«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жамбылдықтардың жиені

Жамбылдықтардың  жиені
ашық дереккөз
Жамбылдықтардың жиені

тұңғыш президенттің Әулиеата өңіріне деген ықыласы ерекше

1998 жылы 19 желтоқсанда Тараздағы «Баласағұн» мәдениет орталығында облыс сайлаушыларымен өткізген кездесуде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев тарихы тереңнен тамыр алатын көне Тараз қаласына, жалпы Жамбыл жеріне ыстық ықыласпен қарайтындығын айтқаны есте. Оның сыры жамбылдықтарды нағашы жұртым деп санайтындықтан екенін де жасырмаған. Сонда жылы лебізді естіп, мерейі тасыған жұртшылықтың арасында Нұрсұлтандай жиенімен мақтанатын қордайлықтар да болған еді. Одан кейін де Н.Назарбаев Қордай жеріне сан мәрте барды. Үлкен қызметте жүріп, Қасық ауылындағы туған нағашысы Айдапкелдің шаңырағына сәлем бере келгенін көрген жұрт Елбасының кісілігіне, адамгершілігіне қайран қалатын. Нұрсұлтанның нағашы­лары: Досымқұл, Айдапкел, Бөлеген деген ағайындылар. Әлжан – үш ұлдың қарындасы. Досымқұл Ұлы Отан соғысынан оралмады, Айдапкел майдан даласына бір аяғын қалдырып, мүгедек болып оралды. (Мен сол Айдапкелдің жиенімін, яғни, Нұрсұлтанға бөлемін). Ал Бөлегенді 1937 жылы Красногор аупарткомында нұсқаушы болып қызмет істеп жүрген кезінде «халық жауы» деп жала жауып, ұстап әкетті. Ол сол күйі хабарсыз кетті. Айдапкел нағашым 1990 жылы жасы жүзге таяғанда дүниеден өтті. Өзі «қой аузынан шөп алмас» момын кісі еді, екі балдақпен жүретін. Балалықпен шәй ішіп отырған жерінде оның балдақтарын алып қашып ойнаушы едік. Нағашысының асына Нұрекең арнайы келіп қатысты. Машинадан түсіп, өзін күтіп тұрған күллі жұртпен емен-жарқын амандасқаны сол асқа келгендердің әлі есінде. Үлкендермен қол алысып, жақын туыстарымен құшақ жая көрісті. Көптің қалауын қимай суретке де түсіп жатты. – Бәріңіз Президентті көрейік деп келдіңіздер ғой, міне, ол да өздеріңіздей адам, – деп жұртты ду күлдірген сол жолы. Нұрекең сонда Орта Азия елдерінің Президенттерімен кездесуге бара жатқан екен. Сөйте тұра үлкен астан аттап кетпей, арнайы бұрылып дәм татуы баршамыздың мерейімізді тасытты. Елбасы 1995 жылы Қасық ауылына арнайы келіп, нағашысына Құран оқытты. Әр келген сайын хабарсыз кеткен нағашысы Бөлеген туралы бір дерек табылды ма деп сұрайтын. Біз іздестіру жұмыстарының нәтижесіздігіне қысылып жүрдік. Тек осыдан екі жыл бұрын ғана жазықсыз жазалаудың құрбаны болған Бөлеген Жатқанбаевтың сүйегі Алматы маңындағы «Жаңалық» қорымында жатқанын анықтадық. Бұл туралы облыстық «Ақ жол» газетінде бірнеше мәрте жазылды да. Былтыр қаңтар айында Нұрсұлтанның қарындасы Әнипа Әбішқызы бастап, нағашыларынан біраз адам болып, «Жаңалық» қорымына барып жазықсыз құрбан боғандардың рухына Құран бағыштап, тағзым еттік.

Нәби БАЙМҰХАНБЕТОВ, зейнеткер.

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар