«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бақуатты елдің бақытты бүлдіршіндері

Бақуатты  елдің  бақытты бүлдіршіндері
ашық дереккөз
Бақуатты елдің бақытты бүлдіршіндері

ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Тараздағы «Арай» алқабындағы 280 орындық №44 «Ер Тарғын» балабақшасы пайдалануға берілді. Жалпы сметалық құны 536 миллион теңгені құрайтын нысанның құрылыс жұмысын «Нұр Тұрсын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Науқандық жұмыстар кезінде 66 адамды жұмыспен қамтыған жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қатысып, балабақша кезегін күткен ата-аналардың қуаныштарымен бөлісті.

– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында қуанышты сәттің куәсі болып отырмыз. Бұл балабақша – Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Балапан» бағдарламасының жемісі. Заманауи үлгідегі ғимаратта сәбилерге жан-жақты тәрбие беру үшін барлық жағдай жасалған. Бүгінде облыстағы 420 мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 49700 бала тәрбиеленуде. Жыл басынан бері осымен екінші балабақша ғимараты пайдалануға беріліп отыр. Таяуда Жамбыл ауданының Жалпақтөбе ауылында да дәл осындай 280 орындық балабақша пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, облыста 5 балабақшаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде,– деді Бекболат Серікбекұлы салтанатты шарада.

Тараздықтар үшін бұл мереке қарсаңындағы тамаша тарту болды. Тұрғындар балалар болашағын ойлаған «Балапан» бағдарламасы үшін Елбасына дән риза. – Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Менің мектепке бармаған немерелерім бар. Енді оларды осы балабақшаға беремін. Мұнда бүлдіршіндерді ізгілікке баулып, жақсы тәлім-тәрбие беретініне сенімдімін. Осындай әсем де еңселі ғимарат салып берген Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа, облыс басшыларына айтар алғысымыз шексіз,– деді қала тұрғыны Гүлнар Төлешова.

* * * Тағы бір әлеуметтік нысан Меркі ауданы, Тұрар Рысқұлов ауылдық округінде ашылды. Аталған жаңа мектеп құрылысының мердігері - «Нұржол Строй» ЖШС, құрылыс жұмыстары 2014-2015 жылдары ауысымды негізде жүргізілді. Мектеп құрылысына 498380,900 мың теңге қаржы жұмсалған. Мектеп заман талабына сай жарақтандырылған. Айта кету керек, өңірде білім нысандарының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы осы мақсатқа 10,2 млрд. теңге бөлінсе, биылғы жылы 7,4 млрд. теңге бөлініп, 24 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 9 мектеп пен 4 балабақшаның құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 11 білім нысанының (6 мектеп, 5 балабақша) құрылысы 2016 жылы аяқталмақ. Бүгінде облыста 449 мектеп пен 420 балабақша жұмыс істейді. 2015-2016 оқу жылында облыстың 449 мектебінде 199 231 оқушы білім алса, ал 420 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 44 719 бала тәрбиеленуде.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар