«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Астанада Байзақ датқаға көше берілді

Астанада  Байзақ  датқаға  көше  берілді
ашық дереккөз
Астанада Байзақ датқаға көше берілді

Тарихи тұлғалардың бірі – есімі ел жадынан өшпеген, Қазақстанның оңтүстік өңірінде Қоқан хандығына және отарлаушы Ресей империясына қарсы ұлт-азаттық күресті ұйымдастырушы, қол бастаған батыр, тамам жұртқа жөн нұсқаған қоғам қайраткері Байзақ Мәмбетұлының туғанына 225 жыл толуы өткен жылы кеңінен аталып өткен болатын. Осыған орай Астанада да батыр есімі жазылған тақтайшалар ілінген көше пайда болды. Осынау қуанышты оқиғаға орай өткен сенбіде елордадағы Есіл ауданы Ильинка тұрғын алабындағы батыр есімі берілген жаңа көшенің ашылу рәсімі өтті. Онда осы шараны ұйымдастырған «Байзақ датқа» қоғамдық қорының төрағасы Оңласын Есіркепов сөз сөйледі. Ол Байзақ бабамыздың көрегендігі мен алдағыны болжай білетін қасиетін, Тараз қаласы мен облыстың төрт ауданының жұрты датқа қаздырған ұзындығы 160 шақырым тоғандардың игілігін әлі күнге көріп келетінін тіліне тиек етті. Байзақ датқаның шөбересі, Жуалы ауданында тұратын еңбек ардагері, елге сыйлы қария Кәмелхан Саттаров, Байзақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Бесбаев азаттық үшін арпалысып өткен бабаның есімін ұлықтап отырған астаналықтарға алғыс арнап, батасын берді. Бұдан кейін жолдың алыстығына қарамастан, елордаға облыстың әр түкпірінен барған жамбылдықтардың қатысуымен кілең жаңа үйлерден тұратын көшенің лентасы қиылды. Соңыра «Құман» тойханасында Байзақ бабаға ас берілді. Оған облыстан барған ұрпақтарымен қатар, Байзақ датқаның ерлігі мен халқы үшін атқарған ісін қадірлеуші танымал азаматтар да қатысты. Ақ дастархан басында мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді, Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаты, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің көмекшісі Амангелді Момышев, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Уәлихан Бишімбаев және басқалар Байзақ датқаның еліміздің тарихында алар орны ерекше екендігіне тоқталды.

Тұрсынхан Толқынбайұлы. Тараз-Астана-Тараз.

Ұқсас жаңалықтар