«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Патриотизм және экономика

Патриотизм және экономика
ашық дереккөз
Патриотизм және экономика

Елбасы сөзі дәулетті азаматтарға мол мүмкіндік ашып беріп отыр

Елбасы жыл сайынғы Жолдауында азаматтардың, әсіресе, дәулетті, іскер азаматтардың ұлттық намысын оятумен келеді. Ана тілін құрметтеуге, туған жерге адал қызмет етуге, төл тарихты қадір­леуге шақырудан жалыққан емес. Бұл жолы да қазақтың дәулеттілері мен ат үстіндегі ұл-қыздарының ұлттық намысын қайрады, күрделі кезеңде атажұрттың алдында тұрған іргелі мақсат-мұраттарды жүзеге асыруға атсалысу перзенттік парыз екенін қадап айтты. «Мен кәсіпкерлер табына, барлық ауқатты қазақстандықтарға, барлық бизнесмендер мен іскер адам­дарға сөз арнағым келеді. Мемлекет жеке­­шелендіру мен экономикалық ырықтандыру бойынша біздің тарихымызда бұрын-соңды болмаған қадамдарға барып отыр, – деді. – Еліміз қазірдің өзінде көпшіліктеріңізге ақша табуға және іскерлік журналдардың бірінші беттерінен көрінуге мүмкіндік берді. Мен сіздерді капиталдарды заңдастыруға, жекешелендіру тендерлеріне белсенді қатысуға шақырамын. Осылайша, сіздер өздеріңізге және Қазақстанға, барша халқымызға жәрдемдесетін боласыздар». Бұл Президент сөзін арнап отырған дәулетті азаматтарға зор мүмкіндік еке­ні анық. Елде мемлекеттік деңгейде қолға алынған бүкілхалықтық жобаға үлесіңді қос. Сатып алған кәсіпорыныңды дөңгелетіп әкет, жұмыс орнын аш, өнімін көбейт, ел төбесіне көтереді. Ал бұдан артық қандай бақыт керек?! Қазақ әлділерінің шетелдердің түрлі банктерінде жатқан қаржысы қанша екені, тиісті орындарға болмаса, бізге белгісіз. Өзімізше жобалап, аз емес шығар дейміз де қоямыз. Сол «аз еместің» дәл қазір, қазақ экономикасына әлемдік дағдарыстың салқыны тиіп тұрған кезде елге оралуы­ның тағдырлы мәні бар. Президент сондықтан да қайта-қайта түйіп айтты: «Кәсіпкерлер, іскер азаматтар! Мемлекет сіздердің бизнестеріңізді дамытып, аяққа нық тұруларыңызға барлық жағдайды жасады. Бүгінгідей сын сағаттарда сіздерге үл­кен жауапкершілік артылады. Жекешелендірудің жаңа легіне белсенді қатысыңыздар қаржыны заңдастырып, ашық жұмыс істеңіздер». Солай жаса. Игі ісіңмен халық­тың алғысын ал, туған еліңнің сын сағатта патриоты бол. Анығында патротизм мен экономика тұтас ұғым. Бұған әлемдегі алып елдердің бірі – Үндістанның Махатма Гандидің тұсындағы мына бір ерлігі дәлел. Махатма Ганди Үндістанның тәуел­сіздігі үшін басын бәйгеге тігіп жүріп, сол азаттыққа қалай қол жеткізуге, қан төкпей, атысып-шабыспай қол жеткізуге болады деп күні-түні толғанған ғой. Сөйтіп, ұзын саны 1 миллиардқа жетіп қалған халықты Англияның тауарларын сатып алмауға шақырады. Ел ағылшын киімін киюден, тамағын ішуден, затын пайдаланудан бас тартады. Ұлыбританияның Үндістанда ұзақ жылдар қалыптасқан кәсіпорындары өнімі өтпей тоқырайды. Англиядан ағыл-тегіл тасылатын тауарлар қоймаларда үйінділерге айналады. Британия кәсіпкерлері кетуге мәжбүр болады. Бұл, әрине, тарихтағы ерекше оқиға, ойландыратын, ұлттық сезімді оятатын оқиға. Біз үшін мұның бүгінгі тәлімі қандай десек, Қазақстанда жасалған өнімдерді (азық-түлік, киім-кешек, тұтыну заттары, көлік, т.б.) сатып алу арқылы ұлттық экономиканы күрт дамытуға атсалысу. Айналып-үйіріліп келгенде, кәдімгі патриотизм дегеніміз, біреу ойланып-толғанып, біреу тебіреніп, біреу әйтеуір тілге тиек ету үшін айтып жататын патриотизм дегеніміз осы. Егер бұл қасиет әр қазақстандықтың жүрегіне дарыса, отандық экономика жедел дамиды. Ауыл шаруашылығы да, жеңіл өнеркәсіп те – барлық сала қарқын алады. Жұмыс орны көбейеді. Сондықтан Қазақстанда жасалған тауарларды жаппай алуға шақыру қазіргі идеологиялық қызметтің өзегіне айналуы керек. Елімізде өндірілген өнімдерді сататын арнайы сау­да орындарын көбейту қажет. Оларды бұқаралық ақпарат құралдарында, мүмкін болса, тауардың түріне сәйкес, тегін немесе арзанға жарнамалауды қарастырған жөн. Осындай пайымдардан соң патриотизм мен экономика егіз ұғым екендігіне көзің бұрынғыдан да жете түседі. Мына шындықтың басы ашық қой, ұлтын шын сүйген, соның мұң-мұқтажына күй­ген адам туған жерінде тапқан-таян­­ға­нын одан жасырмайды, шетелге тықпаламайды. Артық болса, бөліседі, көл-көсір болса, ел дәулетін дамытуға жұмсайды. Президент бай бола білу керек дегенде осыны айтып отыр. Иә, дәулетті болу – арға сын. Асанқайғы айтып кеткен жоқ па еді: «Арғымаққа міндім деп, артқы топтан адаспа». Ұлы Абай: «Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден» деген. Дубайда қызының тойын, Анталияда ұлының тойын жасап жүргендер: «Осыным қалай болды?» деп бір мезгіл ойлана ма екен? Кім білсін, қымсынатындары бар шығар. Беті бүлк етпейтіндерді көзіміз көріп жүр. Сәті түсіп, Еуропа мен кешегі Ке­ңес Одағы құрамына енген елдердің біразында болдық. Осы елдердің астаналарында ұлттық символға айналған өзен-көлдер бар. Солардың жағасынан байлардың өзіне арнап салып алған салтанатты үйлерін көре алмадық. Сенаның қос қапталында тарихи ғимараттар ғасырлардан сыр шертіп тұр. Дунай мен Днестрде де солай. Москва өзенінің Кремельге қарама-қарсы бетінде қазіргі орыс байларының жанарыңды жасқайтын сарайлары жоқ. Олар ел көзінен қалтарыста арнайы бөлінген жерлерді таңдайды. Ал Есіл өзенінің жағалауы бүгінгі қазақ әлділеріне бұйырған. Астананың көркіне айналған осы ежелгі арнаның жұрт көбірек жүретін аңғарларына дейін қол салудың қандай қажеті бар еді деп ойлайсың?! «Бұл сонда ненің салдары?» деп тағы сұрайсың. Жауап біреу, ол – Президент аңғартқандай, бай бола білмеудің салдары. Елбасы осылай «арғымаққа міндім деп, артқы топтан адасып қалғандарды» халықпен қайта қауышуға шақырып отыр. Осы процестің парасаттылықпен жүзеге асуының рухани да, әлеуметтік те, экономикалық та айрықша маңызы бар. Бұл, түптеп келгенде, жаңа ұлттық өрлеу болар еді. Алаш абзалы Мұстафа Шоқай айтқандай, «халық пен зиялы қауым арасында ұлттық ортақ сана қалыптасар» еді. Дамыған елдердің тарихындағы өрлеу кезеңдерінің сырын іздесең, негізгі қуат-күші сол ортақ сана екендігін, зиялы деп жалпы аталатын экономикалық, т.б. элитаның ел дәулетін тасыту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаған патриоттық сілкінісі екенін көресің. Бізді де, Қазақ елін де осындай ұлттық серпіліс күтіп тұр деп үміттенгің келеді. Жолдау соған жол ашып беріп отыр. Президенттің кәсіптік-техникалық училищелерде тегін білім беру жөніндегі тапсырмасы халықтың айрықша қол­дауына ие болды. Енді ел ішіндегі әлеуметтік топтардың бәріне осылай алғашқы деңгейдегі кәсіптік мамандық алатын мүмкіндік туғызылды. Бұл – мемлекеттің батыл қадамы, экономикалық қиындықтарға қарамастан жасалған зор әлеуметтік мәні бар шешім. Ендігі мақсат – осы шешімді қазіргі заманғы кәсіптік мамандық берілетін деңгейде жүзеге асыру. Аталған мәселе Үкіметтің ұдайы бақылауына алынуы қажет. Бұдан былай алған мамандығы керексіз болып қалған, екі қолға бір күрек таппай жүрген жастар кездеспеуге тиіс. Осы тараптағы ойымызды одан әрі жалғастырсақ, өткен ғасырдың 90-шы жылдарына дейін орта мектепте еңбек сабағы пәні өтетін. Біздер аттес­татпен бірге белгілі бір мамандықты меңгергеніміз туралы куәлік алдық. Мен электр монтері атандым. Осы кәсібім Қарағандыдағы политехникалық инс­титутта оқыған кезде кәдеме жарады. Сол кезде жаңадан салынып жатқан кондитерлік фабрикада әлгі мамандығым бойынша түнгі сменада жұмыс істедім. Айлығым өзіме жеткілікті еді. Сөйтіп, жеті бірдей үбірлі-шүбірлі баланы асырап отырған ауылдағы әкеме салмақ салған жоқпын. Президент Жолдауын тыңдап оты­рып, осы жүйені, орта мектептің бағдар­ламасына еңбек сабағы пәнін қайта енгізсе дұрыс болар еді-ау деп ойладық. Кәсіптік-техникалық білімді тегін бере жүріп, мұны да көңілге түйсек, артық па?! Жоғары оқу орнына түсуге білім-қабілеті жетпеген талай жас мектеп берген мамандықта өмір жолын бастап кете алар еді. Осыдан біраз жыл бұрын Еуропаның 5 университетінің мамандары – құрамында 3,5 мыңнан астам белгілі ғалымдары бар Халықаралық инновациялық қор мен Honeywelc компаниясы – «Қазақстанда адам капиталын дамыту механизмдерінің ғылыми негізі» деп аталатын жобаны әзірлеуге кірісіп еді. Жоба сегіз бағытты қамтуға тиіс болатын. Олардың негізгілері: білім (бұл сала тіл мен ұлттық тәрбиені де қамтиды), ғылым мен мәдениет, инновациялық технология, ақпараттық коммуникация, агроөнеркәсіп. Қазіргі күнде бұл жоба жұмыс істеуде ме, жоқ па, айтыла бермейді. Егер тоқ­тап қалса, қайтадан қолға алу керек. Президент Жолдауында алға қойылған мақсат осыны талап етеді. Қазақстан экономикасының инновациялық әлеуетін арттыру, смарт-технологиялар, жасанды интеллект, киберфизикалық жүйелер интеграциялары, жобалау және инжиниринг салаларында біліктілікті арттыру міндеттері алға қойылып отыр. Аталған бағытта еліміздің жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары қандай жұмыстар атқаруда? Нәтиже бар ма? Жоқ болса, неліктен? Осы секілді көптеген сауалдар төңірегінде қыруар еңбек етуге тура келеді. Ой көзімен қараңыздар: әлемдегі ең озық 50 университеттің 30-ы АҚШ-та, 11-і Еуропада, 4-еуі Азияда, 3-еуі Ка­надада. Ең беделді 50 инженерлік-техникалық оқу орнының 22-сі АҚШ-та, 11-і Еуропада, 13-і Азияда. Қазақстанда біреу де болса осындай дәрежедегі ғылым мен білім орталығы болуға тиіс. Бұл – осы заманғы өркениеттің талабы, ертеңгі баянды болашақтың тілегі. Астанадағы «Назарбаев Университет» – сол мақсатқа жеткізетін іргелі шаңырақ. Оған Президент шетелдердегі және республикадағы белгілі ғалымдарды жинап отыр. Университет әлемдік деңгейге жалғыз көтеріліп қана қоймай, еліміздегі басқа да ғылым ордаларын өрге жетелейтін болады. Елбасының бүкілхалықтық қол­дауға ие болып отырған Жолдауы эконо­ми­калық алғы мақсаттарды рухани құндылықтармен астастыра білуімен ерекшеленеді. Қазақ азаматын ұлы Абай айтқан толық адам болуға шақырады. Ұлт пен элитаны ортақ мүдде табыстырғанын қалайды. Бұл – аса маңызды мұрат.

Астана.

Ұқсас жаңалықтар