Қоғамда еңбектің үлгілі жолынан жаңылмай, жалпыға өнеге көрсетіп жүретін жаны ізгі адамдар болады. Осындай кісілерге кездескен сайын жаның жадырап, көңілің марқаяды. Ұрпаққа берер ұлағаты мол мұндай жақсылардың қатарына Жеңісбек Шәйменұлын қосуға болады. Жеңісбек Егембердиевті ұзақ жылдан бері білемін. Мінезі біртоға, әр іске жауапты, салмақты, сабырлы азамат екенін алғашқы жүздесулерімізден-ақ аңғартқан. Қашанда бойынан ішкі мәдениеті, текті әулеттен шыққан ізгі қасиеттері байқалатын. Кейінірек қызметтес болғанда да Жекеңнің жақсы мінезін тани түстік. 1973 жылы Қаратау кен-құрылыс техникумын, 1981 жылы Қазақстан коммунистік партиясы Орталық комитеті жанындағы жоғары партия мектебін бітірген бұл азаматтың білімділігі, өз саласын жетік білетіні аңғарылып тұратын. Ол кісіні сол кезде өзін тек үлгілі қырынан көрсетті. Ж.Егембердиев 1974-1988 жылдары Талас аудандық кеңес атқару комитетінің жалпы бөлімінің, кейінірек ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметтерінде жүргенде өңірдің рухани, әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлесін қосты. Идеологиялық, ұйымдастыру жұмыстармен өткен 14 жылы жеміске, тың ізденістерге толы болды. «Ұйымдастыру бөлімі бүкіл ауылдық кеңес төрағаларының жұмысын үйлестіретін. «Мен бөлім басшысы болған жылдары біздің ауданның ауылдық кеңестері облыста бірнеше жыл бойы бірінші орында тұрды. Жекелеп айтар болсақ, Ойық ауылдық кеңесі облыс бойынша ауылдық кеңестердің байқауында көш бастап тұрды. Аудан республика көлеміне де танымал болды. Мұндай жетістік оңайлықпен келген жоқ», – дейді Жеңісбек Шәйменұлы. Осындай іскерлігін ескерді ме, көп ұзамай аудан басшылары Жеңісбекті Сәду Шәкіров ауылдық кеңес төрағасы қызметіне ұсынды. Бұл ұсынысты аталған ауылдық кеңесі халық депутаттары тегіс қолдап, төрағалыққа сайлады. Бұл кісі ауылдық кеңес төрағасы жұмысына да жан-тәнімен кірісті. Бұл 1990 жылдар, ең қиын кезең еді. Ауыл тұрғындарының әл-ауқаты төмендеу болды. Тұрғындар қиыншылыққа тап болып жатқан кез. Бұл сенім Жекеңді шар болаттай ширата түсті. Ел жағдайын аудан, облыс деңгейіндегі тиісті органдарға дер кезінде жеткізіп отырды. Ауылды жерде туындайтын көптеген мәселелерге бейжай қараған жоқ. Тіпті, әр көшені, әр үйді үнемі аралап, тұрғындардың жағдайын назарда ұстағаны жұмысына адалдығын, биік адамгершілігін көрсететін. Жақсы жетістіктермен ерекшеленген ол 1997 жылы облыстық деңгейдегі қызметке жоғарылады. Сегіз жыл бойы облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында бас маман, бөлім меңгерушісі қызметтерімен абыройға бөленді. 2005-2008 жылдары облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының мемлекеттік тілдерді дамыту бөлімін абыройлы басқарды. Жамбыл облысының топонимикалық анықтамалығын шығаруға ат салысты. Осы қызметтен зейнетке шықты. Сол тілдерді дамыту басқармасында да қызметтес болдық. Мен басқарма басшысының орынбасары, ол кісі бөлім меңгерушісі ретінде талай қиындықтармен бірге күрестік. Тіл саясаты сол кезде жаңадан өріс алып келе жатқан. Облыста іс-қағаздардың 30 пайызы ғана қазақша болатын, біз еңбек еткен жылдары бұл көрсеткіш 90 пайызға жетті. Осыдан-ақ, Жекеңнің табандылығын тануға болады. Жеңіс Шәйменұлы тілдің нағыз жанашыры болды. Жекең қай жұмыста жүрсе де жауапкершілікпен атқарды. Отбасында 3 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Еселі еңбектері ескеріліп әр жылдары облыс әкімінің, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Жеңіс Егембердиев – бұл күнде облыс әкімдігі жанындағы ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі. Жақында 70 жасқа толды. Жеңіс Шәйменұлының 70 жас мерейтойын облыс әкімдігі жанындағы ардагерлер кеңесі лайықты атап өтті. Облыс әкімдігінде өткен мерейтойлық шараны облыс әкімдігі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұматай Лайықов ашып, Жеңіс Шәйменұлына жақсы тілегін айтып, еңбегін бағалап, мерейтой иесіне облыс әкімінің Алғыс хатын және облыстық мәслихат шешімімен басқару органдарындағы көп жылғы жемісті еңбегі үшін берілген облыстың Құрмет грамотасын табыс етті. Содан соң облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ғалия Боранбаева сөйлеп, мерейтой иесіне зор денсаулық тілеп, Жеңіс Шәйменұлының тіл саласына, тілдерді дамыту басқармасына сіңірген елеулі еңбегін атап өтті. Сондай-ақ, облыс әкімдігі жанындағы балалар және жасөспірімдердің құқығын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы Бақыт Жақсылықова, ардагерлер Чапай Құрамысов және осы жолдардың авторы сөйлеп, Жеңіс Егембердиевтің мемлекеттік қызметтегі абыройлы еңбегі жөнінде ой ақтарды. Тараз қаласының Құрметті азаматы Бәтес Егембердиева бауырының жақсы қасиетіне, ағалық қамқорлығына тоқталып, құрмет көрсетті. Сөз сөйлегендердің барлығы да Жекеңнің жақсы қасиеттеріне, ауыл тұрмысын жақсартудағы, мемлекеттік тілді көркейтудегі ерекше еңбегіне тоқталды. Жекең қазірде қарап жүрген жоқ. Ол кісі облыстың қоғамдық істеріне белсене араласады. Жас ұрпаққа ісі үлгі. Еліміздің қаржы саласын дамытуға өзіндік үлесін қосқан Шәймен Егембердиевтей текті азаматтың ұрпағы екендігін үнемі байқатып келеді. Қоғамда болып жатқан жаңалықтар, жақсылықтар ардагер ретінде, аға буынның өкілі ретінде Жекеңнің де жанын жадыратады. Жас ұрпаққа ұлағатты өнеге беруден жалыққан емес. Жеңіс Егембердиев үлкен құрметтерге лайық. Мерейлі 70 жасыңыз құтты болсын, жақсы аға!
Мұхамеділда Байшонов, ардагер.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді