Жергілікті полиция қызметі іске кірісті
Өткен жылдың қараша айында «ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізілгені белгілі. Онда осы жылдың 1 қаңтарынан бастап ішкі істер органдары құрылымына қарасты жергілікті полиция қызметі құрылатыны айтылған. Оның құрамына учаскелік полиция инспекторы мен олардың көмекшілері, ювеналды полиция, аймақтық бөлімшелер мен мектеп инспекторлары, әйелдерді зорлықтан қорғау бөлімшесі, табиғатты қорғау полициясы бөлімшесі, тұрғылықты жері жоқтарды және әкімшілік жазаланғандарды қабылдау-тарату бөлімшесі кіреді. Жаңа құрылым қызметкерлері құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бірыңғай құқықтық статусына ие болады. Сондықтан оның қызметкерлері де полицейлерге қарастырылған барлық жеңілдіктерге де қол жеткізе алады. Ал аталған Заңның 6-бабы, 1-тармағы, 5.1-тармақшасында ҚР Заңнамасында айқындалған тәртіппен әкімнің ұсынуы бойынша ішкі істер органдары жергілікті полиция қызметінің басшысы лауазымының кандидатурасымен келісу мәселесі мәслихаттар құзыретіне кіретіні жазылған.
Осыған орай, бесінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс 44-сессиясында жергілікті полиция қызметінің басшысы лауазымының кандидатурасын келісу туралы мәселе қаралды. Оған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихаттың депутаттары, жергілікті құқық қорғау органдарының, департамент, басқармалардың басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Сессияда күн тәртібіндегі мәселе бойынша хабарлама жасаған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жергілікті полицияның қызметіне тоқтала келе:
– Біз аталған қызметтің қалтқысыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы орган ретінде өзімізге қатысты барлық жағдайды жасауға атсалысамыз. Мәселен, 2016 жылдың бюджетін қалыптастыру барысында қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету қызметтеріне бағытталған қаржының қысқартылуына жол бермедік. Жыл сайын жергілікті бюджеттен бейнебақылау камераларын орнатуға, автокөлік сатып алуға және өзге де қызметтерге қаражат бөлуді қарастырып отырмыз. Жаңа полиция құрылымы жергілікті атқарушы және өкілді органмен халық алдында есеп беру арқылы ашықтығын қамтамасыз ете отырып, тұрғындар тарапынан сенімділік деңгейін арттыруға ықпал жасайды деп ойлаймын.
Осыған орай «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті полиция жұмысының мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы Заңына сәйкес және Ішкі істер министрлігінің ұсынуымен облысымыздың тиісті мәслихат депутаттарының келісуі негізінде жергілікті полиция қызметінің басшысын 5 жыл мерзімге тағайындайды және босатады. ҚР Ішкі істер министрлігі Жамбыл облысының жергілікті полиция қызметінің басшысы лауазымына кандидат ретінде Бейсеев Бақытжан Халилұлын ұсынып отыр, – деді де, кандидаттың өмірбаянымен таныстырды.
Келесі кезекте облыстық мәслихаттың депутаттары Масат Берік пен Қайрат Терлікбаев ұсынылған кандидатура жөніндегі ой-пікірлерін ортаға салып, әріптестерін қолдау білдіруге шақырды.
Мұнан соң ұсынылған кандидатура дауысқа салынып, депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Жергілікті полиция қызметінің басшысы ретінде Бейсеев Бақытжан Халилұлын тағайындауға шешім қабылданды.
Өз кезегінде жаңа құрылымның жаңа басшысы сенім білдірген депутаттарға алғыс айтып, жүктелген міндетті абыроймен атқаруға уәде берді.
Жергілікті полиция
қызметі іске кіріседі
2016 жылдың 1 қаңтарынан елімізде жергілікті полиция қызметі өз жұмысын бастады. Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдың 5 мамырында өткен Қазақстан Үкіметінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда жергілікті полиция қызметін құру мәселесін қарастыруды тапсырған болатын. Осыдан кейін Ішкі істер министрлігі сәйкесінше заң жобасын әзірлеп, оның негізгі ережелері президент әкімшілігі тарапынан мақұлданды. Сәл кейінірек еліміздің парламенті «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті полиция қызметінің жұмысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдады. Айта кетерлігі, құжаттағы негізгі жаңалықтардың бірі жергілікті полиция қызметінің басшыларын тағайындау, бұл ретте полиция басшыларына кандидатты Ішкі істер министрі облыс әкіміне ұсынып, оған мәслихат депутаттары келісімін береді. Бұдан бөлек, құжатта жергілікті полиция қызметі басшысының жергілікті қауымдастыққа есептілігі де қамтылған.
Жергілікті полиция қызметінің басшысы әкімдіктер мен мәслихат алдында және жылына бір рет халық алдында есеп беретін болады. Мұндай есептілік полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді.
«Жемқорлықпен күрестің»
жаңа заңы күшіне енеді
Елімізде Жаңа жылдан бастап «Жемқорлықпен күрестің» жаңа Заңы өз күшіне енеді. Оған сәйкес, мемлекеттік және уәкілетті тұлғаларға жақындарымен бірігіп жұмыс жасауға, таратуға тыйым салынған қызметтік және өзге де ақпаратты өз мүддесіне пайдалануға және қызметтік жұмысын орындағаны үшін сыйлықтар алуға тыйым салынады.
Қауіпсіздіктің ұлттық
сертификаты іске қосылады
«Байланыс туралы заңға» сәйкес, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, қауіпсіздіктің ұлттық сертификаты іске қосылады – ол Қазақстаннан тыс тарайтын трафикті бақылайтын болады. Құзырлы комитет бұл қадам қауіпсіздікті нығайтып, халықаралық терроризммен және балалар порнографиясымен күресте септігін тигізетінін алға тартты. Тұрғын өз қалауымен сертификаттаудан бас тарта алады.
Жол-көлік апатының шығындарын сақтандырушылар бағалайтын болады
2016 жылдан бастап сақтандырушылар мен сақтанушылар арасындағы қарым-қатынасқа енгізілген өзгертулер өз күшіне енеді. Ұлттық Банктің заңнамалық актісіне сәйкес, сақтандырушы тарап мүлікке келтірілген шығынды өзі бағалайтын болады.
Бұл бастама тәуелсіз бағалаушы компаниялар мен көлік иелерінің наразылығын тудырған. Олар сақтандырушы тарап өз мүддесі үшін шығынды азайтып көрсетеді деп қауіптенуде.
ЕАЭО елдерінде
Дәрі-дәрмек нарығы құрылады
2016 жылдың басынан бастап ЕАЭО елдеріне ортақ дәрі-дәрмек нарығы құрылатын болады. Оған сәйкес ортақ реестр, ортақ тіркеу заңдары, тағысын тағылар енгізіледі.
Мамандар бұл бастама дәрі құнының арзандауына септесетінін алға тартты.
Шетелдік арналардың
жарнамасына тыйым салынады
Жаңа жылдан бастап елімізде көрсетілетін шетелдік арналар жабылуы мүмкін. Себебі Мемлекет басшысы қол қойған жаңа заң, шетелдік арналардың ел аумағында жарнама таратуына тыйым салады.
Шетелдік арналардың Қазақстан аумағында жарнама таратуына тыйым салу туралы бастама бір жыл бұрын дәстүрлі медиақұрылтайда айтылған. Биылғы БАҚ өкілдерінің басқосуында аталған мәселе шешімін тауып, жаңа заңның күшіне енетіні белгілі болды. «1 қаңтардан бастап шетелдік телеарналарда, Қазақстанда жария ететін телеарналарда жарнамаға тыйым салынғаннан кейін кем дегенде қазақстандық телеарналарға қосымша 3-4 миллиард теңге түседі. 3-4 миллиард теңге дегеніміз не? Ол – кем дегенде 1000 сағат телесериал», – дейді «31 арнаның» бас директоры Бағдат Қожахметов. Ал шулы мақалаларымен танымал Рател.кз порталының редакторы бұл пікірмен келіспейді.
Ол мемлекеттік тапсырыс ақпарат құралдарын сөз бостандығынан айырады деген қауіпте. Бүгінде көптеген телеарналар мен басылымдар мемлекет бөлетін қаржыға тікелей тәуелді екені ақиқат. Алайда, келер жылдың басында күшіне енетін жарнама туралы заң отандық медианарыққа біраз өзгеріс әкелері анық.
Травматикалық қаруды
өткізбегендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады
2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, елімізде резеңке оқ ататын газды-травматикалық және травматикалық қаруға тыйым салынады. Тыйым салынған қаруды өткізбегендер тіркеу мен рұқсат қағаздың барына қарамастан, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Травматикалық қаруларды тұрғындардан сатып алу акциясы осы жылдың басында басталды. Оған берілетін сыйақы мөлшері 30 мыңнан 150 мың теңгеге дейін барады.
Өзін қорғану үшін рұқсат етілген қарулар арасында енді тек газбен ататын газды тапаншалар мен электрошокерлер ғана бар. Оларды сатып алу үшін ішкі істер органынан рұқсат алу қажет.
Жаңа тұрғын үйді қабылдап алатын мемлекеттік комиссия жойылады
Қазақстанда жаңа тұрғын үйді қабылдап алатын мемлекеттік комиссия жойылады деп хабарлады 2 қазанда Астана қаласы әкімінің орынбасары Сергей Хорошун орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. Хорошун 2016 жылдың қаңтарынан бастап «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заң күшіне енетінін, ол бойынша тұрғын үй немесе нысанды оны салып бітірген компанияның өзі пайдалануға бере беретінін айтты.
Оның сөзінше, құрылыс нысанын қабылдау актісіне енді бұрынғыдай мемлекеттік комиссия емес, тек тапсырыс беруші, оны орындаушы, авторлық және техникалық бақылаушы қол қояды.
ЕАЭО-ның кез-келген елінде зейнетақыны жоғалтпай жұмыс істеуге болады
2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап одақ елдерінің тұрғындары зейнетақысын жоғалтпай ЕАЭО-ға кіретін кез-келген елде жұмыс істей алады. Оған сәйкес, өзге елде қызмет еткен Қазақстан тұрғыны жұмыс беруші тараптан зейнетақысына да ие болады. Зейнетақы БҰЗҚ-қа төленіп, жұмыскер зейнет жасына келгенде зейнетақысын алу мүмкіндігі жасалды. Өзге елдің азаматтығын алғысы келген зейнеткерлер де толықтай өз зейнетақысын алып отырады.
төмен Экологиялық санатқа
жататын жағармайды пайдалануға тыйым салынады
2016 жылдан бастап ЕАЭО аймағында төмен экологиялық санатқа жататын жағармайды пайдалануға тыйым салынады. Олардың қатарына К2 экологиялық санатындағы дизельді жағармай мен бензин жатады. Тыйым Қазақстанда 2014 жылдан бастап күшіне енуі тиіс болатын. Алайда, мұнай өңдеу зауыттарының техникалық тұрғыдан дайын болмауы бұл шараны екі жылға кейінге шегерді.
Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді