Ағымдағы қой жылы жамбылдықтар үшін мерейлі де мерекелі, табысты да жемісті той жылы болды. Бұл туралы Тәуелсіздік күні қарсаңында бірқатар өңір азаматтарына мемлекеттік наградаларды тапсырған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев та айрықша атап өтті.
– Биыл біз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма төрт жылдығын атап өтіп жатырмыз. Еліміз үшін ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздік! Ендеше, сол теңдессіз құндылығымызды бәрінен биік етіп, құрметтеп, бағалауымыз керек! Бұл азаттық бізге азапты да бейнетті жолмен жеткенін білеміз. Осынау ұлы мерекемен баршаңызды құттықтауға рұқсат етіңіздер! Иә, қой жылы өңіріміз үшін табысты жыл болды. Атап айтар болсақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, ҚР Конституциясының 20 жылдығы секілді атаулы мерейтойлар облысымызда кең көлемде аталып өтті. Сонымен қатар, тарихы терең шаһарымыз – Тараз төрінде Қазақ хандығының 550 жылдық дүбірлі тойы Елбасының қатысуымен, барша еліміздің бір кісідей ат салысуымен салтанаты асқақтап, дүркіреп, өз деңгейінде өткенін айтып өтпеске болмайды. Осы жылы біз ел болып, Президентімізді сайлап, жаңа кезеңдерге қарай қадам бастық. Осының бәрінде сіздердің де үлестеріңіз бар, – дей келе облыс басшысы Кәрім Нәсбекұлы марапат иелеріне наградаларын табыстады. Айта кетейік, «Ерен еңбегі үшін» медалімен он үш адам, «Шапағат» медалімен екі азамат, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен он адам марапатталды. Сондай-ақ, салтанатты марапаттау барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерекелік медалін иеленді. Марапаттау рәсімінен соң сөз алған «Қазақстан-Тараз» телеарнасының директоры Мейрамбек Төлепберген Тәуелсіздік мерекесіне орай Елбасы Жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталған облыс басшысы Кәрім Нәсбекұлын және мемлекеттік наградаларды иеленген өзге де жамбылдықтарды құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қордай ауданы әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Сманалы Тұрғынбай, «Шапағат» медалінің иегері, «Ақбұлақ» экологиялық қоғамдық ұйымының төрайымы Нілзия Рақышева өздерінің көп жылғы еңбектерінің еленгеніне ризашылықтарын айтып, осынау бейбіт елде, жан-жақты жұмыстар жасауға мүмкіндік танытып, қолдау білдіріп отырған Елбасыға, облыс басшылығына алғыстарын жеткізді.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді