«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өрлеу, өсу мүмкіндіктері өз қолымызда

Өрлеу, өсу мүмкіндіктері өз қолымызда
ашық дереккөз
Өрлеу, өсу мүмкіндіктері өз қолымызда
Ақпараттық-насихаттық автокеруен елбасының жолдауын түсіндіру мақсатында аудандарға аттанды Елбасы Жолдауы – еліміздің болашақ бағдары. Бұл құжатта экономиканың барлық саласына қатысты мәселелер толық қамтылған. Жолдаудан еліміздің әрбір азаматы көкейіндегі сауалына жауап ала алады. Бастысы – Мемлекет басшысының тапсырмаларынан туындайтын мақсат-міндеттерді тұрғындарға кеңінен түсіндіріп, дұрыс ақпараттандыру керек.  Осындай үлкен жауапкершілікті жүктеген облыстық ақпараттық-насихаттық топ жұма күні аудандарға жол тартты. «Жақында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына кезекті жиырмасыншы Жолдауын жариялады. Барша қазақстандықтармен бірге қасиетті Әулиеата өңірінің жұртшылығы да жаңа Жолдауды қызу қолдап, Елбасы саясатының маңына топтасуда. Өйткені, Елбасы Жолдауы – әрдайым уақыт талабына бейімделген стратегиялық жоспар, қоғамды қалыптастырушы, береке мен бірлікті ұйыстырушы фактор. Ұлт Көшбасшысының әрбір сөзі халықтың болашаққа деген сенімін арттырып отыр. Мемлекет басшысы жаңа жаһандық ахуал талабына сай әрекет етудің нақты жолдарын көрсетті. Еліміздің үдемелі және сенімді дамуын қамтамасыз етудің жаңа міндеттерін қойды. Президент белгілеген тапсырмаларды орындау – қашанда үлкен абырой, мәртебелі міндет. Сондықтан, біз бүгін Елбасы Жолдауын облыс тұрғындарына жеткізу үшін әр ауданға ақпараттық-насихаттық керуенді шығарып салу үшін жиналып отырмыз. Автокеруен мүшелеріне шалғай ауылдарға із салып, әрбір отбасына Жолдауда белгіленген тұғырлы тапсырмаларды жеткізу міндеті жүктеліп отыр.  Елбасы айтып өткендей, дағдарыстың бәрі өткінші. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы секілді ұлы құндылықтар ғана мәңгі. Біздің негізгі мақсатымыз – «Мәңгілік Ел» болу. Болар елдің болашағын айқындайтын Жолдауға қолдау көрсету – аталы елдің парасатты перзентінің парызы. Елбасы Жолдауынан туындайтын тапсырмалардың өңірімізде орындалатынына сенімім мол. Барша облыс тұрғындарын Жолдауға нақты іспен жауап беріп, еңбектің ерен үлгісін көрсетуге шақырамын. Елбасы саясатының арқасында гүлденген еліміз өркендей берсін. Біздің ұранымыз – тек алға, Қазақстан!» – деді ақпараттық-насихаттық автокеруенге ақ жол тілеген облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев. «Достық» алаңында өткен акцияға «Нұр Отан» партиясының мүшелері, әр саланың мамандары, белсенді жастар, облыстың зиялы қауым өкілдері жиналды. Олар он бағытқа бөлініп, Жолдау міндеттерін облыс жұртшылығына түсіндіру үшін аудандарды бетке алды. Ақпараттық-насихаттық топ мүшесі, Тараз химия технология колледжінің директоры Гүлнар Тұрсынбекова Елбасының «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасының біздің өңірде де сәтті жүзеге асатынына сенімді. «2008 жылы Президентіміз облысқа арнайы жұмыс сапарымен келіп, облыс басшысына осы өңірдің химия өндіріс орындарына кәсіби-техникалық мамандар дайындау үшін арнайы оқу орындарын ашу жөнінде тапсырма берген болатын. Соның нәтижесінде былтыр 600 орындық химия-технологиялық колледжі ашылды. Қазір онда 541 студент тегін білім алуда. Осы жылы Елбасы тағы да жұмыс сапарымен келіп, осындай колледждерді басқа облыстарда да ашу керек деп, ризашылығын білдірген еді. Жаңа бағдарлама қолданысқа енгізілсе, біздің колледжде білім алуға құштар жастардың қатары көбейеді деп ойлаймын. Біздің міндетіміз – ауыл жастарына дұрыс бағыт-бағдар беру», – деді ол. Елбасы Жолдауында қойылған міндеттер туралы М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мұхаббат Тұрдыева, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қарлығаш Аралбекова, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының 4-курс студенті Шоқан Жолдасбек өз ой-пікірлерімен бөлісті. Жолдау міндеттерін жұртшылыққа жеткізуді көздейтін автокеруен құрамында аудан тұрғындарына төмен бағада тауар ұсынатын 870 тонна әлеуметтік азық-түлік тиелген 8 жүк көлігі бар. * * * Сол күні облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов бастаған ақпараттық-насихаттық топ Жамбыл ауданы, Аса ауылының тұрғындарымен кездесіп, жұртшылыққа Жолдау жаңалықтарын жеткізді. Аудан активі жиналысында Жолдауда қойылған міндеттер мен оның мән-маңызы жете түсіндірілді. Жиында «Зиялы заман» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлібек Әмзеұлы қазақ халқына жол тартқан жаңа Жолдау тұрғысында кеңінен ой қозғады. Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Рахым Жапаров Елбасының әр жылдардағы Жолдауынан туындаған мақсат-міндеттер елімізді баянды болашаққа бастайтынын айтты. «Биылғы Жолдауда да қазақ елінің қарышты дамуы үшін ауқымды міндеттер қойылып, жаңа белестерді бағындырудың нақты жолдары айқындалған. Жолдауда жүктелген міндеттердің орындалуы халқымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайының өсуіне тікелей септігін тигізетініне сенімім мол. Осындай маңызды құжатты халыққа түсіндірген ақпараттық-насихаттық топ мүшелеріне аудан халқы атынан алғысымды білдіремін», – деді. Бұдан кейін ақпараттық-насихаттық топ мүшелері мінген автокеруен бекітілген кестеге сәйкес әрбір ауылдық округ тұрғындарымен кездесу мақсатында жолға шықты.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар