Жақсылық жаршылары

Жақсылық жаршылары
ашық дереккөз
Жақсылық жаршылары

ақпарат құралдарының үздіктері марапатталды

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев өңірдегі бұқаралық және электронды ақпарат құралдарының өкілдерін қабылдады. Аймақ басшысы өтіп бара жатқан жыл еліміз үшін, оның ішінде облысымыз үшін жемісті де жеңісті жыл болғанын айта келіп, сол жетістіктерді кеңінен насихаттауға ерекше үлес қосқан бұқаралық және электронды ақпарат құралдары мен оның журналистеріне шынайы алғысын білдірді. 

Кәрім Нәсбекұлы қой жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аймақтың абыройын айрықша аспандатқанын, жамбылдықтардың әлеуметтік-экономикалық жағынан да, ауыл шаруа­шылығы, заман талабына сай кәсіп­орындар салудан да, баламалы электр қуатын өндіруден де алдыңғы орын­дарда келе жатқанын тілге тиек етті.

Сондай-ақ, Кәрім Нәсбекұлы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен рухани өмірін белсенді жазып, көрсету жөніндегі шығармашылық бойынша бұқаралық және электронды ақпарат құралдары арасында өткізілген конкурстың жеңімпаздарын марапаттап, ақшалай сыйлықтар мен дипломдарды табыс етті. Атап айтсақ, «Үздік басылым» аталымы бойынша облыстық «Ақ жол» газеті (директор-бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы) мен облыстық «Знамя труда» газетінің ұжымы (директор-бас редакторы Бекет Момынқұл) жеңімпаз атанды. Конкурстан тыс Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын насихаттаудағы үздік ақпараттық жұмыстары үшін облыстық «Қазақстан–Тараз» телеарнасының ұжымына (бас директоры Мейрамбек Төлепберген) сыйақы берілді. 

«Үздік публицистикалық материал» аталымы бойынша «Знамя труда» газетінің шолушысы Наталья Перфильева, «Үздік талдамалық материал» аталымы бойынша облыстық «Арай» жастар газетінің ауыл шаруашылығы және әлеумет бөлімінің меңгерушісі Саятхан Сатылғанов, «Үздік очерк» аталымы бойынша «Литер» газетінің облысымыздағы тілшісі Шухрат Хашимов, «Үздік ақпараттық хабарлама» аталымы бойынша «Қазинформ» ақпарат агенттігінің облыстағы меншікті тілшісі Галина Скрипник, «Үздік телерепортаж» аталымы бойынша облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасының шеф-редакторы Дүйсен Дәуренов, «Үздік фотоматериал» аталымы бойынша облыстық «Ақ жол» газетінің фототілшісі Ақәділ Рысмахан, облыстық «Арай» жастар газетінің фототілшісі Алтынбек Қартабаев жеңімпаз деп танылды. Марапаттаудан соң облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасының бас директоры Мейрамбек Төлепберген сөз алып, БАҚ өкілдеріне көрсеткен құрметі үшін облыс әкіміне алғысын білдіріп, мұндай қошемет-қолдау әр журналиске шабыт беретінін, ынталандыратынын жеткізді. Сонымен қатар, Мейрамбек Мылтықбайұлы Қазақ хандығының 550 жылдығының Жамбыл жерінде лайықты аталып өтілуі, оның басында Кәрім Нәсбекұлының жүргені мәңгілік ұмытылмайтын тарихтың қайталанбас парағы екеніне тоқталды. Келесі кезекте сөз алған облыстық «Ақ жол» газетінің директор–бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы Елбасымыздың ерен еңбегімен, көрегендігімен елімізде жүзеге асып жатқан тарихи сәттерде жүректің толқымауы, көңілдің қуанбауы мүмкін емес екенін айтып және келер жылы тойланатын ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мемлекетіміз үшін өте қастерлі екеніне тоқталып, облыс басшысының осы халық қуанышының басы-қасында болуына тілектестігін білдірді. Басқосуды Кәрім Нәсбекұлы қорытындылап, барлық бұқаралық және электронды ақпарат құралдарының өкілдеріне үлкен шығармашылық табыс, отбастарына қуаныш тілеп, еселі еңбектері үшін тағы да алғысын білдірді.

Есет Досалы,

«Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар