Cоғыстан соң да саптан шықпаған еді

Cоғыстан соң да  саптан шықпаған еді
ашық дереккөз
Cоғыстан соң да саптан шықпаған еді

Әр өңірде елеулі, еңбегімен ел құрметіне бөленген азаматтар қашаннан бар. Олардың еткен еңбегін кейінгі ұрпақ мақтан етіп айтады. Өйткені, қоғам үшін игілікті іс атқарған аяулы азаматтар жайлы қанша айтсақ та артық етпейді. Байзақ өңірінде ағарту саласында тұңғыш ұстаздың бірі болған Құттыбай Жылысбаев осындай азаматтың бірі болатын.

Өткен ғасырдың басында Мойынқұм ауданының Талдыөзек ауылында дүние есігін ашқан Құттыбайдың ата-анасы көп ұзамай Әулиеата өңіріне қоныс аударыпты. Осы ауданның №1 Дихан ауылына қоныстанып, алғашқы колхозшылардың бірі болған. Жас Құттыбай таяқ тастам жердегі Әулиеата қаласында мектепте орта білім алады. 30-шы жылдары мектеп бітірген түлектер аз ғана болған. Олардың алған білімі институтты бітіргенмен бірдей еді. Білімге құштар алғыр жас ол кезде Ленин (қазіргі Дихан) ауылында сауатсыздықты жою мектебін ашып, халықты оқытқан. Бұл 1934 жылы екен. Күні кешеге дейін арамызда болған көнекөз қариялар әліпбиді алғаш Құттыбайдан алған едік деп айтып отыратын. 1937 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған Жақсымбет Өтепбергеновке алғаш хат танытқан осы Құттыбай болған. Бұл кісі Жамбыл педагогикалық училищесінің ең алғашқы түлектерінің бірі екен. Ұлы Отан соғысы басталғанда алғашқылардың бірі болып 1941 жылы жазда майданға алынады. Көзі ашық сауатты жас әскерде саяси жетекші қызметін атқарады. Мәскеу қаласын қорғауға қатысқан Мәскеу түбіндегі Бабушкин селосы үшін болған қияңкес ұрыста жараланып, 1943 жылы елге қайтады. Майдан өтінде көрсеткен ерлігі үшін бірнеше жауынгерлік медальмен марапатталады. Майдангер Құттыбай Жылысбаевтың соғыстан кейінгі тағдыры аудан өмірімен тығыз байланысты болды. Аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып, идеология саласында тер төкті. Соғыстан кейін қалжыраған ауыл өмірін, мәдениетін көтеруге ат салысты. Осы жылдары мектеп, клуб үйлері салынып, оларды білімді кадрлармен қамтамасыз ету оңай емес еді. Осы жұмыстардың бел ортасында жүретін ол ұйымдастырушылық қабілетімен танылды. 1953 жылы Ленин ауылдық кеңесіне №18 Сатыбалды сайлау округінен депутат болып сайланып, Ленин ауылдық кеңесінің төрағасы болады. Аудандық кеңеске депутат болып сайланды. Халық қалаулысы ретінде осы округтің толып жатқан өзекті мәселелерін шешуге ат салысқаны әлі күнге жұрттың есінде. Майдан өтінде шыңдалған, сауатты, жігерлі, өмірден көрген-түйгені мол Құттыбай Жылысбаев жұбайы Хадишамен 3 ұл, 4 қызды өмір көшіне қосып, бақытты ғұмыр кешті. Бүгінде алып бәйтерекке айналған отбасының ұрпағы өсіп-өніп, еліміздің баянды бақыты жолында еңбек етуде.

Есіркеп Серікбайұлы, зейнеткер.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар