Президентіміз «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформа, даму» атты кезекті Жолдауында дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың бес бағытын айқындап, «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының жүзеге асырыла беретінін атап өтті. Сондай-ақ, халықты әлеуметтік қорғау мен қолдау мәселелерін де назардан тыс қалдырмағаны да баршаға аян. Жолдау міндеттеген тапсырмалардың орындалуы барлық құрылымдар мен ұйымдарға ортақ іс болғанымен, ендігі жерде әртүрлі бағдарламаларды сәтті жүзеге асыруда «Нұр Отан» партиясына артылар жауапкершілік жүгі айрықша. Себебі, Елбасымыз: «Жаңа 2016 жылдан бастап Ұлт жоспары шеңберінде қабылданған жаңа заңдар жұмыс істей бастайды. Бүгін мен экономикамызды, мемлекетіміз бен қоғамымызды нығайтуды көздейтін жаңа шаралар туралы хабарладым. Барлығымыздың мойнымызда еліміздің болашағы үшін зор жауапкершілік жатыр. Алдымызда қиын жұмыстар күтіп тұр. Қазақстан халқына Жолдауымдағы барлық міндеттерді жүзеге асыруда мен «Нұр Отан» партиясына ерекше орын беремін», – деп «нұротандықтарға» үлкен міндет жүктеді.
Сондықтан, облыс әкімі-«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Кәрім Көкірекбаевтың партияның облыстық филиалында қоғамдық қабылдау өткізуі – Жолдау тапсырмаларының нақты іске асырылып жатқанының бір көрінісі деуге де болады.
Негізі, «Нұр Отан» – халық сеніміне ие болған партия. Партияның өңірлердегі филиалдарына тұрғындардың өз өтініш-тілектері бойынша көбірек қайырылатыны осыған дәлел. Қоғамдық қабылдауда «Чернобыль одағы» қоғамдық ұйымының төрағасы Руслан Санжаров Чернобыль апатының жойылғанына 30 жыл толуына орай апатты жоюға қатысушыларды марапаттап, оларға жеңілдіктер мен жәрдемақы қарастыруды сұрап, облыс әкіміне өтінішін жеткізді. «Нұр Отан» партиясының мүшелері мен ауған соғысы, чернобыль апатына қатысушылар, Семей ядролық полигонынан зардап шеккен азаматтар арасынан қалалық, облыстық мәслихаттың депутаттығына үміткер ұсынылса деген мәселе де көтерді. Чернобыль апатын жоюға қатысушы бір азаматтың тұрғын үй кезегіне жазылып, алайда, белгісіз себептермен бұл тізімде кейін оның есімі жоқ болып шыққанына қынжылысын білдірді.
Ал жеке кәсіпкер Балакүл Махатова «Көксай қазақ ауылы» бизнес жобасын жүзеге асыру мақсатында облыс бойынша «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен несие алғысы келетінін айтты. Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылының тұрғыны, зейнеткер Шапай Таңатаров 200-ден астам тұрғын үй жер телімдері заңды түрде рәсімделсе деген тілек білдірді. Осы ауылдың тұрғыны, зейнеткер Таңатар Есалиев пен Жеткербай Мұхамбетов кезінде үй салғанда газ құбыры өтетін жерден арақашықтық сақталмағаны үшін «ИнтерГаз Орталық Азия» АҚ-ның сотқа бергенін, істері заңсыз болса, үй-жайымыз бұзыла ма деген қауіптері бар екенін жеткізіп, осы мәселенің оңтайлы шешілуіне көмек сұрады. Тұрғындар тілегін тыңдаған Кәрім Нәсбекұлы аталған мәселелерді шешуді Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеровке, облыс әкімдігінің өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Алман Нұрақымға, Байзақ ауданының әкімі Мұратхан Шүкеевке тапсырды.
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді