«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Біздің тірегіміз – тәуелсіздік

Біздің тірегіміз – тәуелсіздік
ашық дереккөз
Біздің тірегіміз – тәуелсіздік

Өзгеше бір күй. Ерекше толқынысты шақ. Жұртшылық қуана қауышып, ақ жарқын көңілмен бір-біріне ақжарма тілегін айтып жатыр. Енді ше, ел болып еңсе тіктеген тарихи күн ғой бұл. Қуанбай қайтсін?! Ұлы Дала төсінде ата-бабаларымыз сарыла күткен, әке-шешеміз зарығып жеткен Тәуелсіздік салтанат құрып жатқанда толқымай шыдап көр! Иә, салтанатпен сап түзген сарбаздар сахна төріне Қазақстанның мемлекеттік Туын алып шыққанда, «Баласағұн» орталық концерт залына жиылған көпшілік өзгеше бір күйге енгендей, толқып тұрды. Орындарынан тік тұрып, бір сәтке сілтідей тынып, мемлекет­тік Әнұранның шырқалуын күтті. 

– Бүгін еліміз ұлт Тәуелсіздігінің 25 жылдығына қадам жасап отыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тұңғыш Президент күні қарсаңында жариялаған тарихи Жолдауында ел Тәуелсіздігінің мәні мен мағынасына ерекше тоқталып өтті. «Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!» деп ағынан жарылды. Осы сөзі арқылы Тәуелсіздік халқымыздың басты құндылығы екенін тағы бір нықтай түсті. Баршаңызды Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын! – деді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген құттықтау сөзінде.

Ширек ғасырға қадам жасаған Тәуелсіз Қазақстан өткен 24 жылдың бедерінде көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Әлеуеті артып, сан саладағы істері ілгері басқан өңірлердің қатарында біздің облысымыз да бар. Өңірімізде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік салаларда ауқымды жобалардың жүзеге асырылғанын айтпағанда, жамбылдықтардың Қазақ хандығының 550 жылдығын лайықты жетістіктерімен қарсы алуы, елдік тойды жоғары деңгейде өткізгенін – жылдың басты табысы деп айтуға болады. Жамбыл жұртшылығы ел өміріндегі маңызы зор саяси шара –Президент сайлауында да белсенділік танытып, саяси ұстанымдарының жоғары екендігін көрсетті. 

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев салтанатты жиында осыны айтты. Биылғы еліміз атап өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Ата Заңымыздың 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы ұлтты ұйыстырып, халқымыздың ауызбіршілігін арттыра түскенін қозғады. Ынтымақтастық пен тұрақтылық, ұлтаралық келісім мен бейбітшілік – Елбасымыздың сарабдал саясатының жемісі екендігін тілге тиек етті. «Тәуелсіздіктің әрбір күні – жаңа Қазақстан тарихының тұтас дәуірі. Тәуелсіздігіміздің 24 жылдығында да алтын әріппен жазылатын оқиғалар болды. Бүгінде мемлекетіміз өз азаматтарына зор жауапкершілікпен қарайды», – деді Кәрім Нәсбекұлы. Елімізбен бірге Жамбыл жері де тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын ірі табыстармен қарсы алып отыр. Өз кезегінде елдің дамуына үлес қосып жүрген жамбылдықтардың еңбегі елеусіз қалмауда. Тәуелсіздік күніне орай Елбасы Н. Назарбаевтың Жарлығымен мемлекеттік наградаларға ие болғандардың қатарында біздің облысымыздың азаматтарының да болуы – соның дәлелі. Салтанатты шарада бірқатар азаматтарға облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев мемлекеттік наградаларды тапсырды. Тәуелсіздік мерекесінде жоғары наградаға ие болғандар қатарында кәсіпорын басшылары, аудан әкімдері, басқарма басшылары, шаруа қожалықтарының жетекшілері ғана емес, қарапайым еңбек адамдары да бар. Жиында Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында өткен «Мәдениет пен өнердегі үздік аудан – 2015» байқауының жеңімпазы атанған Шу ауданына «ГАЗель» автокөлігінің кілті тапсырылды. Еңбеккердің мерейін тасытып, елжанды азаматтардың мәртебесін асырған салтанатты жиын облыстық филармония өнерпаздарының концертіне ұласты. Патриоттық рухты жаныған әндер ерекше әсерге бөледі. 24 жылдың ішінде әнге деген талғамның өскенін, өнерге деген қошеметтің артқанын байқатты. Тыңдарманының деңгейіне қарай өнерпаздардың да өресі өскен екен. Концерт те тамаша өтті. Көрерменнің ықыласы да өзгеше. Жұрт тарай бастағанда алдыңғы қатарда отырған қария қасындағы замандасына қарап: «Шүкір, осының бәрі Тәуелсіздіктің арқасы ғой», – деді жанарын кіреукелеген жасты саусағының ұшымен сылып тастап жатып. «Иә!» деді екінші қарт та. Жандарына ентелеп барып, есімдерін сұрай алмадым. Қос қарияның толқулы сәтін бұзғым келмеді...

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар