Қоныс Сағымбеков, «Құлан жолдары» ЖШС-ның директоры.
Елбасының халыққа арнаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауы тың идеяларға толы. Президент пайымы дүниеге жаңа көзқараспен қарауға шақырады. Бойға күш, ертеңге деген сенім, қолға алған ісіңе серпін береді. Сондықтан, бұл құжатты әлемде қалыптасқан жағдайларға, экономикадағы сын-қатерлерге қарсы жауап деп білемін. Осы орайда Елбасы айтқан мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетігіне ерекше тоқталғым келеді. Мемлекет басшысы Жолдауда: «Бюджет шығындарын жеңілдету үшін мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетігін белсендірек қолдану қажет. Экономиканың басым салаларына жеке инвестицияларды ынталандыру бойынша қосымша шаралар қарастыру керек. Жеке инвесторларды жол, газ құбыры, ауруханалар, мектептер және басқа да нысандар құрылысына ғана емес, сонымен бірге, оларды қайта жаңғыртуға және техникалық қызмет көрсетуге тартудың да маңызы зор. Бюджет шығындарын оңтайландырудан босаған барлық қаржыны бірінші кезекте халық үшін нақты нәтижелер әкелетін жобаларға бағыттау қажет», – деп, қазына қаржысын үнемдеу керектігін баса айтты. Расында, біздің еліміз үшін бұл әріптестік аса қажет. Мәселен, мемлекет жер беріп, инфрақұрылымын жүргізіп берсе, халыққа қажетті әлеуметтік нысандарды елжанды, қалталы азаматтарымыз неге соқпасқа? Бұл іске кәсіпкерлер өз қаржысын салудан тартынбайды деп ойлаймын. Менің Т.Рысқұлов ауданында екі бірдей балабақша соғып, пайдалануға бергенімнен жұртшылық хабардар болар. Бүгінде аудан орталығынан тағы бір қонақ үй мен медициналық орталық салып жатырмын. Қазіргі таңда қабырғасын көтеріп, шатырын жауып қойдық. Бұйырса, келер жылдың көктемінде пайдалануға берілетін болады. Құланда заманауи қонақ үйдің жоқтығы, медициналық орталықтардың аздығы мені осындай істі бастауыма түрткі болды. Себебі, Құлан – табиғаты келісті елді мекен. Тылсым тарихына да қызығушылар өте көп. Оның үстіне, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Сондықтан, қысы-жазы келушілер үзілмейді. Бірақ, сырттан келген қонақтар орналасатын заманауи демалыс орындары жоқтың қасы. Бұл – құландықтардың азаматтығына сын. Міне, осы себепті мен осындай ірі жобаларды қолға алдым. Жалпы, Елбасы Жолдауында айтылған мемлекет-жекеменшік әріптестігі – қазіргі таңда қоғамымызға аса қажетті тетік. Біз мұны қуана қолдаймыз!
Т.Рысқұлов ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді