Елімізде валютаға қатысты сұраныс пен ұсыныс теңесіп, орташа бір деңгейге келді. Енді күн сайын курстың бірнеше теңгеге секіруі болмайды. Өйткені бірнеше факторлардың әсерінен кейін теңге бағамы тұрақтанып, өзінің позициясын бекіте түсті.
Бұл жайында кеше кешкісін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәлімдеді.
– Қазіргі уақытта валютаға деген ұсыныс пен сұраныс теңесті. Енді валютаны алып-сатарлар азаятын болады, – дейді бас банкир Ақышев. – Валютаны айырбастап, курс арқылы пайда табу мүмкін болмайды. Теңгенің тұрақтануына мұнай бағасының өзгеруі мен көрші елдердегі экономикалық жағдайлар әсер етіп отыр. 5 қарашадан бастап Ұлттық банк қаржы нарығына өзінің қатысуын тоқтатты. Біз валютаға деген сұраныс пен ұсыныстың өзара теңгерім табуына кедергі келтірмей, мүмкіндік бердік. Бұл еліміздің алтын-валюта қорының сақталып қалуына және отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін шыңдауға жол ашады. Біз бұл саясатты ары қарай да жүргізе береміз. Тек қаржы нарығында заңсыздықтар мен тұрақсыздықтар тумауын қатаң қадағалаймыз. Енді Ұлттық банк қалыптасқан валюта тұрақтылығын сақтап қалуға күш салуда. Мемлекет басшысы осы мәселе бойынша жұмыс атқаруға тапсырма берген болатын. Бұл тапсырмаларды орындауға бар мүмкіндікті пайдаланамыз. Сондықтан да бүгінде ақша-кредит саясатын бір қалыпқа келтіруді қолға алдық. Бұл жұмыстар жалғаса беретін болады. Енді елдің қолында 20 мың теңгелік жаңа купюра пайда болады. Ұлттық банк төрағасы соңғы кездері ел арасына жайылып кеткен қауесетті жоққа шығармай, расында да ол мәселенің талқыланып жатқанын жеткізді. Осыған орай таяу уақытта арнайы мәлімдеме де жасалады. Банк төрағасына брифингте ең көп қойылатын сауалға байланысты Д.Ақышев депозиттік салымды бәрібір де теңгемен ұстау керектігін ескертті. Өйткені алда ұлттық валютаны тұрақтандыру мен қатар нығайту және сатулар мен өзге де алымдарды тек теңгемен жүргізу жайы қарастырылады. «Бұл тек қана мәмілелерге ғана емес, сонымен бірге баға құрылымдауға, баға көрсетулерге де қатысты. Біз Қазақстанда тұрамыз және біздегі баға теңгемен болуы тиіс. Меніңше, бұл дұрыс құбылыс әрі оған азаматтарымыз қарсы болады деп ойламаймын. Ары қарай экономиканы долларсыздандыру саясатын жалғастыра береміз. Ол үшін біз экономикалық ынталандыру тетіктерін қолдануға дайынбыз. Яғни шетелдік валютаға қарағанда теңгемен сақтау тартымдылығын арттыратын тетіктер бар. Енді осы тетіктерді іске қосуға және мүмкіншілігінше оны жақын арада жүзеге асыруға кірісеміз. Елбасы ҚР Ұлттық банкіне теңгеге деген сенімін қайта орнықтыру тапсырмасын берді. Біздің пікірімізше, бірінші кезекте қазір мемлекеттік ақша-несиелік саясатын жүргізетін институт ретінде ҚР Ұлттық банкіне сенімді қалпына келтіруден басталуы керек. Сәйкесінше, біз бұқаралық ақпарат құралдары көмегімен біздің қоғамға, халыққа атқарып жатқан шараларды жеткізе алатындығымызға сенім артып отырмыз, сондай-ақ инфляцияны реттеу бойынша, теңге төлемпаздығын реттеу тұрғысында, айырбастау бағамы жағдайы бойынша тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуге дайынбыз» дейді Ұлттық банк төрағасы. Данияр Ақышев қоғамда күрт өскен инфляцияға қатысты да өз ойын білдірді. Бағаны тұрақтандыру Ұлттық банктің басым бағыты болып саналатындығын айтқан ол, инфляцияны төмен деңгейде ұстап тұруға барымызды саламыз деп отыр. Мәселен, 2015 жылдың 10 айында инфляция 8,2 пайызға жетті. Негізі, үстіміздегі жылдың тамыз айына дейін құнсызданудың төмен қалпы сақталып тұрды. Кейіннен теңге құнсыздана бастаған кезде ол да өсе түскен. Әсіресе, қыркүйек пен қазан айлары инфляция күрт көтеріліп кетті. Негізі, биылғы жылдың соңына дейін құнсыздану 6-8 пайыз көлемінде күтілген. 2016 жылы осы деңгей сақталады деген жоспар бар.
Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді