ЗАҢДАҒЫ ӨЗГЕРІС ҚОҒАМҒА ТИІМДІ

ЗАҢДАҒЫ ӨЗГЕРІС ҚОҒАМҒА ТИІМДІ
ашық дереккөз
ЗАҢДАҒЫ ӨЗГЕРІС ҚОҒАМҒА ТИІМДІ

Шовкат Таштамиров, Тараз қаласы прокуратурасының бөлім басшысы.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт жоспарын» жүзеге асыру бойынша жариялаған «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласы өз уақтысында жарияланған және аса құнды құжат деп есептеуге әбден тұрарлық. Даму даңғылына түсіп келе жатқан еліміз үшін алдағы уақытта да түрлі салаларда жаңару мен жаңғыртудың жаңаша идеяларын қолға алып, тәуекелмен үлкен істерге бел шешу қажет. Аталған мақалада «Құқық тәртібі және заңдылық» деп аталатын екінші реформа азаматтардың құқықтарын қорғау мен заңдардың орындалуын қадағалаудың, сот жүйесінің жаңаша талаптарға сай жұмыс істеуіне бағытталып отыр. «Екінші реформаның мәні тәуелсіз сот төрелігі мен Қазақстанның бүкіл құқық қорғау жүйесінің тек қана азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, заңдарды қатаң орындауға және құқық тәртібін нығайтуға бағытталуға тиістігінде» деген Елбасы бұл бөлімде еліміздегі сот жүйесі жұмысының барынша халыққа қолайлылығын қарастырған. Сондай-ақ, барлық құқық қорғау органдарының және бәрінен бұрын полицияның адамдардың мүддесі мен құқықтық тәртіпті нығайту қызметінде тұруына қол жеткізуге ерекше көңіл бөлінген. «Бұл үшін жергілікті билік органдары мен жергілікті қоғамдастықтарға есеп беретін жергілікті полиция қызметі құрылады. Осындай қызмет тұтастай Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше бірқатар елдерде өзін жақсы танытты. Жергілікті полиция қызметінің қарауына қоғамдық тәртіп күзеті, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ұсақ құқық бұзушылықтарға атымен төзбеушілік мәселелері беріліп отыр. Осы жаңалықтар жаңа заңнамада көрініс тапқан. Онда, сондай-ақ, азаматтардың этикалық нормаларды бұзған полициялардың үстінен түсірген арыз-шағымдарын қарайтын қоғамдық кеңестер мен өзге де консультативтік-кеңестік органдар жүйесін құру қарастырылған» деп атап көрсеткен Елбасы өз мақаласында. Елбасы бастамасымен құрылатын бұл жаңа қызмет түрі ел арасындағы көптеген даулы мәселелердің оңды шешілуіне, түрлі деңгейлерде орын алып отырған заң бұзушылықтар мен құқық бұзушылықтардың алдын алып, ұсақ-түйек тәртіпсіздіктің азаюына жол ашар еді. Сонымен қатар, Елбасы айтқан «Қылмыстық құқық бұзушылық картасы» интернет-порталының іске қосылуы да жаңа заңның жұртқа тиімділігін арттыра түсері анық. Осылайша, дамыған елдер қатарына ену саясаты өз жемісін беретініне сенім мол. Өйткені, халықты күшейтілген заң шеңберінде өмір сүріп, ортақ құндылықтарға жауапкершілікпен қарауға үйрету арқылы қай салада да тәртіп пен тазалық орын алмақ.

Тараз.

Ұқсас жаңалықтар