«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қасқырмен жекпе-жекке шыққан азамат

Қасқырмен жекпе-жекке шыққан азамат
ашық дереккөз
Қасқырмен жекпе-жекке шыққан азамат
Биыл ауыл малын торуылдап жүрген қасқыр деген «жарықтық» көп көрінеді. «Жол қадірін жортқан білер» демекші, қасқырдың көбеюінің кесірін жергілікті елді мекеннің тұрғындары көбірек сезінеді. Жақында Берікқара ауылдық округіндегі Қожағаппар елді мекенінің тұрғындары ерекше жағдайға куә болды. Бұл елді мекенде де анасы қалжа жеген қайсар азаматтар бар екен. Ауыл тұрғыны Болат Исмайлов Қаратаудың «Жетімшоқы» бөктерінде түз тағысымен бетпе-бет кездесіп қалады. Өзінің айтуынша, қапияда мұндай жағдайға кездесерін күтпеген жігіттің қолында мылтығы да жоқ еді. Бірақ, ит-құстың мінезінен, осал тұсынан хабары бар. Қасқыр да мұның қарусыз екенін сезгендей қозғала қоймайды. Керісінше бұған айбат көрсете бастайды. Ауыл малының жылы-жұмсағына дәніккен дүлей кімді аясын?! Аттың үстінен шоқпарымен қақпалап жүріп, қасқырдың бір құлағынан мықтап ұстайды. Сол сәтте екінші қолын қасқыр тісімен осып, жұлқылап, жаралап өтеді. Қолының жараланғанына қарамай, қайсар жігіт қасқырдың алқымынан қысып, тұншықтырып, әлсіретеді. Екі құлағынан қысып, қозғалтпай ұстап тұрады. Осы сәтте айқас үстіне ауылдасы Қуаныш Тастанбеков келе қалады. Екеуі түз тағысының тұмсығын тұмшалап, ауылға тірі жеткізеді. Сөйтіп, терісін қажетті жерге өткізеді. Бұл биылдыққа Болаттың төртінші қасқырды қолға түсіруі екен. Өзгелерін мылтықпен атып алған. Ал мына ит-құсты тірідей ұстап, көпті таңғалдырып отыр. Малды жегеніне емес, қырғанына мәз қасекең бұл ауылға да өз сайранын салыпты. Елді мекен бойынша биыл 20 жылқы түз тағысына жем болғанын айтпағанда, Рахымберді Тіркесбаевтың 60 уақ малын бір түнде қырып, кейбірін жаралап кеткеніне тұрғындар жағасын ұстаған. «Мың асқанға бір тосқан» демекші, Болат секілді батыл жігіттердің арқасында елді шулатып жүрген бірнеше түз тағысы жойылды. Болат Жолдыбекұлы – ауданға белгілі көкпаршы, қарулы жігіт. Енді міне түз тағысымен тауда жеке айқасып, жеңіп отыр. Ел ішінде жүректі жігіттердің көп болғаны қандай ғажап?!

Есет Досалы, «Ақ жол».

Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар