Жуырда жиырма адамға «Қордай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Олардың қатарында Берден Байқошқаровтай абыз ақсақалдың да төбе көрсеткені аудан тұрғындарын ризашылыққа бөлеп отыр. Біле білсек, осы ауданды кезінде он жылдай басқарып, өңірдің экономикалық-әлеуметтік тұрғыда өркен жаюына айрықша үлесі болған Бекеңе «Ауданның Құрметті азаматы» атағы ең алғашқылардың қатарында берілуі тиіс еді.
Өткен ғасырдың алпысыншы-сексенінші жылдарында, кеңестік кезең тұсында шаруашылық басқарған, партия және кеңес органдарында басшылық қызметтер атқарған, Қазақстан Компартиясы XII съезінің делегаты, Президиум мүшесі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің тоғызыншы, оныншы шақырылымдарының депутаты болған Берден Байқошқаровтың саналы өмірінің едәуір бөлігі киелі Қордай жерінде өтті. 1974 жылдың қараша айында ол Сарысу аудандық партия комитетінің екінші хатшылығынан Қордай аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне ауыстырылған-ды. Арада тура алты ай өткенде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалып, бұл қызметке табаны күректей он жылын арнады. Ол ауданды басқарған алғашқы күндерден-ақ бұрынғы таптаурын болған жұмыс стилін түбегейлі өзгерткен еді. Бекең темірдей тәртіптің адамы болды әрі бойына жиған ілімі де мол, сан қырынан танылды. Қандай мәселені де адамгершілік безбеніне салып, парасаттылықпен шешті. Оның аудан әлеуетін көтерудегі еңбегін ұмыту мүмкін емес. Шаруашылықтарда жылдан-жылға суармалы егіс көлемі артып, жаңбырлатып суару технологиясы жаппай қолданысқа енгізіліп жатты. Қант қызылшасының егіс көлемі он мың гектардан артып, облыс бойынша қант өнімінің үштен бір бөлігі осы ауданда өндірілді. Сондай-ақ, облыс бойынша мемлекетке астықтың, еттің бестен бірін, сүттің төрттен бірін берді. Бүкіл аудан құрылыс алаңына айналып, шаруашылық нысандарымен қатар, жаңа мектептер, ауруханалар, мәдениет ошақтары көптеп бой көтерді. Ең бастысы, ол – бұған дейінгі сірескен сеңді бұзып, аудандағы ірі өндіріс орындарының, ұйымдар мен мекемелердің, шаруашылықтардың басшылығына біртіндеп жергілікті ұлт кадрларын әкеле бастады. Олардың көпшілігі сенімді ақтап, ауданның дамуына сүбелі үлесін қосты, бірқатары жоғары басшылық қызметтерге өсті. Осылайша Байқошқаров Қордайда айқын таңбалы ізін қалдырып еді. Тәуелсіздік күніне орай аудандық Мәдениет үйінде өткен салтанатты шарада Бекеңнің кеудесіне «Ауданның Құрметті азаматының» белгісі тағылып, жұрт алдында қошемет көрсетілді. Бұл кездесуге ол зайыбы Сәбира апай мен бүгінде Ұлттық медицина қауымдастығының «Алтын дәрігер» атағының иегері болған биология ғылымының докторы, еліміздегі тұңғыш «Экомед» медицина орталығының негізін қалаған қызы Салтанат Байқошқаровамен бірге келді. Салтанат та, Бекеңнің өзге балалары да орта мектепті біраз жыл осы Қордайда оқыған. Аудандық орталық кітапхананың оқырмандар залында мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің мәртебелі меймандармен кездесу-сұхбаты ұйымдастырылды. Бүгінде сексен жасты еңсерсе де жады берік, өмірінің елеулі бөлігі өткен киелі өңірді жүрек түкпірінде сақтап, әрдайым сағынышпен еске алып отыратын Берден Байқошқарұлы емен-жарқын әңгіме тиегін ағытып, өткен күндерге шолу жасады, кітапхананың естеліктер кітабына өз қолтаңба-тілегін қалдырды. Соңынан жастармен естелік суретке түсті.
Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».
Қордай ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді