«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

2016 жыл – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы

2016 жыл – ел Тәуелсіздігінің  25 жылдығы
ашық дереккөз
2016 жыл – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы

Облыс  әкімі  Кәрім  Көкірекбаевтың  жаңажылдық  құттықтауы

Құрметті жамбылдықтар! Барша облыс тұрғындарын Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – ескі жылға ризалық, жаңа жылға тілек айтатын айрықша сәт. Бұл күні өткен тарихымызды парақтап, жарқын өмір беттерін еске аламыз, ертеңгі күнге жоспар құрып, жаңа серпінмен алға қадам басамыз. Өтіп бара жатқан жыл «Нұрлы жол»» бағдарламасының алғашқы табысты жылы болды. Осы жылы Елбасының бастамасымен «Мәңгілік Ел» тарихындағы бес институционал­дық реформаны қабылдадық. Оны іске асырудың «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыра бастадық. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының заңды мүшесі болды. Жаңа жылды біз іргесі берік, мемлекеттігі бекем, аты әлемге танылған, қуатты ел ретінде қарсы алып отырмыз. Осының барлығы – Елбасымыз, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың дана саясатының жеңісі мен жемісі. 2015 жыл ел өміріндегі елеулі оқиғаларға толы тарихи жыл болды. Бірлік пен берекенің, тұрақтылық пен татулықтың жылы болды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығын, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Ассамблеясының 20 жылдығын, мәртебесі биік Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын биік дәрежеде үлкен табыспен атап өттік. Осы мереке тұсында ежелгі Тараз қаласы жаңаша сипатқа ие болып, бірнеше әлеуметтік нысандар бой көтеріп, халық игілігіне пайдалануға берілді. Осы жылы облыстың экономикалық-әлеуметтік және рухани дамуында серпінді қадамдар жасалды. Ауыл шаруашылығы саласында оң өзгерістер көрініс тапты. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша жаңа өнеркәсіп орындары іске қосылып, жүздеген жұмыс орны ашылды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының облыс аумағынан өтетін бөлігінің құрылысы толығымен аяқталды. Жаңа мектептер мен балабақшалар, ауруханалар мен емханалар пайдалануға берілді. Мәдени-рухани саладағы жаңа ізденістер нәтижелі болды. Осының барлығында жамбылдықтардың күш-жігері, еңбегі жатыр. Алдағы жыл – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Бұл – еліміздің шоқтығы биік мерейлі мерекесі. Ұлы мерекені барша облыс жұртшылығы бірлік пен келісімнің өнегелі үлгісін көрсетіп, еңбек табыстарымен қарсы алады деп кәміл сенемін. Қымбатты жерлестер! Жаңа жылдан үлкен үміт, жоралы жақсылық, толағай молшылық, ортаймас береке күтеміз. Жаңа жылда әр отбасына амандық, ырыс пен дәулет, татулық пен келісім тілеймін! Жаңа 2016 жыл құтты болсын!

Ұқсас жаңалықтар