«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Есепті жүйрік шығаратын 9 жасар Данияр шыныменен “гений” ме?

Есепті жүйрік шығаратын 9 жасар Данияр шыныменен “гений” ме?
ашық дереккөз
Есепті жүйрік шығаратын 9 жасар Данияр шыныменен “гений” ме?

pogudx4180bkcka6v.690f4951Белгілі математик Асқар Жұмаділдаев Abai.kz сайтына берген сұхбатында астаналық тоғыз жасар Данияр Құрманбаевтың жүз жылда бір рет туатын талант, аса үлкен дарын иесі деген пікірді теріске шығарды.

Еске сала кетсек, жеткіншек күрделі есептерді ойша шығарып, «Пусть говорят» телешоуы қонақтары мен “Супердетки. Мужское/Женское» бағдарламасының көрермендерін таңғалдырды. Өзінің ерекше бала екенін білетін Данияр Құрманбаев шындығында да па? Осылайша тез есептеудің айла-тәсілдері бар ма?

Асқар Жұмаділдаев, академик:

– 9 жасар баланың ментальді арифметика арқылы ойша есеп шығаруы көптеген азаматтарды таң қалдырып жатыр. Десек те, біздің қоғам, оқырмандар бір нәрсені жете түсінбейді. Қазір әлемде не көп, жарыс көп… Біреулер қызанақ лақтырудан жарысса, енді біреулер гамбургер жеуден бәсекеге түседі. Тіпті, биік өкшелі туфлимен жүгіріп жарысатындар бар. Сол сияқты ментальді арифметикада 5 таңбалы санды 5 таңбалы санға көбейту арқылы жарысады. Бірақ, бұл жарыстан не ұтамыз? Нендей пайда бар? Оны ойлап жатқан бірде-бір адам жоқ. Бұл меніңше, берері мен мағынасы күмәнді жарыстар. Түсініктірек болу үшін мысал келтірейін, үлкен сауда орталықтарында 2 тіс пастасын алсаңыз, үшіншісі тегін берілетін акциялар болып жатады ғой. Немесе екі шалбар алсаңыз, үшіншісі тегін беріледі. Маған екі шалбардың түкке қажеті жоқ. Акцияны ұйымдастырушылар осындай жолдар арқылы маған «мәжбүрлі түрде» үш шалбар алғызады. Мұны маркетингтік ход деуге болады. Қазір ментальді арифметиканы үйрететін адамдар дәл осындай жарнамалық ходтарды жасап жатыр. Таңдай қағып, тамсанатын ештеңе жоқ. Бұл – кез-келген бала игере алатын ғылым саласы.

Математика ғылымы – теңіз. Ментальді арифметика сол теңіздің бір тамшысы ғана. Мұны игерген адам сандарды тез көбейтуді біледі. Одан өзге артықшылығы жоқ. Бір есепті біреу 5 секунтта, екінші біреу 1 минутта шығаруы мүмкін. Меніңше, нәтиже дұрыс болса, болды.

Тағы да қайталап айтамын, ментальді арифметика ғылым емес. Мысалы, циркте біреулер зілтемір көтереді, енді біреулер шойын темірді майыстырып жатады. Мұны ғылым деп айта аласыз ба? Биік өкшелі туфлимен жүгіру, қызанақ лақтыру спорт болып санала ма? Жоқ. Сол сияқты ойша есеп шығаруды ғылым деп қарастыруға, барлық қазақ сол жолға түсіп кетуге қарсымын. Бұл халықты таң қалдырып, қалтасындағы қаржыны қағып алу үшін жасалып жатқан шаруа болуы мүмкін.

Қазір ментальді арифметика үйретушілердің жарнамасы дүрілдеп тұр. Енді міне, өзімізді былай қойып, Ресейдің телеарналары арқылы жарнама жасалып жатыр. Бұл үшін қанша қаржы шығындалып жатқанын мен білмеймін. Меніңше мұндай шаруалар тегін жасалмайды. Бұл орайда қазақ журналистері дақпыртқа еріп кетпегені жөн. Себебі, біздің қоғамда ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата алмайтындар жетерлік. Ментальді арифметиканы мектеп бағдарламасына енгізу керек дейтіндер бар. Мен бұған түбегейлі қарсымын. Себебі, бұл ғылым емес.

Ал, енді ментальді арифметиканы игерген 9 жасар балаға келейік. Ол балаға немесе осыны үйренген жасөспірімдерге ментальді арифметиканы меңгерген зиян емес. Бұл тәсіл олардың миын жақсы жұмыс істетуге, есте сақтау қабілеттерін арттыруға мол мүмкіндіктер туғызады. Мұның сыртында телеарналар арқылы бағдарламаға шығуы ата-анасы үшін зор қуаныш. Бірақ, ғылым жолын таңдайтын адамның атағы бұлай шықпауы қажет екенін ескертемін. Ол бала үшін, оның талабы үшін қуанамын. Оның алда үлкен жетістіктерге жетуін тілеймін. Ментальді арифметика ғылым жолына баратын бір баспалдақ қана. Соны азаматтар түсінсе деймін.

Алдағы аптада О.Жәутіков атындағы физика-математика мектебінде үлкен олимпиада өтеді. Нағыз ғылыммен, біліммен сусындаған балалар сол жерде сайысқа түседі. Біздің журналистер олар жайлы жақ ашпайды. Негізі сенсация қуаламай, сол балаларды насихаттау қажет.

Еске сала кетсек, бұған дейін тоғыз жасар қазақ баласы жылдам есептеу қабілетімен жұртты таңқалдырғанын хабарлаған болатынбыз.

Ал “Пусть говорят” бағдарламасының түсірілімінде балақайды бірінші рет көрген әнші Витас Даниярды өзінің жеке есепшісі ретінде қызметке де шақырған болатын.

Ұқсас жаңалықтар