«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақ елінің бостандығына қуанған алғашқы ел

Қазақ елінің бостандығына қуанған алғашқы ел
ашық дереккөз
Қазақ елінің бостандығына қуанған алғашқы ел

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі алғашқы сәттерден-ақ оны мойындап, бауырлас елге деген ыстық ықыласын білдірген ел Түркия екендігінен көпшілік хабардар. Мұндай тарихи сәтті Қазақстанда мекендеген түрік ұлтының өкілдері де ерекше қуанышпен қарсы алғаны рас. Түріктер қазақ жеріне екінші дүниежүзілік соғыс кезінде, нақтырақ айтқанда 1944 жылдың күзінде, жер аударылып келіп, паналап қалған. Ыстық ықыласы мен ақ пейілін танытқан қазақтар біздің ұлтқа бар жақсысын ұсынып, шеттеткен жоқ. Керісінше, елге тез бой үйретіп, сіңісіп кетуі үшін жағдай жасады. Бүгінде Ұлы Дала елін мекен еткен көптеген ұлт пен ұлыстың өкілдері секілді түріктер де өзінің салты мен санасын, әдеті мен ғұрпын жаңғырта отырып бейбіт те тату күн кешуде. «Ахыска» деп аталатын түріктердің этномәдени бірлестігі де мейлінше жайлы жағдайда өз жұмысын жандандыруда. Бүгінде Қазақстанды мекен еткен мыңдаған түріктің басын біріктіріп отырған ұйымның тарихына аз-кем тоқталып өтсем. 1991 жылдың ақпан айында Алматы қаласында түріктердің «Түркия» деп аталатын қоғамы құрылды. Оның барлық облыстар мен аудандарда филиалдары ашылды. Қазақстанды мекен еткен барша ұлттың татулығын арттыру, бірлігін бекемдеп, ынтымағын нығайту мақсатында құрылған ұйым 1996 жылы «Ахыска» түрік ұлттық орталығы болып қайта құрылды. Орталық кеңесінің төрағасы болып Тофик Курдаев сайланды. «Ахыска» түріктері – Қазақстанда мекен ететін саны көп ұлттардың бірі. Бірлестіктің біздің облыстан өзге Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында орталықтары жұмыс істейді. Ал 2004 жылдан бастап «Ахыска» деп аталатын газет жарыққа шығады. Жалпы, Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алып, егемендігін жариялағаннан бері мұнда өмір сүріп жатқан өзге ұлттың өкілдері де өздерін еркін сезініп, қанаттарын кеңге жая бастады. Барлық бастамалар қолдау тауып, игілікті істер жалғасып жатыр. Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың идеясымен өмірге келген Қазақстан халқы Ассамблеясы туының астына біріккен барша ұлттың өкілі маңызды жұмыстар атқаруда. Елбасы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында: «Санаулы күндерден кейін біз азаттық туын желбіретіп, Тәуелсіз мемлекет атанғанымыздың 25 жылдығына аяқ басамыз. Бұл – тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қорытындылайтын мерейлі сәт. Тәуелсіздікті баянды ету оған қол жеткізуден де қиын. Мемлекеттігіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді. Заманның беталысын өздеріңіз көріп отырсыздар. Аса күрделі, қиын кезеңге аяқ бастық. Жаңа қатерлері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаһандық ахуал біздің көз алдымызда өзгеруде. Алпауыт елдердің текетіресі мен өзара санкциялар алмасу дүниені тұйыққа қарай бастауда. Біздің басты экспорттық өнімдеріміздің дүниежүзілік нарықтағы бағасы еселеп құлдырады. Бүгінгі ахуал – біздің жетістіктерімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түсетін уақыт тезі. Жауапты сәтте бірлігімізді сақтап, еліміздің игілігі үшін аянбай тер төгуіміз керек. «Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін» деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз», – деді. Ендеше, осындай жауапты сәтте Тәуелсіздікті тұғырлы етуге баршамыз бір кісідей ат салысайық.

Махмутжон Давришев, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар