Дағдарысқа қарсы басты стратегия – даму

Дағдарысқа қарсы  басты стратегия – даму
ашық дереккөз
Дағдарысқа қарсы басты стратегия – даму

Елбасы Жолдауын насихаттаушы топ жамбылдықтарға осыны түсіндіруде

Дағдарысқа қарсы басты стратегия – даму. Елбасы Жолдауының негізгі түйіні осы. Мемлекет басшысының ел экономикасын көтеруді көздеген жаңғырту идеяларын насихаттаушы облыстық ақпараттық-насихаттық топ жамбылдықтарға осыны түсіндіруде.

Қордай Елбасының жаңа Жолдауында айқындалған дамудың басым бағыттарын, оны жүзеге асыру жолдарын жұртшылыққа түсіндіру мақсатында «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының қолдауымен Тараз қаласынан шыққан үгіт-насихат пойызы Отар стансасына келіп аялдады. Темір жол вокзал алаңында ақпараттық-насихаттық топ мүшелері ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Аудан әкімінің орынбасары Бейқұт Жаманкөзов Жолдау жүктеген міндеттер туралы, оны жүзеге асыруға әрбір азамат үлес қосуы керектігін, тұрғындар арасында жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарының негізгі мақсатының өзі жұртшылықта ортақ істі жұмыла атқаруға шақыру екенін тілге тиек етті. Жазушы-драматург Елен Әлімжан Жолдауда көтерілген мәселелердің мән-маңызын түсіндірді. Гвардейский гарнизонынан келген жас сарбаз Ілияс Жүмішжанов Елбасының жастарды ауыр еңбектен қашпауға шақырғанын айта келе, өскелең ұрпақты Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек жолына қарап бой түзеуге шақырды. Үгіт пойызының вагондарында ауыл тұрғындарына білікті мамандар тегін медициналық көмек көрсетілді. Ауылға Жолдау жаңалықтарымен қатар, ән мен жыр, арзан бағада азық-түлік тауарларын ала келген ақпараттық-насихаттық топ Отардан кейін Қордай, Аңырақай және Бел стансаларына да аялдап, шалғайдағы тұрғындардың ризашылығына бөленді.

Талас «Жамбыл – Сарысу» бағытындағы ақпараттық-насихаттық пойызы бейсенбі күні жолға шықты. «Нұр Отан» партиясының облыстық мүшелері, зиялы қауым өкілдері, жастар, облыстық филармонияның әншілері бар үгіт пойызында аудан тұрғындарына төмен бағада саудаланатын азық-түлік өнімдері бар. – Бүгінде аудан тұрғындары Жолдауды жүзеге асыру үшін жаңа белестерге ұмтылуда. Солардың қатарында аудандағы «Талас инвест компани» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде натрий цианиді зауытының алғашқы өнімдерін шығарып жатқан 620 жұмысшыны айтуға болады. Ауданда ірі инновациялық жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, «Жамбыл-Недр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі келер жылы цемент шығарып, мәрмәр өңдеу зауытының құрылысын бастамақ. Ауыл шаруашылығында кооперативтер құру қолға алынуда. Қысқасы, дағдарысты жеңу үшін ауданның өз іс-қимыл жоспары жасалынып, жүзеге асуда. Әсіресе, инвестиция тартуға баса көңіл бөлініп отыр, – деді аудан әкімі Болат Рысмендиев қаратаулықтармен өткен кездесуде. Елбасы Жолдауын насихаттаушылар ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Сонымен қатар, ақпараттық топ құрамына енген облыстық аурухананың кардиолог, стоматолог, лор, қалалық жедел жәрдем стансасының фельдшері және №2 қалалық аурухананың терапевт дәрігерлері таластықтар мен сарысулықтарға тегін медициналық қызмет көрсетті.

Сарысу Бұл күні жаңатастықтар толассыз жауған қар мен өрекпи соққан желді де елемеді. Аудан орталығына келіп жеткен үгіт пойызын үлкен ықыласпен қарсы алды. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдаудағы барлық міндеттерді жүзеге асыруда «Нұр Отан» партиясына ерекше орын беретінін тілге тиек етіп, Жолдау міндеттерінің орындалуы мен тапсырмалардың жүзеге асырылуы үшін әрбір азаматты жұмыла тірлік етуге шақырды. Жиын соңы облыстық филармония өнерпаздары ұсынған концерттік бағдарламаға ұласты. Дәрігерлер тұрғындарды қабылдап, ақыл-кеңес берсе, тұрғындар арзандатылған бағадағы азық-түлік саудасын қыздырды.

Құрманбек Әлімжан, Нұрым Сырғабаев, Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар