«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Халықаралық көрмеге дайындығымыз қалай?

Халықаралық көрмеге дайындығымыз қалай?
ашық дереккөз
Халықаралық көрмеге дайындығымыз қалай?

2012 жылдың 22 қарашасы алаш жұрты үшін ең елеулі күннің бірі болды. Дәл осы күні Қазақстан Республикасы Франция астанасы Парижде өткен Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының 152-сессиясында «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынып, ЭКСПО көрмесін өткізуге 103 қатысушы мемлекеттің қолдауын алып, айқын жеңіске жетті.

«Болашақ энергиясы» деген тақырыптың өзі ғаламдық проблеманы қозғайды. Адамзатқа түптің-түбінде табиғи ресурстардың таусылатынын ескерте отырып, қоршаған ортаны қорғауға шақырады. Соның негізгі жолы ретінде энергияны баламалы көздерден алуды ұсынады. Қазақстандағы балама энергия көзін қалыптастыру, қайтадан қалпына келетін қуатты ұтымды пайдалану жобаның негізгі мақсатын анықтайды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Астанадағы дүниежүзілік «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындықты болашақтың энергиясын іздеу және жасау жөніндегі озық әлемдік тәжірибені зерделеу мен енгізу орталығын құру үшін пайдалану керек» деп айтуы бекер емес. Бүгінде елімізде энергияның баламалы көздерін пайдалану көрсеткіші артуда. Өскемен қаласының іргесіндегі «Қазақстан SOLAR SILIKON» ЖШС осы мақсатта құрылған болатын. Бұл жерде күн батареяларына қажетті, күн сәулесін энергияға айналдыратын фотоэлектрлі ұяшықтар жасалады. Күн батареяларына қажетті кремний шикізаты тек Қазақстанда және Австралияда кездеседі. Бұл жағдай біздің мемлекетіміз үшін өте тиімді болып отыр. Енді «Қазақстанда шығарылған» деген жазуы бар күн батареялары толықтай дерлік елімізде ғана өндірілмек, яғни, кремний шикізатын игеруден бастап дайын тауар жасауға дейінгі үдерістердің бәрі өз елімізде іске асырылады. Деректерге сүйенсек, халықаралық көрме өтетін жердің аумағы 174 гектар екен. Оның 25 гектарына «ЭКСПО-2017» нысандары орналасады, атап айтқанда, Ұлттық павильон, жабық аллея, Конгресс холл, әлемнің 100-ден астам елі орналасатын 14 халықаралық және 4 тақырыптық павильон. ЭКСПО кешенінде ұзын саны 38 нысан салынып жатыр. Мамандардың айтуынша, ЭКСПО аумағында салынып жатқан тұрғын үй кешендері де болашақта ел игілігіне жұмсалады. Ал оған дейін ол үйлерде ЭКСПО-ға қатысушылар тұрақтайды екен. Үкіметтің 2014 жылдың 26 наурыздағы қаулысына сәйкес, көрме аумағында салынатын тұрғын үйлердің сыртқы материалдары табиғи тастан тұруы тиіс. Яғни, тұрғын үйдің әрбір шаршы метрі BREEAM (ғимарат тиімділігін экологиялық бағалау) стандартына сәйкес салынады. Бұл – 1990 жылы британиялық BRE Global ұйымы жасаған «жасыл» үйлерді бағалау рейтингісі. Осы стандартқа сәйкес, тұрғын үйлер вакуумды қоқыс тазалау жүйесімен, энергия үнемдеу жүйесімен, суды екінші мәрте пайдалануға мүмкіндік беретін құрылғылармен жабдықталады, мәселен, бұл үйлерде жаңбыр суын техникалық мақсатқа және өсімдіктерді суаруға пайдаланатын технология енгізіледі. Сонымен бірге, ғимараттың энергетикалық тиімділігін қамтамасыз ету және энергетикалық ресурс шығындарының үлес салмағын азайту үшін энергия үнемдеуші шынылар мен энергияның тиімсіз пайдалануының алдын алатын фотоэлементтер пайдаланылады. Жалпы, «ЭКСПО-2017» көрмесі арқылы елімізде баламалы энергия көздерін құру, қоршаған ортаны, адамзатты, жан-жануарларды өндірістік қалдықтардан, жылыжай газдарынан қорғау, көліктерді биожанармайлармен қамту, сондай-ақ, веложолдарды салу, экономикадағы жалпы ішкі өнім пайызын жоғарылату, халықты жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, туризмді дамыту, «Жасыл экономика» аясында шетелдік инвесторларды тарту көзделген. Еуразия ұлттық университетінде 2012 жылдың 27 қыркүйегінде Білім және ғылым министрлігі және ректор, профессор Ерлан Сыдықовтың қолдауымен 42 монокристалдық негізгі эталондық модульдері бар күн батареясы орнатылды. Нәтижесінде, оқу ғимаратының ішкі желісі түгелдей дерлік жылына жалпы қуат көлемі 12350 киловатқа жететін баламалы энергиямен қамтасыз етілді. Қазақстанның өзге өңірлері де баламалы қуат көздерін шаруашылықта кеңінен пайдалануда. Орайы келгенде облысымыз да баламалы энергия көзін өндіруде алда тұрғанын айта кеткен жөн. Әсел Ибадуллаева, Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар