiңiз бекiткен жалақымен жалданып, сiздерге уақытша көмектесемiн”, – деді кәсіпкер.
Бизнесiнен бас тартқан кәсiпкерден журналистердiң бiрi “Қазақстанда еркiн ойлы адам ретiнде қоғамдық iстерге қатысу басыңды өлiмге байлау екенiн бiлесiз бе? Сiздiң қоғамдық қызметiңiз қандай қалыпта жүзеге асады?” – деп сұрады.
“Мен саясатпен айналысу туралы ойлап отырғаным жоқ. Себебi мен саясаткер де, оппозиционер де емеспiн әрi менен саясаткер шықпайды”,– дедi ол.
Жыл соңындағы өз бизнесiнен өзi бас тартқан кәсiпкердiң әрекетiн кейiн, қаңтардың 5-i күнi Астанада өткен брифингте Батыс Қазақстан облысының әкiмi Нұрлан Ноғаев өзiнше түсiндiрген болды.
“Барлық Меңдiғазиевтiң шешiмiне қатысты айтарым, ол оның жеке меншiк кәсiпорыны, не жасаймын десе де өз еркi. Бизнесiн ұжымға беру де оның қалауы”, – дедi облыс әкiмi.
Әйтсе де елдiң есiнде басқа оқиға бар. Осыдан үш жыл бұрын, нақтырақ айтсақ 2013 жылғы шiлденiң 12-сiнде Алматыда баспасөз мәслихатын өткiзген “KSS building” ЖШС бас директоры Барлық Меңдiғазиев БҚО әкiмi Нұрлан Ноғаевты “қызмет бабын асыра пайдаланды” деп ашық айыптаған едi.
Сол жолы ақсайлық бизнесмен мұнай қалдықтарын көметiн орынның құрылысын ЮНЕСКО тiзiмiне енген тұщы су бассейнi маңынан салуға қарсылық бiлдiрген. Құрылыс тоқталғанымен, облыс билiгiнiң iшiнде қатқан мұз қалған. Салық комитетi, қаржы полициясы тарапынан жасалған тексерулер кәсiпкердiң “салықтан жалтарғанын” анықтап, Барлық Меңдiғазиев қамауға алынды, кәсiпорынның шоты жабылды.
Iстiң соңы “KSS building” ЖШС банкрот болуымен әрi Барлық Меңдiғазиевтiң айыппұл мен салықты төлеуiмен аяқталды. Оған бiр жылға дейiн кәсiпкерлiкпен айналысуға тыйым салынды. Кәсiпкердiң өзi БҚО әкiмiне қызу қандылықпен айтқан сөздерiнен бас тартып, “Атамекен” қоғамдық кеңесiне ол сөздердi эмоцияға берiлiп айтқаны үшiн қынжылатынын бiлдiрген хат жазған едi.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді