«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ӘУЛИЕЛЕР МЕКЕНІ ХАНДЫҚТЫҢ СЫРЫН ШЕРТЕДІ...

ӘУЛИЕЛЕР  МЕКЕНІ ХАНДЫҚТЫҢ  СЫРЫН  ШЕРТЕДІ...
ашық дереккөз
ӘУЛИЕЛЕР МЕКЕНІ ХАНДЫҚТЫҢ СЫРЫН ШЕРТЕДІ...

Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА, 

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Жыр алыбы Жамбыл-дың есімін жиі еске түсіретін қасиетті Жамбыл өңірінің көне Тараз қаласында Елбасымыз, кемеңгер Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге 17 елден келген сыйлы қонақтар Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған игі-шаралардың куәсі болғаны баршаға мәлім. Біздің Ақ Жайықтан да арнайы барған делегация тарихтың бесігінде тербетілген қасиетті мекенде болып, үш күнге ұласқан тойды елмен бірге көріп, қайран қалды. Тараз – әулиелер мекені десе, шынымен де әулиелер мекені екен! Өйткені, қасиетті дала төсінде, дәл осы жердің топырағында «шынайы махаббаттың» құрбанына айналған Айша бибі мен Қарахан атамыз жатыр. Тап осы Жамбыл жерін жаудан қорғаған Тектұрмас атаның бейіті тұр тау басынан қарап. Бұған Дәуітбек пен Ақыртас сарай кешенін, мыңнан астам тарихи-мәдени мұраларды қосыңыз. Айнала толы ескерткіштердің тастарымен кірпіштей қаланған көне Тараз ата-бабалар жүріп өткен киелі мекен екенін еріксіз мойындатады. Осынау әулиелі өлкеде енді, міне, Керей мен Жәнібек хандарымыздың ескерткіші бой түзеді. Тәуелсіздігімізді аңсаған бабаларды еске түсіретін «Қазақ хандығы» монументінің ашылу салтанатына Елбасымыздың өзі арнайы қатысып, жылы лебізін арнады. Сол бір сәтте ескерткіш маңына жиналған халықтың жүздеріндегі қуанышты, көңіліндегі шаттықты, толқынысты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Дүйім жұртшылық, үлкен-кіші Елбасының әр сөзін ұйып тыңдап, бойларына күш-қуат алып, рухтанды. Елге деген патриоттық сезімі асқақтай түсті.

Өткен тарихсыз бүгінгі қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманның қадір-қасиетін ұғыну мүмкін еместігін ойға оралтқан Елбасымыз осынау мерекені тарихымыздың терең екендігін әлемге паш ету мақсатында өткізіп отыр­ғанымызды және ұрпақтың ата-бабалар аманатына адалдығын, оның Ұлы дала тарихына тағзымының нышаны екенін баса айтты. Дәл осы сәтте жасампаз Қазақстанның аз уақыт ішінде жеткен жетістігіне іштей тәубе дескен алаш жұрты тебіреніп, көздеріне жас алды. 

Иә, тәуелсіздіктің көк байрағы желбіреген алаңда биіктігі 30 метрді, аумағы 3,5 гектарды алып жатқан өте сәнді, архитектуралық шеберлігі бөлек, аппақ стелламен көмкерілген «Қазақ хандығы» монументі бой көтерді. Бұл монумент – кім-кімнің де жүрегіне, патша көңіліне мақтаныш сезімін ұялатады. Кең алаңның о шеті мен бұ шетіне таңсәріден асыға жеткен дүйім ел-жұрт, бала-шаға күн батқанға дейін Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібектің алып ескерткіштеріне тамсана қарап, суретке түсумен болды. Еліміздің әр түкпірінен, шетелдерден қонақтар келе бастаған сәттен-ақ қабағы жадырай түскен табиғат-ана 7,8,9 қазан күндері айналаға шуағын шашып, нұрлана түсті. Осы күндері небір ғажайыпқа, археологиялық қазба байлықтарға толы «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығының – ашық аспан асты саябағы мен «Қазақ әлемі» тарихи-этнографиялық кешені ашылуының, «Ұлы Дала елі» республикалық тарихи-мәдени экспедициясының «Достық үйінде» мәреге жетуінің куәсі болдық. Облыстық қазақ драма театрында Қ.Ысқақ пен Ш.Құсайыновтың «Қазақтар» атты тарихи-драмасының премьера­сын, «Баласағұн» орталық концерт залында «Мәңгілік Ел» атты ақындар айтысын тамашаладық. Жадымызда жаңғырған сәттер жетерлік. Әсіресе, Тұңғыш Президент саябағының алдына кеп тоқтаған шалқұйрықтарды айтсаңызшы! Ұлы Жібек жолын жаңғыртып, сонау Қытайдың Сиань қаласынан Қазақстанға қарай қадам басқан қоңыр маялар да Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына ат салысып, Тараздың тақтайдай тегіс асфальтты көшелерімен мойындарына таққан түймелерін сылдыратып, аяқтарын маң-маң басып, асықпай жүріп келді. Осы бір сәтті ұзақ қызықтаған бала-шаға, жас-кәрі тура ауыл көшіп келгендей әсерде болды. Әулиеата жерінен «Шәй үйін» ашуды көздеген 136 түйе, сегіз ат арба мен жүзден астам қарауылы қасында жүрген керуен онсыз да той қызығы қыза түскен өңірге ерекше сән берді. Керуендегілер қазақ халқымен достығын, татулығын осылайша дәлелдеп, хандықтың тойын бірге бөлісті. Соңғы күнгі кеште тараздық­тар мен шақырылған меймандар орталық стадионға асыға жетті. Мыңнан астам көрерменге арналған стадионның іші халыққа лық толды лезде. Белгілі қаламгер Ж. Ерғалиевтің «Қилы жол» атты тарихи-драмалық қойылымы сан мыңдаған жанарларды сахнадағы көрініске жіпсіз байлады. Ашық аспан астындағы ат шаптырымдай жасыл алаңдағы қойылымға 400 әртіс пен 60 атты әскер қатысқанының өзі неге тұрады?! Үш күн бойы көшелерінде ән-күй әуелеп, кең дала төсінде тұлпарлар жарысып, тіпті «Еуразия барысы» да өткен әулиелер елінде тарихта қатталатындай, жүректе сақталатындай шынайы сәттер өте көп болды. Таразда өткен осынау жақсылықтар жадымызда жаңғыра түсті. Қасиетті аталардың рухын, киелі жерін дәріптеген көне мекенді ерекше көңілмен құрметтейтін Жамбыл өңірінің үлкен-кішісіне, қонақжай халқына, осы тойды ұйымдастырушыларға бек риза пейілмен жолға шықтық. Олар да ару мекен Ақ Жайыққа дұғай-дұғай сәлем айтты. Сонымен, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған торқалы той, ұрпаққа ұлағат болар дүбірлі шара көне Тараз қаласында елдігіміздің туын одан сайын асқақтатты.

Орал-Тараз-Орал.

Ұқсас жаңалықтар