«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Керегін тапты, қабымен алды

Керегін тапты, қабымен алды
ашық дереккөз
Керегін тапты, қабымен алды

Орталық «Достық» алаңында облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде жалпы 76,2 тонна халыққа ең қажетті өнімдер ұсынылды. Бұл жолы Тараз қаласы және Жамбыл, Меркі, Шу, Қордай, Мойынқұм аудандарының дала еңбеккерлері облыс орталығының тұрғындарына тарту жасады. Бұрынғысынша қазының келісі – 1400, жаяның келісі 1300 теңге болғанымен, көкөніс, бақша дақылдарының бағасы бірқатар төмендегенін байқадық. Мәселен, бұл жәрмеңкеде пияздың келісі – 25, картоп пен сәбіз келісі 35 теңгеден сатылды. Өте қолжетімді баға. Сондықтан, бұл өнімді қабымен алуға ниет еткендер аз болмады. Жәрмеңкедегі қолжетімді өнім тараздық тұрғындардың дастарханына береке беретінін көңілге түйдік. Кейбір өнімдердің бұлай арзандауына себеп те жоқ емес екен. Бұл аптадағы жәрмеңкеге де Қырғыз Республикасының Ыстықкөл аймағынан 30 тонна картоп жеткізіліпті. «Мен 15 тонна картоп әкеліп отырмын. Әр келісі 35 теңгеден. Қабымен сатып әкететіндер ол бағадан да арзан алады. Бұл екі тарапқа да тиімді», – дейді Ыстықкөлден шекара асып өнімін жеткізген айыр қалпақты ағайын Руслан Топаев. Қырғыз ағайындармен қатар, барлық аудан өкілдерінің дүңгіршектерін аралап шықтық. Балық, бал дейсіз бе, қажеттінің бәрі бар. Әуес ас балықтың келісі – 300, асқабақ келісі – 50, қырыққабат келісі – 40 теңге. Тараздық ата-әжелер іздейтін ірімшік пен құрт келісі – 1200 теңге. «Өзіміз 20 гектарға асқабақ, жоңышқа егеміз. Алқабымыздан жиналған өнімді әкеліп отырмыз», – дейді Жамбыл ауданы, «Шоқай» агроқұрылымының жетекшісі Сембек Пірімқұлов. Ал Меркі ауданы Ақарал ауылдық округінің әкімі Бейбіт Мәжитов ет өнімдерін молынан жеткізгендерін айтады. 

Бір байқағанымыз, ұн молынан сатылып жатыр. Талас, кезек жоқ. Жоғары сұрыпты ұн қабы – 4600, бірінші сұрыпты ұн қабы – 4000 теңге. Қаражатыңа қарай саудаңды жаса. Жәрмеңкеден өнім алушылар арасынан өзге ұлт өкілдерін де көбірек байқадық. «Қажетті азық-түлікті осы жерден тауып отырмыз. Ірімшік, ет, құрт, сүзбе де алдым. Қыстың күні бұл өнімдердің бәрі керек», – дейді Тараз қаласының тұрғыны Лидия Иурносова. Бұл пікірді тараздық тұрғындар Дүйсен Белғожаев, Бейсетай Шахановтар да қоштайды. Олар «Мұнда азық-түлік жақсы сатылып жатыр. Енді жер үйде азын-аулақ мал ұстаушылар үшін арпа-бидай, жүгері де саудаға түссе екен» деген пікірлерін айтып қалды. Әрине, орынды ұсыныс. Қыс мезгілі болған соң бұл жәрмеңкеде өнімдерді қаппен алушылар көп болды. Олардың бәрі де қолжетімді бағаға дән риза.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар