Жылдың басты қорытындылары: Президентпен бейресми әңгіме
- author «Ақ жол»
- 21 желтоқсан, 2015
- 198
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «24KZ» және «Қазақстан» телеарналарының журналистері Ерлан Игісінов пен Бейсен Құранбекке жан-жақты сұхбат беріп, онда өтіп бара жатқан жылдың басты қорытындылары туралы әңгімеледі және ел өміріндегі аса маңызды үдерістерге қатысты өзінің пікірін білдірді.
Жылдың шешуші қорытындылары туралы
2015 жылғы негізгі оқиғалар арасынан Мемлекет басшысы президенттік сайлауды, жүзеге асырыла бастаған Бес институттық реформа мен «100 нақты қадамды», Қазақ хандығының 550 жылдығын, Конституция мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын ерекше бөліп атады. Бұл орайда, Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік экономикадағы байқалып отырған дағдарысты ескере келгенде, өтіп бара жатқан жылдың оңай болмағанын атап көрсетті. – Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан бірнеше дағдарысты басынан өткерді. Біз оқиғалардың осылайша дамитынын білдік, алайда, барлығы осыншалықты күрделі болатынын болжаған жоқпыз. Мұнай бағасы жарты жылда 115 доллардан 40 долларға дейін түсіп кетті. Металл, газ бен басқаларды қоса алғанда, біздің экспорттық тауарларымыз құнының арзандауы бюджетке түсімдерді қысқартты. Осылардың бәрін есепке ала келе, біз әрі қарайғы іс-қимылымызды айқындадық. Мұның барлығын халық менің жақындағы Жолдауымнан, сондай-ақ, басқа да маңызды шаралардан естіп, құлағдар болды, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті тұтастай алғанда, елдегі жағдай тұрақты екенін атап өтті. – Қиындықтар болады. Бірақ біз азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы нашарламауы үшін бәрін де жасап жатырмыз. Мен алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің еңбекақысын, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер де бар, сондай-ақ, арқаулық зейнетақы мен стипендияларды көбейту туралы жария еттім. Мұның барлығы адамдарды дағдарыс салдарынан қорғау үшін жасалып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы біздің елімізге Ресей мен Батыс елдері арасындағы екіжақты санкциялар, Ресей-Түркия қатынастарының нашарлауы мен Қытай Халық Республикасындағы экономикалық ырғақтың төмендеуі ықпал етіп отырғанын атап көрсетті. Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, жылдың шешуші оқиғалары Қазақстанның Еуропалық одақпен Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюы, еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына енуі болғанына назар аударды. Қазақстан Президенті жарияланған институттық реформаларды жүзеге асыру аясында Парламенттің үдемелі жұмыс істегенін атап өтті. Депутаттар 80 шақты заң қабылдаса, соның нәтижесінде алдағы жылдан нақты жаңғыртулар жүзеге асырыла бастайтын болады. Мемлекет басшысы біздің республикамызға жетекші әлем елдері мен халықаралық қаржы институттары тарапынан оң көзқарас танытылып отырғанын және олардың ынтымақтастыққа дайын екенін атап көрсетті. Сондай-ақ, Қытай мен Ұлыбританияға және Францияға сапарлар барысындағы келіссөздердің, Астанада шетелдердің мемлекет және үкімет басшыларымен кездесулердің жемісті болғанын мәлімдеді. – Осындай қарым-қатынастар бізге сенімділік беріп қана қоймай, Қазақстанның әлемде құрметке және сенімге ие екенін көрсетеді. Осының барлығы Тәуелсіздіктің 24 жылындағы қызметіміздің нәтижесі болып табылады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ресей мен Түркия арасындағы қатынастың нашарлауы туралы
Қазақстан Президенті біздің елімізді Ресей-Түркия өзара қарым-қатынасы төңірегінде қалыптасып отырған жағдай алаңдататынына назар аударды. – Ресеймен де, Түркиямен де біз ең ізгі қарым-қатынас ұстанып келеміз. Мен әуел бастан екі елдің ұстанымын жақындатуға ұмтылдым. Өйткені, қалыптасқан жағдай ешкімге де пайда әкелмейді. Егер парасат басым түсер болса, онда тараптар мәмілеге келеді. Тығырықтан шығудың ең төте жолы – келіссөздер мен мәміле. Бұл екі мемлекеттің де, сондай-ақ, Қазақстанның да мүддесіне сәйкес келеді ғой деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
ЕАЭО-ның біртұтас валютасын енгізу ықтималдығы туралы
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың бөлшегі ретінде және ашық экономика жүргізе отырып, түрлі жаһандық үдерістердің ықпалын сезінетінін атап өтті. Оның үстіне, біртұтас еуразиялық валюта мәселесі күн тәртібінде тұрмағаны көлденең тартылды. – Еліміздің тәуелсіздігі біз үшін басты құндылық болып табылады. Ал интеграция экономикалық мүдделерге және басқа елдермен сауда-саттық үшін оңтайлы жағдайлар туғызуға деген ұмтылысқа негізделген, – деді Қазақстан Президенті.
Долларсыздандыру үдерісі туралы
Мемлекет басшысы доллардың Қазақстандағы айналымына қатысты ешқандай тыйым салу шаралары енгізілмейтініне назар аударды. – Дағдарысты жағдайларда түрлі шаралар қабылданады. Мәселен, 90-шы жылдардың соңында Оңтүстік-Шығыс Азияның кейбір елдері барлық экспортшыларды валютаны мемлекетте ұстауға мәжбүрлеп, сыртқа валюта шығаруға тыйым салды. Бұл төтенше және нарыққа жат шара болатын. Бірден айтайын, біз бұлай жасамаймыз. Бұл нарықтық экономикаға және Қазақстанның бүкіл қаржы саясатына қайшы келген болар еді. Долларсыздандыру Ұлттық Банктің ішкі рынокта нарықтық құралдарды пайдаланатынын меңзейді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Үкіметтегі ықтимал өзгерістер туралы
Қазақстан Президенті кадрлық өзгерістер қай кезде де болмай қоймайтынын, бұл мәселенің қоғамда үлкен қызығушылық туғызатынын атап көрсетті. – Осындай мәселелерді талқылаумен өмір сүретін адамдар тобы бар. Олар үшін кадрлық өзгерістер – ас үйде отырып айтатын әңгімелердің басты тақырыбы. Өзімнің басшылықтағы үлкен тәжірибемнен білетінім, қашанда сабақтастық маңызды. Бүгінгі біздің Үкіметіміз өте жас және ширақ. Министрлердің көпшілігі 70-ші жылдары туғандар. Және бұл үдеріс жалғасатын болады. Атап айтқанда, құрылып жатқан «Астана» қаржы орталығында сот ісін жүргізу ғана емес, тұтастай алғанда, барлық жұмыс ағылшын тілінде жүргізіледі. Онда жастардың жұмыс істейтіні табиғи жайт. Әрине, жас немесе кәрі деген – бұл шартты бөлініс. Ең бастысы, оның қандай мектептен өткені, қандай тәжірибесі мен білімі бар екені. Ал бүгінде, «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңға сәйкес, бұл үдерістер ретке келтірілу үстінде. Сондықтан Үкіметті толықтай ауыстыру туралы мәселе қойылып отырған жоқ. Міне, дағдарысқа қарсы жоспарды, «Нұрлы Жол» бағдарламасын, бес институттық реформаны жасауға қатысқан нақ осы Үкімет және осының бәрін орындайтын да солар болмақ. Алайда, егер жұмыс барысында біз кемшіліктерді көретін болсақ, ондай жағдайда, әрине, өзгерістер болады, – деді Мемлекет басшысы.
Репатрианттар туралы
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің есігі оралмандар үшін қай кезде де ашық екенін атап өтті. Дегенмен, адамдардың аталған категориясы үшін еліміздің азаматтығын алу ресімдерін жеңілдету бойынша шаралар қабылданған болатын. Тәуелсіздік жылдарында тарихи Отанына шамамен бір миллион отандасымыз оралды. Осыған байланысты Қазақстан Президенті өзінің миграциялық саясатында шектеусіз қабылдаудан «нүктелі» іріктеуге көшіп, белгілі бір мамандығы бар және ел дамуына өзінің үлесін қосқысы келетін адамдарға басымдық беретін Германияның тәжірибесін мысалға келтірді. Дегенмен, Мемлекет басшысы еліміз оралмандарға қатысты қандай да бір шектеулер қоймайтынын атап көрсетті. – Біз келгісі келетін барлық отандастарымызды қуана қарсы аламыз. Еліміз халқының санын 20 миллионға жеткізуге ұмтылып отыр. Республикада ішкі демографиялық өсім байқалса, оған оралмандар да өз үлестерін қосуда. Әсіресе, елге тез бейімделетін, білім мен мамандық алып, қоғамның бөлінбейтін бөлшегіне айналатын жастарды ерекше атап өткен жөн. Мемлекетіміздің тарихында қай кезде де болғанындай, қазақстандықтардың келіп жатқан отандастарымызға қолдау көрсеткені маңызды, – деді Қазақстан Президенті.
Банкроттық ресімі және тиімсіз кәсіпорындар туралы
Нұрсұлтан Назарбаев осы кезге дейін кең етек жайған табыс әкелмейтін кәсіпорындарды субсидиялау тәжірибесі тиімсіз болып табылатынына назар аударды. – Біздің банкроттарға көмектесуіміздің салдарынан экономикамыз нашарлап, бәсекелестік әлсірейді. Егер кәсіпорын мемлекеттік субсидияға жұмыс істеп, қолдау далаға кетіп жатса, демек, ол банкроттық ресіміне ұшырауы тиіс. Бірақ бұл біз нысанды жауып, қарапайым қызметкерлерді жұмыссыз қалдырамыз дегенді білдірмейді. Бұрынғы меншік иесінің орнына жаңа жоспары мен жаңа менеджменті бар басқалар келеді, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті ҮИИД бағдарламалары шеңберінде ашылған барлық кәсіпорынның 95 пайызы жұмыс істеп, пайда әкеліп отырғанын атап өтті. – Әрине, мұндай үлкен істе кемшіліктер болмай тұрмайды. Қандай да бір себептерге байланысты жобалау кезінде немесе менеджментте қателіктер жіберілген зауыттар бар. Бірақ мұнда тұрған ештеңе жоқ. Мәселен, Қарағанды кремний зауыты өзінің жұмысын тоқтатқаннан кейін онда жаңа менеджер келіп ақша салды және өндірісті қайтадан іске қосты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы индустриялық-инновациялық бағдарламалардың еліміз экономикасындағы рөлі туралы айтты. – Бағдарлама алдағы дағдарыстарға біздің қайтарған жауабымыз болды. Оның мақсаты – экономикамыздың шикізаттық бағыттылығынан кету. Ашылған 890 кәсіпорынға 3,8 трлн.теңге жұмсалды. Оның 74 пайызы – жеке капитал салымдары. Қалған қаржылар – банк кредиттері мен мемлекеттік қолдау. Өз кезегінде, кәсіпорындар қазірдің өзінде 5,3 трлн. теңгенің өнімін өндіріп, мемлекет бюджетіне бірнеше трлн. төледі, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан жастарының жұмысшы мамандығын меңгеруге деген ұмтылысы маңызды болатынын атап көрсетті. Дәл осы үшін тегін кәсіптік-техникалық білім беруге бағытталған жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. – Бүкіл әлем тағдыры жұмысшы адамның қолында. Егер ол өз ісінің шебері болатын болса, онда оның бағасы көптеген есе артады, еңбекақысы жоғарылайды, өз отбасын қамтамасыз етудің тұрақты қаржы көзі пайда болады және жоғары білім алуды қоса есептегенде, алдына қойған мақсаттарына қол жеткізеді, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті өскелең ұрпақтың заманауи білімдерді меңгеруі қажеттігіне назар аударды. – Таңертең күш-қуаты бойына сыймай барып, кешкісін шаршағаны сезілмей үйіне оралатын сүйікті жұмысымен айналысатындардан асқан бақытты адам жоқ шығар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мүліктерді заңдастыру туралы
Мемлекет басшысы алда жалпыға ортақ кірістер мен шығыстарды декларациялау енгізілетінін атап өтті. Сонымен бір мезгілде, заңдастырудың кең ауқымды жекешелендіру қарсаңында активтерді заңды айналымға қайтару мақсатында жүргізіліп отырғанын айтты. – Мен кірістер мен шығыстар туралы есептілік міндетті болғаннан кейін қазақстандықтардың алаңсыз өмір сүргенін қалаймын. Біз, ең алдымен, азаматтарымыздың жекешелендіруге қатысқандарын қалаймыз, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, кәсіпкерлер қайырымдылыққа, мәдениет пен жас таланттарды қолдауға, мұқтаждарға көмектесуге белсенді қатысулары тиіс екенін атап өтті.
Зейнетақы қорларының жұмысы туралы
Мемлекет басшысы әуел баста зейнетақы жинақтарын қалыптастырудың негізгі көзі мемлекет болғанын қаперге салды. – Қазір төлеуші үшеу – салық төлеушінің өзі, жұмыс беруші және мемлекет. Осы жүйені енгізе отырып, біз шет мемлекеттер тәжірибесін алмастық және негізгі міндеті – қаржылардың сақталуы мен табыстылығын қамтамасыз ететін зейнетақы қорын құрдық. Сонымен бірге, біз олар бұл активтердің құнын ұлғайтуы үшін іс жүзінде салымдарды екінші деңгейлі банктерге бердік. Бірақ әлемдік қаржы дағдарысы басталған кезде олардың осы қаржылардың бәрін жоғалтуы мүмкін еді. Сондықтан зейнетақы салымдарын Ұлттық Банкке беру жөнінде шешім қабылданды. Бірақ қазір Ұлттық Банктің, қаржы орталығын құруды қоса алғанда, өзге де көптеген міндеттері бар. Осыған байланысты мемлекет зейнетақы салымдарының сақталуын және табыс әкелуін қамтамасыз етуге міндеттенетін жеке компаниялармен келісімшарт бекітеді. Оны мемлекет қатаң қадағалайтын болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Руға бөліну туралы
Қазақстан Президенті ондай ахуал ыдырауға соқтыруы мүмкін болғандықтан руға бөлінуге жол беруге болмайтынын айтты. Қазақтардың өз тарихында тек бөлінушіліктің және бірліктің болмауы жағдайында ғана жеңіліс тауып келгені атап өтілді. – Кезінде топтаса отырып, қазақтар Аңырақай шайқасында өзінің ең қауіпті жауын жеңді. Мұндай табыстың себебі бірлікте еді. Ол кезде ешкім де бір-бірінен қай руға немесе өңірге жататынын сұраған жоқ. Сол сияқты Абылай ханның жанында да түрлі жерлердің батырлары болды. Егер біз осындай дертке шалдығар болсақ, ыдыраудың алдын алу оңай болмайды, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміздің күрделі сынақтардан өте отырып тәуелсіздікке ие болғанын атап көрсетті. – Халқымыз біртұтас болған кезде ол ешкімге де және ештеңеден де есе жібермейді. Біз батылмыз және намысқоймыз, өз ар-ожданымызды құрмет тұтамыз. Өз ата-бабаларымыздың дәстүрлері мен мұраларын сақтау үшін біртұтас болуымыз керек, – деді Қазақстан Президенті. Қазақ хандығының 550 жылдығы туралы
Мемлекет басшысы мерейтойды мерекелеу шеңберінде бүкіл ел бойынша шамамен 700 іс-шараның өткізілгеніне назар аударды. Оның сыртында Астанада салтанатты жиналыс болды, Таразда және барлық облыстарда мерекелер өтті. Бұл іс-шаралар халықтың, әсіре өскелең ұрпақтың біздің тарихымызды қабылдау көкжиегін кеңейтуге жағдайлар жасады. – Бүкіл әлем бойынша қазақтар туралы мәліметтер мен тарихи деректер жиналды. Өздеріңіз білетіндей, біздің еліміздің өткенінің үлкен бөлігі жазбаша түрде сақталмаған, тек ауызша ғана сақталған. Интеллигенция мен ғалымдардың міндеті біздің еліміз туралы тарихи деректерді жинау, талдау жасау және ретке келтіру болып табылады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесі туралы
Қазақстан Президенті Қазақстанның елордасында халықаралық ЭКСПО көрмесін өткізу туралы шешімге байланысты өкініш сезінбейтінін атап өтті. – Таяуда Парижде бүкіл әлем климаттың өзгеруі туралы мәселе мен зиянды шығарындыларды азайту міндетін талқылады. Ал шығарындыларды біз сол арқылы өмір сүріп отырған көмір мен мұнай сияқты энергия көздері береді. Әлем тек биылғы жылы ғана «жасыл технологияларға» 270 млрд. доллар жұмсады. 2050 жылға қарай электр энергиясының 15-тен 50 пайызға дейінін баламалы көздерден алу міндеті қойылды. Сондықтан жасыл технологиялар – ол тек көмірсутектерін алмастыру ғана емес, ол – ғылыми-техникалық прогресс. Бүгінде электрмен жұмыс істейтін автомобильдер шығаратын бүтіндей бір зауыттар жұмыс істейді. Егер біз осы ағымнан қалып қоймайық десек, бізге де осы бағытта қозғалу қажет. Біздің елімізде бұған қажеттінің бәрі де бар, – деді Мемлекет басшысы.
1986 жылғы желтоқсан оқиғасының 30 жылдығы туралы
Нұрсұлтан Назарбаев халық зердесінде қалған осынау ірі тарихи оқиғаға тиісті баға берілгенін, оған қатысушылардың ақталғанын атап көрсетті. – Қ.Рысқұлбековке Халық Қаһарманы атағы берілді, оны сонда бой көрсеткен барлық жастарға марапат ретінде қарастыруға болады. Бұл күн менің Жарлығыммен Демократиялық жаңғыру күні болып жарияланды. Қатысушыларды есте қалдыру тұрғысында ескерткіштер орнатылды, көптеген көшелер «Желтоқсан» атауына ие. Біздің жастарымыз патриотизм және өз елін қорғауға дайындық рухында тәрбиеленуі тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Ұлттық холдингтер туралы
Мемлекет басшысы кезінде холдингтердің кең ауқымды жекешелендірудің болмағандығынан құрылғандығын айтты. – Мемлекет – кәсіпорындарды жеткілікті түрде тиімді басқара алмайтын нашар менеджер. Сондықтан біз жеке секторды басқару қағидаттарын пайдалана отырып квазимемлекеттік сектор құрдық. Ол қадам дұрыс еді. Оны аталған холдингтер оң рөл ойнаған 2007-2009 жылдардағы дағдарыс та растады. Бірақ қазір ол компаниялар ырғақтылығынан айырылды, өз активтерін ұлғайтпайды, корпоративтік басқару әлсіз, сондықтан да біз оларды сынға аламыз. Олардың міндеті – басқаруды жақсарту, инвестициялар тарту, компаниялар құнын ұлғайту және бүтіндей алғанда елге барынша пайда келтіру. Егер оған қол жеткізілмейтін болса, олармен не істеу керектігін ойласатын боламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті сондай-ақ, ұлттық холдингтер құрылымын оңтайландырудағы ең басты мақсат олардың ықшамдығы мен тиімділігін қамтамасыз ету екенін де айтып өтті.
Сыбайлас жемқорлық проблемасы туралы
Нұрсұлтан Назарбаев рұқсат беру ресімдерінің тым көптігі сыбайлас жемқорлық көріністері үшін алғышарт жасайтындығы жөнінде пікір білдірді. Сонымен бірге, жемқорлықпен күрес ісінде бүкіл халық белсенділік танытуы тиіс. – Бүкіл халық болып онымен күреспейінше, біз табысты нәтижелерге жете алмаймыз. Бұл қоғамда тиісті мәдениетті қалыптастыру мәселесі, – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті шенеунік пен бизнестің, шенеунік пен халықтың арасындағы байланыстарды мейлінше азайту үшін «Электронды үкіметті» одан әрі дамытудың маңыздылығын атап көрсетті. – Бүкіл құжат айналымы, рұқсат беру ресімдері Интернет арқылы жүзеге асуы үшін оны аяғына дейін жеткізу қажет. Сыбайлас жемқорлықпен мемлекеттік саясат тәсілдерімен, құқық қорғау органдарының қағидатты қызметі арқылы күресетін боламыз, бүкіл Қазақстан халқын осы мәселеде сергек болуға және адал еңбек етуге шақырамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кадр саясаты туралы
Мемлекет басшысы лауазымға тағайындау кезінде ол адамның бұрынғы жұмыс орнында қол жеткізгендерін басшылыққа алатындығын айтты. – Мен бұрынғы лауазымында табысты болған адамдарды іріктеуге тырысамын. Әрине білімі, өмір тәжірибесі, өткен мансаптық баспалдақтары, моральдық қасиеті ескеріледі, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңның меритократия қағидаттарына негізделгенін және жұмысқа қабылдауда конкурсты, сынақ мерзімін, қызмет бабында дәйекті ілгері басуды қарастыратынын атап өтті. – Бұл қызметке этностық белгісі, жерлестігі бойынша емес, өз мамандығы бойынша білімі, тәжірибесі бойынша қызметке адал келуі үшін өте жақсы сүзгі деп ойлаймын. Бізге істі білетін мамандар қажет, – деді Мемлекет басшысы.
«Байқоңыр» ғарыш айлағының болашағы туралы
Қазақстан Президенті отандық ғарышкерлердің Халықаралық ғарыш стансасына ұшуы біздің елімізде ғарыш айлағы болуының, Ресеймен ғарыш саласындағы сындарлы ынтымақтастықтың және екі ел арасындағы достық қарым-қатынастардың арқасында мүмкін болғанына назар аударды. – Қазіргі уақытта біздің еліміздің ғарышқа шығу үшін ұшқышы бар корабльдер құрылысын жүргізуге, ғарыш айлағын ұстап, тиісті кадрлар дайындауға мүмкіндігі жоқ. Дегенмен, біз бұл бағытта жұмыстар жүргізудеміз. «Протон» зымыран тасығышына келер болсақ, оның соңғы құлауынан кейін Ресей тарапымен өтемақы төлеу, біздің аумағымызды кешенді түрде тазарту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Болашақта экологиялық қауіпсіз зымыран тасығыштар пайдаланылатын болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы «Байқоңыр» ғарыш айлағы жұмыс істеуін жалғастыратынын және оның өзінің ерекше орналасуы арқасында да қажет бола беретінін атап көрсетті.
Саламатты өмір салты туралы
Қазақстан Президенті спортпен айналысудың және саламатты тамақтанудың маңыздылығын атап өтті. – Әркім өзінің дене және интеллектуалдық формасын қадағалап отыруы тиіс. Бүтіндей алғанда, қазақстандықтар дені сау ұлт болуы керек. Мен біздің жастарымыздың соған ұмтылатынын білемін, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекеттік көшбасшының ұстанымын білдіруі туралы
Нұрсұлтан Назарбаев оның сөзі бүкіл халық пікірінің көрінісі болып табылатындықтан мемлекет басшысы үшін өз сөзін мұқият ойластыра білудің маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы халықаралық келіссөздер кезінде бәтуаға келе білу қажеттігіне назар аударды. – Ондай жағдайларда әркезде де біздің еліміз үшін пайдалы жағына қол жеткізуге тырысасың, – деді Қазақстан Президенті.
Шынайы көңіл күй туралы
Нұрсұлтан Назарбаев Астананың барша жұрттың бойында таңғажайып көңіл-күй тудыратынымен бөлісті. Қысқа мерзім ішінде далада заманауи қала өсіп шықты, оның төңірегінде нағыз орман пайда болды. – Бүкіл Қазақстан да дәл солай. Біз осы жылдар ішінде мүлде жаңа ел мен жаңа ұрпақты құрдық. Олар еш қысылып-қымтырылмайтын, мейлінше ашық жастар, – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті өзі бөлген қайырымдылық көмектің көптеген балаларға денсаулық сыйлағанына байланысты өте күшті толқуды сезінгенін атап өтті. – Мен олардың аналарының көздерінен қуаныш жасын көрдім. Әрине, ол өте күшті көңіл күйлік әсер, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қабылданатын шешімдер туралы
Мемлекет басшысы шешімдер қабылдау кезінде өз тәжірибесіне арқа сүйейтінін атап көрсетті. – Мен үшін ең күрделісі таразы басына бүкіл факторларды қоюға тура келетін кадрлық шешім қабылдау болып табылады. Жұмыстан босатылудың оның отбасы мен жақындарына салдары туралы ойлағандықтан, өзің бұрынырақта тағайындаған адамды лауазымынан босату оңайға соқпайды, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік жылдарында көптеген маңызды шешімдердің қабылданғанына назар аударды. – Мұндай жағдайларда жауапкершілік өте жоғары. Кез-келген қателіктің бүкіл елге теріс әсер етуі мүмкін. Дегенмен, қателікке жол беруден қауіптеніп шешім қабылдауды соза беру де дұрыс емес. Мұндай жағдайларда дұрыс шешім қабылдауға ішкі түйсік көмектеседі, – деді Мемлекет басшысы.
(«Егемен Қазақстан», 15 желтоқсан, 2015 жыл.)
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді