Данияр Жұмабаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облысымыздағы өкілі, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы:
Ислам діні – көркемдікті, бейбітшілікті қалайтын дін. Ол әлемдегі барлық адамдардың тыныштығына, бірлігіне, жүректерінің тазалығына негізделген. Сондықтан, Париж қаласында болған террорлық оқиға ислам қағидаларына жат көрініс. Асыл дінімізде бейбіт жағдайдағы адамдарға ажал құштыру былай тұрсын, масаны жазықсыз өлтірген кісіге де ауыр жаза бар. Париждегі қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мәлімдеме жасады. «Барша адамзат баласын бейбіт өмір сүруге, түрлі ұлт, дін өкілдерін бірлікке үндейтін ислам діні жазықсыз адам қанын төгуге қарсы. Қасиетті Құранда: «Жазықсыз бір адамды өлтіру – бүкіл адамды өлтірумен тең», – деп баяндалған. Париж қаласында болған террорлық оқиғаны ұйымдастырушылардың әрекетін қатаң айыптаймыз. Қаза болған адамдардың отбасына, туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз» делінген мәлімдемеде. Францияның астанасында болған қайғылы жағдай барысында 150-ден астам бейбіт адамдардың қаза тапқанына әлем мұсылмандары үлкен өкініш танытуда. Әлем елдерінің татулығы, амандығы, достығы өте бағалы. Ислам діні де жер бетіндегі халықтардың ізгі жолда жүруін қалайды. Сондықтан, ислам әлеміне жат пиғылын көрсеткен теріс ниеттілердің қадамы дініміздің ұлағатты бағытына қарама-қайшы. Террорлық топтың бұл әрекеті діни тұрғыдағы сауатсыздықтан, өздерінің теріс бағыттарын жүзеге асыру жолындағы қатыгездіктен туындағаны алаңдатады. Бұл оқиға әлем елдерінің арасында тыныштықтың, татулық, ынтымақтың, дінаралық татулықтың өте қажет екенін көрсетті. Жер жүзіндегі халықтарды ізгі қасиеттер, өзара дұрыс түсіністіктер сақтайды. Сол ізгіліктің түпкі мәні асыл дініміз исламда жатыр. Біздің облыс имамдары, дін өкілдері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәлімдемесін қолдайды. Әлем елдерін бейбітшілікке, достыққа, дінаралық татулыққа шақырады. Сондықтан, облыс имамдары және мешіт жамағаттары атынан әлем назарын аударған қайғылы оқиғаны жүрегіміз ауырып қабылдаймыз. Әлем халқына бейбітшілік, береке, амандық тілейміз. Алла тағала елімізді, халқымызды, барша адамзат баласын бүліктен, жамандықтан сақтасын деп тілек тілейміз. Әлемде тек ізгілік, жақсылық болсын, әумин!
Ұқсас жаңалықтар
Енді шақыртуға барған әр дәрігерде видео, аудио тіркегіш болады
- 2 желтоқсан, 2025
«Ауыл аманаты» жобасының арқасында мал басы көбейді
- 2 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




