«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Cабасы – қымызға, шарасы – уызға толы серіктестік

Cабасы – қымызға,  шарасы – уызға толы серіктестік
ашық дереккөз
Cабасы – қымызға, шарасы – уызға толы серіктестік

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Мойынқұм ауданына келген жұмыс сапарында ауыл тұрғындарына қолдағы мал санын көбейтудің отбасының тұрмысын түзеуге тигізер септігі мол екенін айтқан еді. Аймақ басшысының сол сөзі әсер етті ме, бүгінде мойынқұмдықтар сабасы – қымызға, шарасы – уызға толып, мал шаруашылығына шындап бет бұра бастады. Солардың қатарында ірі қара өсіріп, асыл тұқымды жабы тектес жылқыны 300-ге және қой санын 4000-ға дейін жеткізген «Мойынқұм КС» серіктестігін басқаратын Бәкір Исабеков те бар. 

Әлбетте, мал өздігінен өсіп, өнбейді. Жеке кәсіпкер мұндай өсімге мемлекет қолдауы арқылы қол жеткізгенін айтады. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында жеке шаруамен айналысамын деген адамға тосқауыл жоқ. Қайта қолдау бар. Мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалану керектігін түсінген Бәкір Әміреқұлұлы 2003 жылы Мойынқұм несие серіктестігі арқылы несие алып, оған ірі қара мал сатып алады. Жеке кәсіпкер 2006-2007 жылдары тағы да сол серіктестік арқылы несие алып, шаруашылық жұмысын әрмен қарай дамыта түседі. Сонымен қатар, ол 2006-2008, 2010-2011 жылдар арасында «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 6 пайыз өсіммен лизингке 6 трактор алып, бүгінде несиеден толықтай құтылған. Ал 2008 жылы «Агрокредит» корпорациясының Мойынқұмдағы серіктестігі арқылы 7 миллион теңге несие алып, ол қаржыға түгелдей уақ мал сатып алған болатын. «Үркер» шаруа қожалығында бүгінде 20-ға жуық адам жұмыс істейді. Мемлекет қолдауының арқасында ауыл жұрты да жұмыссыз қалып жатқан жоқ. Б.Исабеков 2011-2015 жылдарға арналған «Сыбаға» бағдарламасы бойынша да 20 миллион теңге несие алып, ол қаржыға мүйізді ірі қара алған. Фермер биыл берешегін толықтай жауып, алдағы уақытта «Құлан» бағдарламасымен асыл тұқымды жылқы сатып алуды жоспарлауда. Өйткені, қазақтың жабы тұқымдас жылқысы Мойынқұмның аптап ыстығы мен аязды суығына шыдамды келеді. – 2013 жылдан бері мемлекеттен мүліктің түріне қарай субсидия төленіп келеді. Бұл – шаруаларға берілген үлкен көмек. Мемлекеттің қолдауымен біраз табысқа жеттік. Ендігі мақсатым – мал санын көбейтіп, етті экспортқа шығару. Мен де қолдан келгенше ауыл тұрғындарына көмек берудемін. Ауыл шаруашылығы саласында қызмет етіп жүрген азаматтар мен шопандарға, механизаторларға шаруашылық есебінен отын-суын, жемшөбін тегін беріп келеміз. Сондай-ақ, көп балалы аналарға, жағдайы төмен отбасына және аудан орталығындағы мешітке сексеуіл, көмір түсіріп беремін. «Мектепке жол» республикалық акция бойынша Т.Рысқұлов, Ә.Төлепбергенов атындағы орта мектептерінің оқушыларына 30 000 теңгеден қаржылай көмек жасадық. «Жақсылық жасасаң өсерсің, жамандық жасасаң өшерсің» демей ме қазақ, – дейді шаруа қожалық иесі. Қожалық «Телятин» қыстауына – 6000, ал «Бөшен» қыстауына 2000 орам шөп жинапты. «Былтырғымен салыстырғанда мал саны біршама өскен. Сондықтан қысқа дайындықты күшейтпесе болмайды» дейді малшылар. Бүгінде «Үркерден» «Табыс», «Дәуір», «Ақтөре» шаруа қожалықтары және Шу, Сарысу, Байзақ аудандарының шаруалары асыл тұқымды қошқар сатып алуда.

Уалихан Жайлау, «Ақ жол».

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар