Жаңғырудың жаңа талаптары: өсім, реформалар, даму

Жаңғырудың  жаңа талаптары:  өсім, реформалар, даму
ашық дереккөз
Жаңғырудың жаңа талаптары: өсім, реформалар, даму

облыстық ақпараттық-насихаттық топ оны әр адамға жеткізуді көздейді

Елбасы Жолдауында айқын көрініс тапқан жаңғыртудың жарқын идеяларын әр ауылға жеткізуді мақсат еткен облыстық ақпараттық-насихаттық топ өкілдері өткен аптада аудандарға жол тартқан болатын. Жолдау жауапкершілігін арқалаған олар аудандарды аралап, тұрғындарға Президент ұсынған мемлекетіміздің әлемдік дағдарысқа қарсы стратегиялық жоспарларын кеңінен түсіндірді.

Талас Қаратау қаласына келген облыстық ақпараттық-насихаттық топтың жұмысы аудан активі жиналысынан басталды. Жиында облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке баяндама жасады. «Түптеп келгенде, бұл Жолдау Елбасының бұрынғы Жолдауларымен өзектес, «Қазақстан – 2050» Стратегиясымен тамырлас екенін аңғару қиын емес. Алайда, Елбасының өзі атап көрсеткеніндей, бізде сәт сайын құбылған аласапыран заманға сай амал болуы керек. Мемлекет басшысы айтқандай, ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жоспар. Біз де заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отырамыз», – дей келе, Жолдаудан туындаған тапсырмаларды жүзеге асыруда облыста атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Елбасы Жолдауын талқылаған басқосуда еңбек ардагері Құрал Нұрпейісов, аудандық мәслихаттың депутаты Доқторбек Мәселбеков, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Данияр Әуез сөз сөйлеп, Жолдауды бірауыздан қолдайтындықтарын білдіріп, актив мүшелерін оны жүзеге асыруда белсенділік көрсетуге шақырды. Аудан әкімі Болат Рысмендиев Жолдау жүктеген міндеттер бойынша аудан көлемінде атқарылатын шараларды айтып өтті. Сол күні автокеруен Ақкөл ауылына да барып, азық-түлік жәрмеңкесін өткізді. Жәрмеңке Қаратау қаласындағы «Жеңіс» алаңында жалғасын тапты.

Сарысу Құрамында әртүрлі сала мамандары, зиялы қауым өкілдері мен өнер иелері бар облыстық ақпараттық-насихаттық топ Байқадам ауылдық округіне қарасты Саудакент пен Жайылма ауылдарына барып тұрғындармен жүздесті. Топты облыс әкімдігінің дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Ж.Омаров бастап келді. №2 колледж бен орталық кітапхананың мәжіліс залдарында жұртшылықпен кездесу өткізді. Аудан тұрғындарының өтініш-сауалдарына қарай көпшілікті әлеуеметтік саладағы, оның ішінде зейнетақы төлеу жайы толғандыратыны белгілі болды. Қойылған сауалдарға сала мамандары нақты жауап беріп, облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Д.Дайрабаев пен облыстық зейнетақы төлеу орталығының директоры Н.Төртбаев Жолдауда айқындалған даму бағыттарын көпшілікке кеңінен түсіндірді. Жолдауды насихаттаған ақпараттық-насихаттық топтың автокеруені екі күн бойы Саудакент, Жайылма ауылдарында және Жаңатас қаласында облыс әкімінің тапсырмасымен бағаны тұрақтандыру мақсатында азық-түлік жәрмеңкесін өткізді. Аудан тұрғындарына арзан бағада ұсынылған тауарларды «Тараз сауда-саттық компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әкеліп, саудалады. Онда бір қап (50 келі) ұн 3700 теңгеден, 25 келі күріш – 4000, қант – 4400, қарақұмық – 5000, пияздың келісі 25 теңгеден, ал картоп 40 теңгеден сатылды.

Қордай Қордай ауданына облыстық ақпараттық-насихаттық топты «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат бастап келді. Аудан активінің жиналысын аудан әкімі Қайрат Досаев ашты. Ақпараттық топ жетекшісі Шәбден Тоқтасынұлы алда аса жауапты кезең күтіп тұрғанын айта келіп, Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттерге тоқталды. – Біз осы сәттен бастап Жолдаудан туындаған Президент тапсырмаларын жүзеге асыруға кірісуіміз керек. Себебі, онда нақты талдаулар мен тәжірибелердің, қаншама жылдардан бергі зерделеу жұмыстарының нәтижесіне қарай жасалған жаңа идеялар көрініс тапқан. Біздің алдымызда жаңа міндеттер тұр. Оның орындалуы баршамыздың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара біліп, ортақ іске белсене ат салысуымызға байланысты, – деді ол. Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова биылғы Жолдауда Елбасының білім саласына айрықша көңіл бөліп отыруының басты себептерін талдап айтып берді. Тәуелсіздік жылдары елімізде 1700-ден астам білім беру нысандары салынғанын, қазірдің өзінде дағдарысқа қарамастан, бұл сала ұмыт қалмағанын тілге тиек етті. 2017 жылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасының іске асырылатыны – осының дәлелі екенін айтты сала басшысы. Жиында Қордай ауданының Құрметті азаматы Анатолий Шупта, аудандық мәслихаттың депутаты, «Байнұр» шаруа қожалығының басшысы Айман Әшімова, аудандық зейнетақы төлеу орталығының басшысы Бекен Рамазанов сөз сөйлеп, Елбасы Жолдауының ауыл тұрғындарының ертеңге деген сенімін нығайтқанын жеткізді. Облыстық ақпараттық-насихаттық топ бірнеше бағытқа бөлініп екі күн бойы Қордай, Ноғайбай, Кенен, Отар, Масаншы, Қаракемер, Ауқатты, Қарасу, Қақпатас, Бетқайнар, Қайнар, Сарыбұлақ ауылдық округтерінде тұрғындармен кездесулер өткізді.

Мойынқұм Аудан активінің жиналысында Елбасы Жолдауында айқындалған еліміздің даму бағыттары кеңінен талқыланды. Жиында облыстық-насихаттық топтың жетекшісі, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Хыдыр Бегалиев басты құжаттың мән-мазмұнына тоқталды. Мемлекет басшысының жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жоспар деген сөзі бәсекелестік заманында әрбір іске азаматтың негізгі ұстанымы болуы керек дей келе, Президентіміздің заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеген, жаңа қатерлері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаңа жаһандық нақты ахуалда дамудың басты бағыттарын айқындаған Жолдауы көпшіліктің көкейінен шығып отырғанын сөз етті. Алқалы жиында аудан әкімі Бақытжан Нұркенов Елбасы Жолдауларынан туындаған тапсырмалардың аудан көлемінде іске асырылып жатқанына тоқталып, қазіргі әлемде қалыптасқан жағдайға байланысты құрылатын жаңа жоспарлар жайын сөз етті. Жиында жаңа құжатта айқындалған Елбасы Жолдауының маңыздылығы нақтыланып, Жолдауда қамтылған міндеттерді жергілікті деңгейде жүзеге асыру жолдары ұсынылды.

Байзақ Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының басым бағыттарын насихаттау, түсіндіру мақсатында ауданымызға келген топ мүшелері аудан белсенділерімен кездесті. Жиында облыстық ақпараттық-насихаттық топтың мүшесі, «Жаңару» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев ел дамуына серпін беретін стратегиялық маңызы зор құжаттың мән-маңызына тоқталды. Әлемдік дағдарысқа қарамастан, Жолдауда әлеуметтік салаларға айрықша көңіл бөлініп отырғанын айтты. «2017 жылдан бастап тегін кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі енгізілетіні, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 28 пайызға дейін, білім беру саласы қызметкерлерінікі 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғаудағы қызметкерлердікі 40 пайызға, «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 30 пайызға артатыны – мемлекеттік саясаттың негізгі ұстанымының өзгермегені», – деді ол өз сөзінде. Аудан әкімі Мұратхан Шүкеев мемлекеттік құжатта Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы және құрылымдық өзгерістердің 5 бағытын ұсынғанын сөз етті. Мұратхан Жүнісәліұлы Елбасы Жолдауындағы басым бағыттарды атап өтіп, ауданда білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы саласында атқарылған тірліктерге тоқталды. Аудандық ардагерлер ұйымы кеңесі төрағасының орынбасары С. Ермеков Жолдау жүктеген мақсат-міндетті жүзеге асыруға ардагерлер де өз үлестерін қосатынын мәлімдеді. Жиыннан соң облыстық және аудандық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері Қызыл жұлдыз, Қостөбе, Көктал, Дихан, Түймекент, Жалғызтөбе, Ынтымақ, Бурыл, Үлгілі, Мырзатай ауылдық округтерін аралап, кездесу өткізді.

Сәулембай Әбсадықұлы, Құрманбек Әлімжан, Уалихан Жайлау, «Ақ жол». Гүлшаһар Әбдіқұлова, журналист.

Ұқсас жаңалықтар