«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Еңбек адамдарының насихатшысы

Еңбек адамдарының насихатшысы
ашық дереккөз
Еңбек адамдарының насихатшысы
Басылым-Жаңатас2-(1)Қай уақытта да мерзімдік басылымдарға жазылуда белсенділік көрсететін сарысулықтар биыл да осынау үрдістерінен жаңылыспай отыр екен. Оған аудан әкімінің орынбасары Динара Асановамен кездесіп, сөйлескенімізде көзіміз жетті. – Оның ішінде облыстық «Ақ жол» газетіне жазылуда облыс бойынша екінші орындамыз, – деді ол, – сәтін салса, желтоқсан айының біріне дейін белгіленген тапсырманы орындап шығамыз. Динара Қырықбайқызы одан әрі аудан өмірінен хабардар етті. Аудан еңбеккерлері ауыл шаруашылығы жұмыстарын елеулі табыстармен аяқтап, ендігі жерде өндірісті дамыту арқылы дағдарысты еңсеруге бекем бел буып отыр. Облыс өмірінің айнасы саналатын «Ақ жол» газеті қызметкерлерінің оқырман­дарымен кездесуі қаладағы орталық кітапхананың оқу залында аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел түрінде өтті. Оған мемлекеттік қызметкерлер, ардагерлер кеңесі мен қоғамдық жастар бірлестіктерінің өкілдері, мәдениет және білім қызметкерлері қатысты. Онда газеттің «Әлеумет» бөлімінің меңгерушісі Баймаханбет Ахмет Елбасы саясатын жүзеге асырудағы, оны насихаттап, түсіндірудегі, сондай-ақ ақпараттың бүгінгі таңдағы рөлі мен маңызы жөнінде жан-жақты әңгімелеп берді. Қалың оқырманның қолдауына арқа сүйейтін басылымның облыста болып жатқан сан алуан оқиғаларды, жаңалықтарды жұртшылыққа жедел жеткізуге күш салатынын жеткізді. Әсіресе, тұрғындарға Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының мәнін, маңызын тарқата түсіндірудің өте өзекті екеніне тоқталды. – Облыс тыныс-тіршілігінің бояуын кетірмей оқырманға жедел жеткізуде «Ақ жол» газеті, сөз жоқ, соңғы жылдары жаңа сатыға көтерілді, – деді кездесуде сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Құдайберлі Әбілов, – ішкі мазмұны да өзгерді. Әсіресе, Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты жазылған танымдық мақалаларға көңіліміз толады. Белгілі тұлғалар туралы да аз жазылып жатқан жоқ. Біз, ауылдағы оқырмандар, газетімізден басқа да соны жаңалықтар, ізденістер күтеміз. Әсіресе, өңірдің экономикалық-әлеуметтік, қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысып жүрген ардагерлердің тағылымға толы өмірі туралы көбірек жазсаңыздар жөн болар еді. Шаруа қожалықтары мен өндірістік кооперативтерде, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде тер төгіп жүрген малшы, тракторшы, жүгеріші, кәсіпкер секілді қарапайым еңбек адамдары, олардың еңбектегі ерліктері жайлы жастарды еңбекті қадірлеуге, сүюге тәрбиелейтін материалдарды көбірек берсеңіздер құба-құп болар еді. – Мен де облыстық газеттің оқырманымын, – деді «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестің төрағасы Мәлік Тоқтарбаев, – жақсы мақалалар көп, оны тұшына оқимыз. Алайда жоқтан бар жасап, жаңа кәсіптің түрін ашып, өзгелерге үлгі-өнеге көрсетіп жүрген еңбек адамының, кәсіпкерлердің бет-бейнесі бедерленген адамдар туралы мақалалар көбірек шықса дейміз. Шыны керек, олар жайлы жалпылама жазылады. Сонымен бірге мектептегі ұлағатты ұстаздар, адам жанының арашашысы дәрігерлер, мейірбикелер, балабақша тәрбиешілері туралы да неге көбірек жазбасқа? Бүгінгі күннің жақсыларын, ерлерін насихаттап жатсаңыздар нұр үстіне нұр. Аудандық «Сарысу» газетінің тілшісі Камели Сүлейменова аудан өміріне қатысты ақпараттарды жиі беріп тұрғандарыңыз жөн десе, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің маманы Мадияр Ишанбеков: «Мәңгілік Ел» құрып жатқан мемлекетпіз. Ол идеяның түпкі тарихы Алаш көсемдерінің іс-әрекеттерінде жатыр. Олар осыдан бір ғасыр бұрын нарықтық қатынастың қыр-сырына үңіліп, қазақты кәсіппен айналысуға үндеген. Сондықтан, ел зиялыларының еңбектерін қазіргі заманмен үйлестіріп, өзекті мәселелерін неге көтермеске?» – деген пікірімен бөлісті. Сондай-ақ, «Жас жігер» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Руслан Исаев, аудандық орталық кітапхананың библиографы Жанар Тәшенова өздерін толғантқан ойларын ортаға салды. Әңгіме барысында газеттің Талас және Сарысу аудандарындағы меншікті тілшісі, осы жолдардың авторы қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап бере отырып, газеттің мазмұнды, ойлы шығуы оқырмандардың белсенділігіне тікелей байланысты екендігіне тоқталды. «Оқырман ойы мен ұсынысы – газеттің олжасы. Сіздер де редакцияға айтар ұсыныстарыңызды жолдап отырсаңыздар, онда одан екі жақ та ұтар еді», – деді. Әсерлі өткен басқосуда аудандық ардагерлер кеңесі­нің төрағасы Қ.Әбілов кездесуге ат арытып келген газет қызметкерлеріне рахметін айтып, ұжымы­ның жұмысына шығармашылық табыстар тіледі.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Жаңатас қаласы, Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар