Жаңа жылды қай жерде, қалай тойласақ екен деп бас қатырып, тіпті бір жыл бұрын жоспар жасап жүретіндер де бар. Ал Мойынқұмдағы малшылардың өйтіп бос қиялға елітіп, ойланып жатуға мұршасы да жоқ. Олар үшін нағыз мейрам – төскейге өргізген төрт түлігі шығынсыз болып, бала-шағасы мен туыс-жұрағаты аман болғаны. Бірақ, бұл қыстаудағылар да қыстың ең қызықты мерекесін тойламайды деген сөз емес. Ол күнді құмды ауылдың тұрғындары да қуанышпен қарсы алады.
Керей ханның қыстауындағы Мойынқұм ауданының малшылары биыл да Жаңа жылды ерекше атап өтпек. Бұл күні олар үлкен қазан көтеріп, соғымға сойған құнанның қазысы мен қартасын салып, қойдың жілігін қосып, мол қылып ет асады. Таза ауада жеген ет те бойға сіңімді. Оның үстіне, әлі күнге қымыз сапырып отырған малшылар да бар. «Қаладағы мейрамхананың бір табақ асына қазақтың еті жетпейді. Сондықтан, нағыз мереке қыстауда өтеді» дейді малшылар. Ежелгі Керей ханның қыстауын қоныс еткен малшылар мерекені расымен де ерекше көңілді өткізеді екен. Біз барған қыстау иесі 26 жастағы Қуаныш есімді жігіттің жүзі жылы көрінген. Қателеспеппіз, ол малшыларға Жаңа жыл сыйлықтарын табыс етіп, қой жылына қол бұлғасақ та қойымыз азаймасын деп, әр отбасына бір-бір қойдан атады. Ет асылып, домбыра шертіліп, әсем әндер шырқалды. Бір сәтке серпіліп, көңіл көтерген олар шаруа жайын да ұмыт қалдырған жоқ.
Уалихан ЖАЙЛАУ, «Ақ жол».
Мойынқұм ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді