«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кешегі колхоз төрағасы

Кешегі колхоз төрағасы
ашық дереккөз
Кешегі колхоз төрағасы

Бүгін «тұлпар» шаруа қожалығының иесі

Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын өркендетуге үлкен қолдау көрсетілуде. Бүгінгі таңда ұйымдастыра білген кісіге шаруасын дөңгелетіп әкетуге еш кедергі жоқ. Аграрлық салада білікті мамандар қай өңірден де кездеседі. Мәселен, Бейсенбай Таңбаев – кешегі колхоз төрағасы. Абай атындағы ұжымшарды төрт жыл басқарып, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгенін құландықтар күні бүгінге дейін ұмытпайды.

Ал, бүгін Б.Таңбаев «Тұлпар» шаруа қожалығының белсенді ұйымдастырушысы, аудандағы белді кәсіпкер. 1996 жылы құрылған шаруа қожалыққа баласы Ержан Бейсенбайұлы жетекшілік етеді. Әке тағылымын тыңдап, тәжірибесін үйреніп өскен Ержан тынымсыз жан. Қашанда шапқылап, шаруашылықтың басында жүреді. «Шәушен», «Ақтоған» секілді атағы алыс кеткен қожалықтармен иық тірестіре алмаса да, бүгінгі қадамы көңіл аударарлық. Тұлпарлықтар ісін 3 жылқы, 2 сиыр, 50 қой өсіруден бастаған. 19 жыл бұрын 20 гектар ғана егістік жері болған бұл қожалықтың қазіргі таңда 600 гектар егістік, 700 гектар жайылымдық жері бар. Трактор және автокөлігі оннан асады. Оның қырық пайызы – жаңа техника. Үш миллион теңгеге лизингке жаңа трактор және несиеге жаңа автокөлік алды. Бұл техникаға «ҚазАгроқаржы» АҚ облыстық филиалы арқылы қол жеткізді. «Тұлпардың» қазіргі жұмысы ширақ. Жылқы – 35, сиыр – 35, қой 700-ге жеткен. Төрт адам (екі отбасы) мал шаруашылығында еңбек етеді. Әр отбасыға 80 мың теңге жалақы төленеді, одан бөлек қозы бөлік кезінде 25 төл беріледі. Ол үшін малшы жүз басқа 90 қозыдан аман өсіруі тиіс. Еңбегіне қарай өнбегі. – Қазір малшы, тракторшы табу қиындап кетті. Жазда трактор руліне немерелерімізді отырғызамыз. Олар бір-екі айдан соң, оқуларына кетеді. Механизатор табу оңайға түспей тұр. Бұл – өзекті мәселе. Көлік жүргізуші, тракторшылар дайындайтын курстар ашылса дейміз. Жұмыс іздеп алыс қалаларға кетіп жатқандар, жақын жерден нәсіптерін терсе деген ойымыз бар, – дейді Бейсенбай Таңбаев. Қазіргі таңда қожалық 8 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Қожалықтың шағын наубайханасы уақытша тоқтап тұр. Бұл жерде де 12-13 адам еңбек еткен. Алдағы уақытта ауылды нанмен қамтитын цехтың жұмысы жанданатын болады. Биыл күзде 200 гектар алқапқа күздік бидай тұқымын сеуіп қойды. Үш гектар жерге еккен алма бағы жеміс беріп тұр. «Алманы жылына үш мәрте дәрілеу керек, сонда өзегінде құрт болмайды», – дейді кәсіпкер. Сондай-ақ, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы асыл тұқымды сиырлар сатып алып, малды ет бағытына бейімдеп ұстауды көздеп отыр.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар