тегін kitap мобильдік қосымшасын ұсынады
ХХІ ғасыр – ақпараттық қоғам, технологиялық мәдениет дәуірі. Ақпараттық технологиялардың тиімділігі – бізге жылдам әрі нақты мәлімет алмасуға мүмкіндік беретіндігінде. «Кселл» мобильдік операторы жыл өткен сайын өз тұтынушыларына көрсететін қызмет аясын кеңейтіп, дәл осындай қолайлы жағдай туғызуда. «Кселл» компаниясы 4000-нан аса кітапты жинақтаған тегін kitap мобильдік қосымшасын қазақ тілінде ұсынып отыр. Жалпы, бұл мобильдік қосымшаны қалай пайдалануға болады? Онда қандай әдеби туындылар топтастырылған? «Kceлл» акционерлік қоғамының Тараз қаласындағы филиалының директоры Бауыржан Шалғынбаевпен сұхбаттасып, осы сауалдарға нақты жауап алдық.
– Бауыржан мырза, тегін kitap мобильдік қосымшасын жасауға не түрткі болды? Әңгімені осыдан бастасақ.
– Нарық заманында уақытты тиімді пайдаланудың маңызды екенін білесіздер. Бұл жоба ақпараттық технологиялар арқылы Қазақстанның мәдени мұрасының мультимедиалық топтамасын сандық форматта қолжетімді етуді көздейді. Мақсат – ұлттық әдебиет, ғылым, мәдениетке қатысты туындыларды жинақтау және авторлық құқықты сақтай отырып көпшілікке тарату. Яғни, жаңа технологияның көмегімен ұлт әдебиетін насихаттау, рухани қажеттілікті өтеу. Мобильдік қосымшаны «WikiBilim» қоғамдық қоры «Кселл» мобильдік операторының қолдауымен жасап шығарғанын айта кеткеніміз жөн. – Жоба аясында қанша автордың еңбегі насихатталады? Жалпы, тегін kitap мобильдік қосымшасы әдеби кітаптарға деген қажеттілікті қаншалықты өтей алады? – Тегін kitap мобильдік қосымшасы «WikiBilim» ҚҚ дамытып жатқан «Қазақстанның Ашық кітапханасы» атты онлайн-жобасы негізінде жүзеге асырылып отыр. Қазіргі таңда Қазақстанның «kitap.kz» ашық кітапханасы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері туындыларының ең толық электрондық топтамасын, сондай-ақ, әлемдік деңгейдегі көркем және ғылыми-көпшілік әдебиетті қазақ тіліне аударып ұсынып отыр. «Қазақстанның Ашық кітапханасында», яғни www.kitap.kz сайтынада 500-ден аса автордың 4000-ға жуық кітабы жинақталған. Жобаға алғаш қолдау көрсеткендер – Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, Қасым Аманжолов, Бауыржан Момышұлы, Зейін Шашкин, Жұбан Молдағалиев, Қалижан Бекхожин, Сағи Жиенбаев, Ғафу Қайырбеков, Мұқағали Мақатаев, Сафуан Шаймерденов, Зейнолла Қабдолов, Қалтай Мұхамеджанов, Сәкен Жүнісов, Сауырбек Бақбергенов сынды ақын-жазушылардың мұрагерлері. Сонымен қатар, бүгінде ортамызда жүрген есімдері елге белгілі қаламгерлер Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Шаханов, Софы Сматаев, Қабдеш Жұмаділов, Шерхан Мұртаза, Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков те көмектескенін айта кетуіміз керек. – Тегін kitap мобильдік қосымшасын қалай пайдалануға болатынын айтып өтсеңіз? – Осы жобаны жүзеге асыру арқылы бір нәрсеге көзіміз жетті. Ақпараттық технологиялар ғасырында да көркем әдебиетке деген қызығушылық төмендемеген екен. «Қазақстанның Ашық кітапханасы» біздің жалпы мәдениетке деген көзқарасымызды өзгертіп отыр. Осы жоба шеңберінде әдебиет туындылары оқырмандар үшін қолжетімді болды. «Кселл» компаниясы көпшілікке www.kitap.kz сайтында жинақталған қазақ тілінде жазылған көркем әдеби кітаптарды бейімдеп, оларды смартфондарда оқуға болатындай мобильдік форматқа аударуға көмектесті. Мобильдік қосымша смартфондардың ең танымал үлгілеріне бейімделген, енді оны Android және IOS жүйелерінде пайдалануға болады. Бір нәрсені айта кетуіміз керек, тегін kitap мобильдік қосымшасы – мемлекеттік тілді дамытуға арналған жоба. «Кселл» компаниясы қоғамдағы корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін осылай өтеуде. Нарықтың көшбасшысы ретінде біз мемлекеттік тілдегі ең үлкен онлайн-кітапханалардың біріне смартфондар арқылы кіруге жағдай жасауды көздеп отырмыз. Қазіргі таңда қазақстандықтардың 40 пайызға жуығы смартфондарды қолданады. Біз осы қосымшаны қолданушылардың барлығына тегін ұсынып отырмыз. Бұл жоба оқырмандарының санын барынша кеңейтпек.
Тілші түйіні: Kitap мобильдік қосымшасы қазақ әдебиетінде серпіліс туғызып, алдағы уақытта жас талантардың танылуына септігін тигізеді деген үміт бар. Қазақстанның «kitap.kz» Ашық кітапханасы 2012 жылы іске қосылып, қазіргі таңда оның қолданушылар саны өсіп келеді. Статистикаға сүйенсек, сайтқа күніне 2500-ден аса оқырман кіреді екен. Мобильдік қосымшаның іске қосылуы жастардың қазақ әдебиетіне деген қызығушылығын арттыратынына сенім мол.
Ардақ ҮСЕЙІНОВА, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді