Біз ежелден ұлан-ғайыр даланы мекен еткен халықпыз. Алайда, өткен ғасырда кезең-кезеңімен келген нәубет қазақты ойсыратып кетті. Ұлы Отан соғысы жылдары боздақтар қан майданға аттанып, қайтпай қалды. Осының бәрі қазақ халқының әл-қуатын әлсіретіп, өз жерінде ат төбеліндей болып өмір сүруіне әкеп соқты. Кең-байтақ даламызға тағдырдың талайымен сан ұлттың өкілі жер ауып келіп, қоныстанды. Олардың арасында кең пейіл халқымызбен етене араласып, туғанымыздай болып кеткені қаншама?! Иә, осынау ұлттардың арқасында керегеміз кеңейіп, ортамыз қайта толды емес пе? Биылғы жылды Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ассамблея жылы» етіп бекіткені баршамызды қуантты. Өйткені, бұл өте көреген саясаттың жемісі еді. Елбасының «Бұл – біздің ортақ міндетіміз. Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, біртұтас болашақ. Мен барша қазақстандықтарды ұлтаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі нығайтуға шақырамын. Олар – біздің мәңгілік құндылықтарымыз. Осынау бұлжымас ақиқатты сақтай отырып қана біз мәңгі халық, мәңгі елорда және мәңгі мемлекет туралы айта аламыз», – деген сөзі әрбір елім дейтін қазақстандықтың жүрегіне жылылық, санасына сәуле құяды. Ел бірлігін көздің қарашығындай сақтаңдар. Біздің тәуелсіздігіміздің басты жетістігі және оны нығайтудың шарты – халық бірлігі дейді. Еліміздегі ынтымақ пен тұрақтылық – баршамыздың табан тірейтін тұғырымыз. Берекелі бірлігіміз – біздің басты байлығымыз. Осылай дұрыс жолға қойылған мемлекеттік саясаттың арқасында еліміздегі достық пен татулық ұғымдары еліміздің мызғымас тетігіне айналғанын әлем көріп отыр. Қазақстандық модульді өздеріне үлгі етіп отырған көптеген мемлекеттер бар. Олай болса, біз қашан да өзіміздің көп ұлтты біртұтас елімізді мақтан етуге тиіспіз. Замана зәуімен қазақ даласына келген ұлттардың арасында еңбегімен ел құрметіне бөленіп, құрметке ие болған азаматтар бар. Солардың арасында біздің облыста Махмуд Ашировтың аты ерекше аталады. Мен ол кісімен сонау 60 жылдардың басында «Октябрь» ұжымшарында бас есепші болып еңбек етіп жүрген шағында таныстым. Жалпақтөбе ауылында дүниеге келіп, соғыс басталған жылы 7-сыныпты бітіріп, Жамбыл есеп-санақ техникумын оқып, аяқтады. Содан көрші қырғыз елінің Талас облысында ұжымшарда есепші болып еңбек етеді. 1953 жылы елге оралып, алғашқыда Жамбыл ауданының ХХІІ Партсъезд атындағы ұжымшарда, кейін «Октябрь» ұжымшарында бас есепші болып қызмет атқарды. Ал 1965 жылы осы «Октябрь» ұжымшарының төрағасы болып сайланды. Осы қызметті Махмуд Ысқақұлы табаны күректей 30 жыл атқарды. Бұл айтуға ғана оңай. Осынау жылдар ішінде оның ұйымдастырушылық қабілеті, іскерлігі, адамгершілік қасиеті бар қырынан көрінді. Аядай ғана колхозды елімізге танымал етті. Еңбекқор дүнген халқының бейнеткерлігін паш етті. Ірі тауарлы – сүт фермасын құрып, мол өнім алды. Бау-бақша, көкөніс өсіруді жолға қойды. Жамбыл қаласының тұрғындарын жыл бойы осы өнім түрлерімен қамтамасыз етіп отырды. Облыс орталығының іргесінде орналасқан шағын ауылды үлкен селоға айналдырды. Табыстың тайқазанын тасытқан ұжымшарға республиканың бірінші басшысы Д.А.Қонаев бірнеше рет келіп, өзінің оң бағасын беріп еді. Облыстағы таңдаулы шаруашылықтың төрағасы ретінде М.Аширов лайықты құрметке бөленді. Мемлекеттік Ленин, Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен наградталып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Бұл сол кезгі өлшем бойынша бір адамның басына жетерлік абырой-атақ болатын. Отан – отбасынан басталады. Облыс экономикасының дамуына өзіндік үлесін қоса білген шаруашылықтың білгір басшысы М.Аширов үлкен отбасының иесі еді. Отыз жыл отандасқан жары Бибімен он ұл-қызды өмір көшіне қосты. Солардың арасында Тофик қазір аудандағы ірі шаруашылықтардың қатарына жататын «Юнчи» шаруа қожалығының жетекшісі, Әбдуталып Тараздағы кардиохирургиялық клиниканың басшысы болып жемісті еңбек етуде. Қалған ұл-қыздары, ержеткен немерелері де тәуелсіз қазақ елінің баянды болашағы жолында тер төгуде. Дүниені жайлаған дағдарысқа қарамастан, қазақ елі өсіп-өркендеу жолында. Ертеңгі болашағымыз жарқын, «Мәңгілік Ел» болудың жолында асу-асу белестерді асамыз. Оған біздің көп ұлтты, еңбекті енші еткен, татулықты ту еткен халқымыздың ерік-жігері жетеді. Көп ұлтты еліміздің күш-қуаты осындай ұлағатты отбасылардың, әулеттердің арқасында арта бермек.
Есіркеп Серікбайұлы, Байзақ ауданының Құрметті азаматы.
Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді