Президент, Луиза және балмұздақ
Елбасымен кездесу талай адамның (үлкеннің де, кішінің де) өмірінде айрықша елеулі із қалдырғаны анық. Сондай бір жай тоқсаныншы жылдардың басында меркілік Луиза Ерсінқызы Мірәлиеваның да басынан өткен еді. «Бар-жоғы жеті жастамын. Аудан тұрғындарының Мемлекет басшысымен кезекті бір кездесуіне әкеме еріп бардым. Ол кісі қазіргі Андас батыр ауылындағы аудандық электр жүйесіне қарасты бөлімшені басқаратын еді. Алғашында «Бала-шаға баратын жиналыс емес» деп мені онда апарғысы келмеген. «Нұр-атаны жақыннан көргім келеді» деген өтінішіме құлақ асты, ақыры», – деп сол кездесуді күлімсірей есіне алды ол. Кішкене қыз жиында айтылған жайлардың бірін түсінді, бірін түсінбеді. Не де болса Нұрсұлтан атасын жақыннан көргеніне мәз. Жиын біткеннен кейін де жұрттың Елбасын ортаға алып, құрмет көрсетуі жалғасқан. Сол тұста үлкен кісі көпшіліктің ортасында әркімге бір қарап, жаутаңдаумен тұрған мұны көріп қалып, қасына шақырып: «Атың кім?» – деп сұрайды. «Луиза». «Нешінші сыныпта оқисың?». «Бірінші». Елбасының өзімен ашық сөйлесуі, мейірімді жүзі, жылы көзқарасы баурады ма, қаршадай қыз ендігі бір сәтте тосырқауын қойып: «Ата, біз сізді сүйеміз. Сізге денсаулық тілейміз. Сіз жақсы адамсыз», – деп көңіліндегі ізгі тілегін де жеткізеді. Бәрінен де қызығы – кішкене қыздың қызды-қыздымен «Қашан біздің ауылда балмұздақ болады? Менің көп-көп «мороженое» жегім келеді» деп мәселені қабырғасынан қойғаны болды. Жұрт ду күлісіп, оның батылдығына риза болып, шапалақ ұрып та жіберді.
Елбасына да Луизаның алғаусыз көңілмен айтқан сөзі ұнай түскен секілді. Жайдарылана күліп, оны қолына алып көтеріп, маңдайынан сүйіп: «Бәрі де болады, қызым. Тек сабағыңды жақсы оқы. Жарай ма? Бақытты бол!» – деп батасын берген еді. Бүлдіршін қыз да Нұр-атасына сабағын тек жақсы бағаға оқуға уәде етті. Көп өтпей оның өтініші де орындалған. Сол жазда қырғыз елімен шекаралас шалғай ауылға аудан орталығынан автодүкендер күн құрғатпай қатынап, балмұздақ дегеніңді үйіп-төгіп әкеліп, сатумен болыпты. Әсіресе, кішкентайлар бір жырғаған. Олар мұның өз құрдастары Луизаның «қоғамдық белсенділігінің» жемісі екенін де білмеді.
Ең бастысы, сол күнгі кездесуден бастап Луизаның көңілінде ілкі өзгерістер орын алады. Елбасының сол жолы айтқан сөзі өзін ұдайы биіктерге талпындырып, әлі күнге жолын нұрландырумен келе жатқандай сезінетіні бар. Қалайда айтқан уәдесінің үдесінен шығуға күш салды. Победа ауылындағы №21 орта мектепті «Алтын белгіге», Тараз мемлекеттік университетін «Қаржы және несие» мамандығы бойынша үздік дипломға бітіреді. Осы оқу орнынан екінші жоғары білім – «Халықаралық құқық бакалавры» мамандығын да қоса меңгеріп шыққан.
Ол алғашқы еңбек жолын «Қазкоммерцбанк» АҚ Тараз бөлімшесінде есепші-операцияшы болудан бастап, Шымкенттегі «Alyance Retail Group» ЖШС-ның несиелеу менеджері, бөлім басшысы, «Оңтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясы АҚ-ның менеджері, серіктес компаниялардағы бизнес үдерістерін әкімшіліктендіру басқармасының басшысы, «Asyl Arman» корпорациясы» ЖШС-ның қаржылық директоры секілді қызмет баспалдақтарынан өтіпті. Бүгінде «Сбербанк Россий» АҚ Шымкент филиалының кредиттік менеджері екен.
Отбасында Дильназ, Динара, Ақназар, Санжар есімді перзенттері желкілдеп өсіп келеді. Бір кездегі Елбасы бата-тілегінің қабыл болып, өмірде өркен жайып, қызметте өсуіне шарапаты тигенінің бір көрінісі осындай.
Қазір еліміздің барлық өңірінде де жағдай жақсы ғой. Әсіресе, балалар не ішем, не кием демейді. Луизаның кейде осы кішкентайларына Шымқаланың шіліңгір шілдесінде шөл бассын деп тәтті балмұздақтар алып беріп, алдарқататыны бар. Сол тұста бағзы бір кездегі «балмұздақ оқиғасы» есіне түсіп, Елбасына деген ризашылық сезімі көкірегін кернеп-ақ кетеді. Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол». Тараз-Шымкент-Тараз.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді