«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА БАРғандар ЖАЗАСЫз қалмады

ЖЕМҚОРЛЫҚҚА БАРғандар ЖАЗАСЫз қалмады
ашық дереккөз
ЖЕМҚОРЛЫҚҚА БАРғандар ЖАЗАСЫз қалмады
Елбасы Н.Назарбаевтың бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 қадамының 13-ші қадамы жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған. Онда «...жаңа заңнамалар әзірлей отырып, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құру керек» деп көрсетілген. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы Тәртіптік кеңесінің әрбір отырысы осындай нақты тапсырмаларды жүзеге асыруға және қоғамды дендеген дерт – жемқорлықты мейлінше жойып, әшкере етуге бағытталған. Аталған кеңестің кезекті отырысында заң бұзып, тәртіп сақтамаған мемлекеттік қызметкерлер сын тезіне алынды. Агенттіктің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары-Тәртіптік кеңестің төрағасы Ғалым Тұрсынбаевтың төрағалығымен өткен бұл жолғы отырыс бұрынғыдан өзгерек болды. Жиында жалпы саны 22 тәртіптік іс қаралды. Соның бірқатарына тоқталсақ. «бухгалтер, менің сүйікті бухгалтерім!» Заң бұзғаны анықталған азаматтардың бірі – Жуалы ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Ж.Дәуренов және аталған бөлімнің бухгалтері Ж.Жанғазиева болды. Аталған мемлекеттік қызметшілердің қателігі – заңсыз жалақы аударғаны. Нақтырақ айтқанда, бөлім бухгалтері бірнеше ай бойы өзіне заңсыз сыйақы аударып келген. Ал басшысы оған бақылау жасамаған. Заң бұзған азаматша өзінің бұл ісін жалақымның есебінен алдын ала аванс алдым деп түсіндірмек болды. Алайда, Жуалы ауданы прокуратурасының ұсынысымен бөлім басшысы Ж.Дәуренов «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 12-бабы 1-ші тармағының 4 және 10 тармақшаларына, ал бухгалтер Ж. Жанғазиева аталған тармақтың 2-ші тармақшасына сай заң бұзғаны үшін оларды қызметінен босату туралы аудан әкіміне ұсыныс жолданды. МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ да мас болады Кеңес отырысында тәртіптік ісі қаралған келесі мемлекеттік қызметші – Сарысу ауданы, Үшбас негізгі мектебінің директоры К.Айнабеков болды. Аталған азамат осыдан бірнеше жыл бұрын мас күйінде көлік жүргізгені үшін үш жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып, тиісті жазасын алған екен. Алайда, ол ісі өзіне сабақ болмаған азамат кезекті рет ішімдік ішкен күйінде жол сақшыларына ұсталған. Бірақ, сотқа ол өзін жұмыссызбын деп көрсетіп, соттың шешімімен 120 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылған. Ал оның ауданда тал-дарақтарды бұтап, әктеу, сырлау жұмыстарымен айналысып жүрген кезінде мектептегі директорлығы үшін де толық жалақысы аударылып тұрған. Бір қызығы, білдей бір мектеп директорының бұл бейберекет ісінен аудандағы білім бөлімі де, әкімдіктің тиісті қызметкерлері де хабарсыз болған. Мектеп директорына оқушыларға білім берудің орнына өз іс-әрекетімен оларға арақ ішуді, өтірік айтуды және заң бұзуды үйретіп жүрсің деп кінә таққан тәртіптік кеңес мүшелері аталған азаматты атқарып отырған қызметінен босату туралы тиісті органдарға ұсыныстарын жолдады. Әй, әйелдер-ай! Ал Байзақ ауданында тәртіп бұзғандар қатары біршама көп болып шықты. Оны әкімнің өзі бастап, зайыбы қостап тұр. Аудан әкімі М.Шүкеевтің жары К.Жанбекова аудан әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы болып қызмет атқарады. Ауданның прокуратура қызметкерлерінің тексерісі нәтижесінде аталған азаматша жұмыс уақыты кезінде еш құжаттық негізсіз Араб Әмірліктеріне сапарға кеткен. Алайда, оған бұл уақыттарда жалақысы аударылып, жұмыста бар деп есептеліп келген. Ол өзінің басшылық тарапына уақытша ақысыз демалыс беру туралы өтініш қалдырғанын, алайда, тиісті мамандар оны ары қарай заңдастырмағанын айтып ақталды. Дейтұрғанмен, заңды бұзған әкімнің жарына мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексінің талаптарын бұзып, жұмыста болмағаны үшін қызметінен босату туралы аудан әкіміне ұсыныс жолданды. Ал осындай заң бұзушылыққа жол берген бөлім басшысы А.Саққұловаға «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 12-бабы 1-ші тармағының 4 және 10 тармақшаларында қарастырылған жұмыс уақытын есепке алу табеліне дәйексіз мәлімет енгізу, К.Жанбекованың жұмыста болмаған фактісі бойынша шара қолданбағаны үшін атқарып отырған қызметіне толық сай еместігі туралы ескерту берілді. Аудан әкімінің орынбасары мен бірқатар бөлімдерде орын алған заң бұзушылықтардың барлығы толығымен талқыға түсіп, аудан әкімінің ісін мәніне қарай қарау үшін облыс әкіміне жолданды.  

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар