Аудан әкімі Жарылқасын Айтақов Қорағаты ауылына 1-ші мамыр мерекесі күні орталықтағы мерекелік шеру аяқталған соң келді. Аралықтағы тозығы жеткен жолда ығыр болған жолаушылар шалғай мекенге жете бергенде көкмайсаға тігілген киіз үйлерді, ондағы жүздері жарқын ауыл тұрғындарын көріп, жадырап қалды.
Ашық алаңға бүкіл ауыл жиналып, Қорағаты орта мектебін осыдан жиырма жыл бұрын бітірген түлектер ұстаздарын ұлықтап, дүйім жұртқа мерекелік дастарқан жайып, ат шаптырып, палуан күрестіріп жатыр екен. Аудан әкімінің бұл ауылға келуінің мәнісін кейін білдік. Биылғы 15-ші ақпандағы нөмірінде «Ақ жол» газеті Қорағаты темір жол бекетінің тұрғыны Мейрамкүл Шалтаеваның «Тендерге түсірмей отырғаны несі?» деген мақаласын жариялаған болатын. Онда темір жол бекетінен мектепке дейінге үш шақырым аралықта жаяу-жалпылап қатынайтын 44 оқушының аянышты халі жазылған еді. Осынау мәселені ауданның жаңа әкімі тез-ақ шешіп берді. Ол алдымен жиналған жұртты қазақстандықтардың бірлік пен ынтымақ мерекесімен құттықтап, одан соң жергілікті мектептің директоры Ырымжан Омаровқа су жаңа автобустың кілтін табыс етті. Осы бір күтпеген жаңалыққа ауылдың үлкені де, кішісі де қуанды. Әсіресе, балалар қатты қуанды. Енді олар мектепке жаяу қатынамайтын болды.
Сейсен Қожеке, «Ақ жол».
Тұрар Рысқұлов ауданы.
Суретте: аудан әкімі Ж. Айтақов мектеп басшысына жаңа автобустың кілтін тапсырып тұр.
Ұқсас жаңалықтар
Кейбір көрсеткіштер көзделген межеге сай орындалмаған
- 19 сәуір, 2025
Ауылдың абыройын асқақтатқан
- 6 сәуір, 2025
Ақпарат
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
ҚАЖ қызметкерлері көпбалалы отбасыны қуантты
- 15 наурыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді