Бухарестте қазақ киносының фестивалі өтуде. Еуропадағы ауқымды шаралардың бірі болып табылатын фестивальді өткізуді Румыниядағы Қазақстан Елшілігі «КМГ Интернешнл» компаниясының қолдауымен және «Қазақфильм» киностудиясының көмегімен қолға алған болатын. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Фестиваль барысында қазақстандық режиссерлердің әр жылдары түсірген 9 кинотуындысы көрсетілмек. Атап айтқанда, шараның ашылуы салтанатында «Елбасы жолы» - «Менің балалық шағымның аспаны» киноэпопеясы ұсынылған болатын. Бұдан кейінгі күндері киноэпопеяның барлық қалған бөлімдері - «Отты өзен», «Теміртау», «Тығырықтан жол тапқан» фильмдері көрерменге жол тартады. Бұдан бөлек, фестиваль бағдарламасында «Көшпенділер», «Жерұйық», «Жаужүрек Мың бала», «Қыз Жібек», «Біржан сал» фильмдері көрсетіледі. Фестивальдің ашылу барысындағы баспасөз мәслихатында Румыниядағы Қазақстан елшісі Дәулет Батырашев мұндай шараны өткізу румыниялық аудиторияны қазақтың бай тарихы және мәдениетімен танысуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Екі ел арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастықты айта келе, Қазақстан Елшісі фестивальдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты да арттырып, екі елдер халқының бір-біріне рухани тұрғыдан жақындасуына септігін тигізетініне назар аударды. Өз кезегінде «Қазақстан-Румыния» бірлескен парламенттік достық тобының жетекшісі, Румыния Парламенті депутаттар палатасының мүшесі Костел Алексе ресми Астана мен Бухарест арасындағы екіжақты байланыстардың даму қарқынын жоғары бағалады. Мұндай шара екі ел халықтарының мәдени жақындасуына үлкен септік болатынын да еске салып өтті. Ал «КМГ Интернешнл» компаниясының басшысы Каталин Думитру Қазақ киносының мерекесін ұйымдастыру Қазақ хандығының 550 жылдығы мен ҚР Тұңғыш Президенті күні аясында қамтылып отырған шара екенін айта келе, мұндай игі бастаманы Еуропадағы ауқымды мәдени оқиға деңгейінде бағалап өтті. «Тұтастай алғанда, кино фестивалін өткізу Қазақстан мен Румыния арасындағы мәдени алмасудың игі дәстүрлерінің бірі болып табылады. Қазақстандық музыканттар жыл сайын Бухарестте өтетін Джордже Энеску атындағы классикалық музыка фестиваліне де белсенді қатысып келеді. Олардың арасында пианист Әмір Тебенихин, скрипкашы Жібек Мүсірғалиева және басқалары да бар. Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың 5 желтоқсанында Румыния астанасында қазақстандық скрипкашы Арман Мырзағалиевтің Маргарета ханшайым атындағы оркестрмен бірге өнер көрсетуі де жоспарланған», - делінген баспасөз баянында.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді