Жар сүю
Сүйгеніңе басыңды иіп өту,
Мәртебесін тек оның биік ету!
Бұл өмірден өткенше қандай бақыт,
Құдай қосқан жарыңды сүйіп өту!
Басқалардан жаныма жақынсың деп,
Айта аламын өзіңді ақылшым деп.
Балалардың анасы өзің болып,
Ақ сүтіңмен аялап жатырсың тек.
Ақын болып жүгімді келем артып,
Жан таппадым өзіме сенен артық!
Самайыңды ақ қырау шалғанымен,
Немереңді сүйесің менен артық.
Тарам-тарам жол жатыр тармақтылау,
Өмір болса барады қармап мынау.
Немереңді сүйгенің жақсылық қой,
Өкпелемен мен оған, ардақтым-ау!
Менің дағы бойымда көп тілегім,
Сенің арқаң жадырап көп күлемін.
Балалардың бақытын бірге көру,
Ошағымның бірлігі деп білемін!
Демеймін-ау көңілді қалды неден?
Жақсы көрсем от болып жанды денем.
Жұмысымнан келгенде шаршаңқырап,
Қабағыма қарайсың алдыменен.
Болды қанша мен үшін жасымда сын,
Білдім талай тағдырдың ашылмасын!
Қуанышты сан бірге бөліссең де,
Қиындықта сен бірге қасымдасың.
Өткен сонау қарасам жолымызға,
Талай бақыт қонды ғой қолымызға.
«Көбі кетіп өмірдің азы қалды»,
Қарайықшы абайлап соңымызға!
Бәріне де куәгер уақыт екен,
Дей алмаймын өмірді жақұт етем!
Ойнап-күліп жүргенге не жетеді,
Жарды сүю бақыт па, бақыт екен!
Қиындықты қиядан қиып өтсек,
Махаббатты қашанда биік етсек!
Одан артық жарым-ау, бақыт бар ма,
Бірімізді-біріміз сүйіп өтсек!
Сайлаубай Тойлыбаев.
Ұқсас жаңалықтар
Оқулықта олқылық болмағаны жөн!
- 23 желтоқсан, 2024
Қоғам жалғыздығын қаузаған туынды
- 19 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді