«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жекешелендіру – маңызды қадам

Жекешелендіру – маңызды қадам
ашық дереккөз
Жекешелендіру – маңызды қадам

Алғаш жекешелендіру туралы естігенде ел ештеңеге түсінбеген. Сондағы әңгіме ауаны, ұмытпасам, мынадай болатын.

– Жекешелендіргені несі? – Сол, жекешеленетін болыпты бәрі. – Нені жекешелендіреді сонда? – Мына бағып отырған малың, айдап жүрген тракторың, дүкен – бәрі-бәрі жекешеленеді. Бүгінде сол жұрт жекешелендірудің, ең алдымен, өз кәсібін ашуға мүмкіндік беретінін ұққандай. Қазіргі кезде жекеменшік компания мен кәсіпорындар, шаруашылықтар бүгінгідей бәсекелестіктің заманына бейімделу арқылы өз әлеуетін нығайтып, дами бастады. Соған қарай көпшіліктің жекешелендіруге байланысты көзқарасы өзгерді. Бұл күнде 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендірудің екінші толқыны жүруде. Бұл туралы жұрттың пікірі қандай? «Қазіргі таңда медицина саласын алып қарайтын болсақ, жанына дауа іздеген әрбір жан бәсекеге қабілетті жеке емханаға өз еркімен барады. Өйткені, науқас сапалы медициналық көмек алғысы келеді және емделушіге қолайлы жағдай жасайтын мекемені таңдайды. Қазір қала ішіндегі қоғамдық көліктер де жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің меншігінде. Соған қарай, шаһарда ескі-құсқы көлік жоқ деуге де болады. Сонымен қатар, бұрынғыдай жолаушыны күттіріп қою секілді кемшілік те жоқ. Өйткені, мына заман – бәсекелестік қызып тұрған шақ. Демек, жекешелендірудің алғашқы толқыны өзінің көздеген мақсатына жетті. Келесі кезең де өз жемісін береді деп ойлаймын», – дейді қала тұрғыны Әділ Халықов. Ал Талас ауданы, Керімбай Оязбекұлы атындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Талас Еспембетов: «Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық Банкке мемлекетке қатысы бар барлық компаниялардың қызметіне талдау жүргізіп, олардың ішіндегі жеке секторға берілетін кәсіпорындардың тізімін анықтауды тапсырды. Соған орай Үкімет «2014-2016 жылдарға арналған жекешелендіру бойынша кешенді жоспар» бекіткені баршаға аян. Соның нәтижесінде әр өңірде мемлекет меншігіндегі мүлік пен активтер, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар, нысандар жалпыға ортақ сатылымға түсуде. Кезінде, жекешелендірудің бастапқы кезеңінде барлық кеңшарлар таратылып, кейбірі қайтадан ұжым болып құрылып жатқанда Ильич атындағы совхоз тарамай, құрылым атауын ғана акционерлік қоғам деп өзгертіп, өз тыныс-тіршілігін сақтап қалғанбыз. Біз де жекеменшікке өткен кәсіпорындармен қатар, мемлекетіміздің дамуына өз үлесімізді қостық. Жалпы, бұл жүйе халықтың әл-ауқатын жақсартып, рухани өміріне оңды өзгеріс әкелді. Барлығы да заман туғызған талапқа сай жүзеге асып, еліміздің дамыған мемлекеттердің алдыңғы қатарынан көрінуіне жол ашты. Менің түсінігімше, бүгінгі жекешелендірудің кешенді жоспарының басты мақсаты – мемлекеттің қатысуымен құрылған ұйымдардың санын азайтып, шағын және орта деңгейдегі кәсіпкерлік субъектілерді дамыту». Мамандар жекешелен-дірудің екінші толқыны инновациялық жаңа жобаларға жол ашады дейді. Мемлекеттің ұстанған нақты бағыты елдегі жеке бизнестің дамуына серпін берумен қатар, квазимемлекеттік сектор субъектілерін бәсекелі ортаға тарту екенін айтады. Жекешелендіру аясында ішкі рыноктан бюджетке қаржы тартылып қана қоймай, мемлекеттік шығындардың айтарлықтай деңгейде азаятынына олардың сенімі мол.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар