Еліміздегі дәстүрлі екі діннің бірі – христиан дінінің православтық тармағын ұстанатын облыс орталығының және Тараз қаласына іргелес жатқан елді мекендердің мыңдаған тұрғыны мамыр айының 9-10 күндері аралығында «Успения Божией матери» храмында өткен «Әулие Құдай анасының белбеуіне» арналған кешкі және таңертеңгі мінәжат ету рәсімдеріне қатысу мүмкіндігіне ие болды. Оны Таразға еліміздегі Православтық шіркеудің басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александр алып келді. Жалпы, православ дінбасыларының айтуынша «Әулие Құдай анасының белбеуі» «Құдай анасының» жердегі тіршілігінен қалған бірден-бір жәдігер көрінеді. Ел аузындағы аңыз бойынша белбеуді «Құдай анасы» түйенің жүнінен өз қолымен тоқыпты. Әрі онымен байланысты алғашқы таңғажайып оқиға «Құдай анасының» өмірінің соңғы сәттерінде қасында болып, батасын алуға және жерлеу рәсіміне қатысуға мүмкіндігі болмаған апостол Фоманың басынан өткен. «Құдай анасы» жерленгеннен кейін арада үш күн өткенде ол апостол Фомаға көрініп, оның көңілі жұбаныш табуы үшін оған белбеуді тапсырады. Бұдан кейін жәдігер Палестинада және Константинопольде сақталған. Ал, оныншы ғасырда «Әулие Құдай анасының белбеуін» бірнеше бөлікке бөліп, оларға иелік ету мүмкіндігіне Болгария, Грузия, Кипр және Ресей ие болады. Міне, сол заманнан бері Мәскеу қаласындағы әулие Илия храмында сақталып келген белбеудің бір фрагменті Мәскеу патриархы Кириллдің батасы бойынша Қазақстанға әкелініп, христиан дінінің православ тармағын тұтынатындардың тәу етуіне жағдай туғызылып отыр. – Сан ғасырларды артқа тастаған уақыт бедерінде киелі белбеудің себепші болуымен орын алған таңғажайып оқиғалардың саны санап тауысқысыз, – дейді «Успения Божией Матери» храмының протоиерейі Георгий әкей. «Православий дініндегілер сонау көне замандардан бері «Құдай анасынан» зілзала, өрт, эпидемия, су тасқыны, дүлей дауылдардың және басқа да апатты оқиғалардың болмауын тілеп, мінәжат етіп келеді. Нәтижесінде олар жаны мен тәнін езгілеген ауыртпалықтар мен ауыр науқастарынан айығады, бір перзентке зар болған аналар сәбилі болады. Тәңірі «Әулие Құдай анасы» арқылы тілек тілеушілерді сүйіспеншілік, бейбітшілік, төзімділік, қайырымдылық, жан тыныштығы сияқты рухани игіліктерге кенелтеді», – деді ол. Христиан дінінің Православтық бағытын ұстанатындардың өтініші бойынша «Әулие Құдай анасының белбеуі» еліміздегі Православ шіркеуінің басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александрдың алып жүруімен маусым айының 15-іне дейінгі аралықта республиканың барлық облыс орталықтарындағы және Астана мен Алматы қалаларындағы орталық шіркеулерде өтетін діни рәсімдерде дінге сенушілердің назарына ұсынылатын болады. * * * Өңірге ізгілік миссиясымен келген еліміздегі Православтық шіркеудің басшысы, Астана және қазақстандық митрополит Александр мен православтық дінбасыларды жексенбі күні облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қабылдап, кездесу өткізді. – Облыстың барша тұрғындарының және жеке өз атымнан Жамбыл жеріне келулеріңізбен сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Бүгін, міне «Әулие Құдай анасының» белбеуінің Таразға әкелінгеніне екінші күн. Христиан дінін ұстанатын жұртшылығы оның қасиетіне етене бойлай түсуде.
Біздің облысымызда православтық бағыттағы алты діни бірлестік жұмыс істейді. Олардың екеуі Тараз қаласында болса, қалғаны Қордай, Меркі, Шу, Талас аудандарында орналасқан. Ғибадат орындарында ізгілік пен мейірімділіктің, қамқорлық пен қайырымдылықтың шуағы төгіледі. Мұның бәрі түптеп келгенде еліміздегі өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ұлтаралық және дінаралық қатынастар мен отбасы институтын нығайтуға өз септігін тигізеді. Жақындарымыздың жанын түсінуге бастайды. Осылайша ізгілік нұрын сеуіп жүрген сіздерге бақ-береке тілеймін,– деді өңір басшысы.
Өз сөзінде еліміздегі Православтық шіркеудің басшысы, Астана және қазақстандық митрополит Александр облысқа алғаш рет аяқ басып тұрғандығын тілге тиек етіп, Тараз шаһарының келісті келбетіне тәнті болғандығын жасырмады. – Жыл мезгілінің тамаша сәтінде Жамбыл облысына келіп отырмыз. Ыстық ықыласпен қабылдағандарыңыз үшін алғысымыз шексіз. Тараз жасыл желекке оранған әдемі қала екен. Тұрғындардың еңбекке деген құлшынысының, өмірге деген құштарлығының мол екенін байқадық. Оның үстіне қатарынан Қазақстан халқының бірлігі, Отан қорғаушылар және Жеңіс күні мерекелері тойланып жатыр. Мұның бәрі елдің еңсесін көтеріп, ынтымағын нығайтары сөзсіз. Қасиеті мен киесі мол «Әулие Құдай анасының» белбеуі еліміз бойынша ең алдымен Алматыға жеткізілді. Оңтүстік астанадағы Вознесен кафедралы шіркеуінде төрт күн бойы келушілердің қарасы үзілген жоқ. Шамамен алпыс мыңнан астам адам келіп, тілек тіледі. Мұнан кейін Шымкент, Қызылорда қалаларында болып, Таразға келіп отырмыз. Кешелі бері күндіз-түні орталық шіркеудің есігі тыным тауып жатқан жоқ. Келушілер өте көп. Дінде жаттық жоқ. Керісінше оның аясында бейбітшіліктің, достық пен келісімнің ортақ үндестігі жатыр, – деді митрополит Александр. Кездесу соңында облыс әкімі К. Көкірекбаев митрополитке жамбылдықтар атынан естелік сыйлық тарту етті.
Сапарғали Әлібай, Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді