«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Cертке берік Сарбаздар

Cертке берік Сарбаздар
ашық дереккөз
Cертке берік Сарбаздар

Жас сарбаздың Отанға деген адалдығы ант беру рәсімінде көрінеді. Өйткені, ол сол сәттен бастап сын сағат туа қалса, елін-жерін қорғайтын жауынгер атанады.

Өткен жексенбіде әскер қатарына қосылған 53 жас сарбаз Қазақстан халқына және еліміздің заңды сайланған Президентіне адал қызмет етуге, егеменді еліміздің Конституциясы және оның заңдарын қатаң сақтауға ант берді. Тараз қаласындағы «Мәңгілік Ел» монументінің алдында өткен салтанатты шарада Отан алдында берген антын жеке қолтаңбасымен растаған жауынгерлерді Қазақстан қарулы күштері оңтүстік өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары, полковник Дәурен Есхожин, ата-аналар атынан Манзура Алжанбаева құттықтады. 2035 әскери бөлімі командирінің орынбасары, майор Дамир Түлебаев ант қабылдаған сарбаздар жамбылдық жігіттер екенін, олар енді Қазақстан Ұлттық қауіпсіздігі шекара қызметінде борыштарын өтейтінін айтты. «Бүгін – Отан үшін отқа түсер азаматтарымыз үшін нағыз жауапты кезең. Бұл сарбаздардың барлығы да алдын ала жауынгерлік даярлықтан өтіп, әскери өмірдің тыныс-тіршілігіне төселді. Осы сәттен бастап олар еліміздің қарулы қорғаушылары ретінде өз әрекеттеріне толық жауап беретін болады», – деді ол. Сарбаздардың ант беру рәсіміне келген ата-аналар мен туыстарының қарасы қалың болды. Талас ауданы, Ойық ауылының тұрғыны Әділхан Бәкежанов ұлы Әсет Амангелдінің әскер қатарына қосылғанына қуанатынын айтты. «Отан қорғау – асқақ абырой, мерейлі міндет. Бүгінгі ұрпақ бақытты. Өйткені, біз кезінде Кеңес үкіметі үшін ант берсек, қазіргі жауынгерлер өз елін, өз жерін қорғайды. Ант қабылдаған барлық сарбаздардың сертке берік болғанын тілеймін», – дейді. Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылының тұрғыны, жас сарбаз Ислам Шерматов қырық күн бойы 2035 әскери бөлімінің оқу-жаттығу орталығында болып, әскери әдіс-тәсілдің қыр-сырын меңгергенін айтты. «Бізге Қазақстанның шекарасын күзету міндеті жүктелді. Енді міне, әскери ант қабылдадық. Ант талаптары жауынгерлерге рухани күш, қажырлы қайрат беруде. Барлық сарбаздарға сәттілік тілеймін! Біз үшін бүгінгі күн есте қаларлық ең атаулы күн болды. Себебі, біз бүгіннен бастап, Отан қорғаушылар қатарына қосылдық», – деді.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар